RU

Алматыдағы ҚазҰТУ-да курстасын пышақтап өлтірген студент марқұмның өзін кінәлады

Алматыда курстасын пышақтап өлтірген студент ісіне қатысты жаңа мәліметтер айтылды. Істі болып жатқан Тілек Текішев қаза тапқан жігітке қорғану мақсатында пышақ сілтегенін айтып ақталды деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтуынша, марқұм Самұрат Жақсылықов әжетханаға апарып, таяқтың астына алған. Бет-жүзім қанға боялған соң амалсыз пышағын шығардым дейді айыпталушы.

Алғашқы сот отырысында айыпталушы жігіт ақталуымен болды. Тілек Текішев өзіне Самұраттың күш көрсеткенін айтады. Өзі оқитын Қазақ ұлттық техникалық университетінің кітапханасында емтиханға дайындалып отырғанда, курстасы Жақсылықов келіп орнын босатуды талап етіпті. Онысына келіспеген соң, әжетханаға алып шығып, бас-көз демей жұдырықтың астына алған. «Қорғанам» деп қалтасындағы пышағын сілтегенде қарсыласының күре тамырын қиып жіберді дейді айыпталушы жігіт. Ал еңсесі түсіп, өксігін баса алмай отырған Самұрат Жақсылықовтың әкесі ұлынан мұндай әрекеттің шықпағанына сенімді.

"Оның қандай жақсы бала екенін ауылдағы мұғалімдері де, бәрі біледі. Ешкіммен шатағы жоқ, шыбынды да өлтірмейтін момын еді. Қысқы емтиханын тапсырып болып, ауылға келейін деп отырған", - дейді марқұм Самұрат Жақсылықовтың әкесі Тұңғышбай Жақсылықов.

Өмірмен ерте қоштасқан Самұрат үш баланың кенжесі екен. Биыл университет бітірейін деп отырған жылы болатын. Жәбірленуші тарап енді соңғы сөзді соттың ырқына салып отыр.

Әзірге тараптар дәйектерін келтіріп жатыр. Бір аптадан кейін келесі сот отырысы өтпек. Егер Тілек Текішев айыпты деп танылса, 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1048181-almatydaghy-qazaq-ulttyq-tekhnikalyq-u.html