RU

Алматыда ермек үшін арыстан асыраған тұрғынды жыртқыш тістеп тастады (фото)

Алматы зообағы осы жылы тағы бір жануарға толықты. Хамзат атты арыстанды зообаққа қожайындары әкеліп тастаған деп хабарлайды NUR.KZ порталы NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Зообақ баспасөз қызметінің айтуынша, жануарды Алматы тұрғындарының бірі сыйға тартқан. Арыстан шамамен 8-9 айға толған.

«Әдетте жануарды ермек үшін асырап алған адамдар кейін сол жануардың өзіне ермек бола бастайды. Себебі жануар өскен сайын өзінің жыртқыш екенін сезінеді. Осы жолы да дәл солай болды. Арыстанның күшігі өз қожайындарына тап беріп, тістелеп тастаған. Сол себепті қожайындары оны дереу зообаққа өткізген», - деп хабарлайды Алматы зообағының баспасөз хатшысы Михаил Сорокумов.

Тексеруден кейін мал дәрігерлері жыртқыш аң дұрыс тамақтанбағандықтан аздап жетілмей қалғанын анықтаған. Арыстанды оқшау жерге орналастырып, осы күнге дейін ол ем алды. Барлық емнен кейін Хамзат өзіне келіп, нағыз жануарлар патшасына ұқсай бастады. Қазір жануар жыртқыштар үйінің торлы орнына жайғастырылған.

Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, арыстан өте көңілді әрі қызыққұмар мінезімен көзге түсіп үлгерген. Ол біртіндеп есейіп келеді және жалдары да өсе бастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1048597-almaty-zoobaghyna-qozhayyndaryn-tiste.html