RU

Шымбұлақта жарысып коттедж салып тастаған байлардың зәулім сарайлары қиратылуы мүмкін

Тау етегінен қайта етек алған бейберекет құрылыс президенттің ашуын келтірді. Алматыға арнайы келіп, Универсиадаға дайындықты тексерген Нұрсұлтан Назарбаевтың оған да көңілі толған жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.

Сонымен қатар, елбасы мегаполисте бастықтар жүретін жолдарды жалтырата бергенше, шеткі аудандарға асфальт төсеуге тапсырма берді. Шаһар басшысы Бауыржан Байбектен бастап, оның орынбасарларына Алматыны аялап күтуге күш салуды қадап айтты. Арқа төсін уақытша Алатау бөктеріне ауыстырған президент Алматының басқа да түйткілдерін жіпке тізіп берді.

Алматыға арнайы келген елбасы бүгін Алатау ауданындағы Мұз сарайына барды. Сыйымдылығы 12 мың орындық нысанда 2017 жылы Қысқы Универсиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаты өткізілмек. Мың жарымнан астам жұмысшы жұмылдырылған сәулетті сарай жыл соңына қарай пайдалануға берілуі тиіс. Құрылыс барысын өзі қадағалап шыққан президент, жауапты шенеуніктерді бір сілкіп алды. Назарбаевқа әсіресе жарыстың ашылу салтанатына жұмсалатын қаржы көлемі ұнаған жоқ.

"Бізде бірдеме жасайтын болсаң жан-жақтан жолдастарын әкеледі. Мәскеуден, дүниежүзінен. Қыруар ақша төлеп соларға. Одан кейін қайда кеткенін ешкім есептемейді. Біз хандықтың 550 жылдығын өткіздік қой ешкімді шақырмай-ақ. Крутойды да басқасын да шақырған жоқпыз. Қайда жұмсайсыңдар 11 миллиард ақшаны", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының бұл сұрағына Мәдениет және спорт министрі сол күйі мандытып жауап бере алмады.

"Қазақ хандығын жасағандай өз күшімізбен жасаймыз. Соны істеген технология бар, кастюмдер бар. Соларды пайдаланамыз", - деді  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Универсиданы өткізуге бөлінген әр тиын тістегеннің аузында, ұстағанның қолында етпеуі керек. Бұл ретте, дарақылыққа салынып, ақшаны оңды-солды шетелдіктерге шашуға болмайды деп қатаң ескертті президент.

"Әрине, жетім қыздың тойындай жасауға болмайды. Дүниежүзінің алдына шығарып отырмыз. Керек болса жалдау да қажет шығар. Бірақ кім болса соған қаражатты шашудың қажеті жоқ. Сен соған жауап бересің басыңмен жарай ма?", - деді Назарбаев.

Жалпы Универсиадаға әлемнің 55 елінен екі мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысты жер-жаһанның 1 миллиард тұрғыны телеарна арқылы тамашаламақ. Бұдан бөлек спортшыларға қолдау көрсету үшін Алматыға 30 мың турист келеді деп жоспарланған. Алайда сол нөпірді Алматы әуежайы қабылдауға қауқарсыз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені тездетіп шешуді тапсырды.

-Бар күшімізді салып жатырмыз. Мы прилагаем все усилия.

-Нақты айтшы, әуежайға қатысты. Не істеу керек?

-Трап аз, кезек көп...

Бүгінгі жиында Алматының даму жоспары да талқыланды. Бауыржан Байбек елбасыға атқарылған шаруалар жайлы баяндап, қаланың мың жылдығын тойлауға дайындалып жатқанын жеткізген еді. Президент шаһар басшысының сөзін бөліп, Алматы үшін атаулы мерекені әр тұрғын сезінетіндей өткізуді тапсырды. Яғни мыңжылдықты желеу етіп тек той тойлаумен шектелмей, шеттегі аудандардың инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлу керек.

"Бастықтар жүретін жолды жалтырата берудің қажеті жоқ. Одан да бар ақшаны шұрық-тесік жолдарды қалыпқа келтіріңдер. Аудандарды тазалап,көгалдандырып,фонтандарды жөндеңдер. Бұл өзгерісті қарапайым халық сезінуі керек. Орталықта бәрі жақсы. Бастық келеді десе, асфальтті жөндей бастайсыңдар. Бұлай істеудің қажеті жоқ", - деді президент.

Әкім Ұлттық банктің жайын қозғаймын деп те сөз естіп тынды. Сондай-ақ елбасы Шымбұлаққа зәулім сарай салып, тұмса табиғатты көлікпен ластауға жол берген шенеуніктерге де шүйлікті. Себебі қазір демалушылар Алатаудың бөктеріне арқан жолмен емес, темір тұлпарларымен баруды әдетке айналдырған.

"Построили канатную дорогу Медео, чтобы там, где находится каток, не было автомашин. Ты посмотри, что делается. Что за безобразие? Зачем мы построили канатную дорогу? Чтобы никто на машине не лазил, чтобы тонкая экология Шымбулака не портилась. Весь лес загубим там, задымим. А все равно начальство выбивает какие-то проездные и проезжает. Я запретил строить коттеджи на Шымбулаке, продолжают строить. Кто за это отвечает?", - деді Назарбаев.

Бұдан былай Шымбұлақ түгілі әл-Фараби көшесінен жоғары зәулім ғимараттар салынбайтын болды. Яғни президент көп қабатты нысандар таудан ескен самал желге тосқауыл болады дейді. Сондықтан қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін құрылысты да қалай-болса солай жүргізуге жол жоқ.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәртіп сақшыларына да тапсырма жүктеді. Яғни Универсиада кезінде қонақтар өзін қауіпсіз сезіну үшін қалада темірдей тәртіп орнауы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1048118-shymbulaqta-zharysyp-kottedzh-salyp-tas.html