RU

Алматылық жастар тұрмысы төмен отбасыларға 2 көлік азық-түлік жинап берді

Алматылық белсенді жастар мен танымал портал ұжымы тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қуантып тастады. Мұқтаж жандарға көмек көрсетуді азаматтық парызы санайтындар Алматының ортасына 2 жүк көлігін қойып, ішіне азық-түлік толтырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратып берді.

Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Президент жарлығымен 1-наурыз «Алғыс айту күні» болып бекітілген. Осыған орай, интернет-порталдарының бірі бастама көтеріп, Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен, «Қайырымды жандар» белсенді еріктілер тобымен бірлесіп «Той-мен бөліс» атты қайырымдылық шарасын өткізді.

Бірнеше сағат бойы Алматының қақ ортасына 2 жүк көлігін қойылды. Аталған көліктер қала тұрғындары әкеліп тапсырған азық-түлікке толтырылды.

"Әуел баста жарнамаға бөлінген қаражатты ірі сауда орындарында флешмоб түрінде жарқ-жұрқ еткізіп өткізуге жұмсаймыз деп шештік. Бірақ, «Алғыс айту» күні қарсаңында халыққа тосын сый жасағымыз келді. Мақсатымыз – жаңа істің басын жақсылықпен бастау! Ірі мал сойып, құран оқыттық. Компания атынан бір жүк машинасын ең қажетті азық-түлікпен толтырып, екінші жүк машинасын бос қойдық. Мұндағы мақсат – әркімге үлес қосуға мүмкіндік беру. Әлеуметтік желілер арқылы жаңа іс бастаған жас кәсіпкерлерге, халыққа үндеу жолдадық", - дейді Әділхан Базарбаев.

"Мен осы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Тобымызбен бірлесіп атсалысуға асықтық. Еріктілер ғана емес, жас кәсіпкерлер де қатысып жатса, ол үлкен жемісті іс. Шара барысында көптеген адамдар өз үлестерін қосты. Жақын жердегі дүкеннен пакеттерін қыстырып, қаптап келіп жатты. Осындай ұйымшылдықты көргенде көзіме жас келді. Бізде мұндай шаралар көп өтуі керек. Қайырымдылық жасау үшін уақыт пен ақша керек емес, ниет қажет. Бастаманың авторы «Toibiznes.kz» порталына алғысым шексіз. Осы эстафетаны өзге жас кәсіпкерлер жалғастырып кетеді деп ойлаймын", - дейді жастар арасында қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыруымен танылған, «Қайырымды жандар» белсенді еріктілер тобының ұйымдастырушысы Айдын Тоқсанбаева.

Шара сағат 10:00-ден 15:00 ге дейін бес сағатқа созылды. Бес сағат ішінде Зивара, Жан Ахмадиев, Айбар Серкебаев, Жанар Даукеева, Әсет Есжан, Олжас Абай, Диас Майкеев, Бек Нұр сынды бірқатар өнер жұлдыздары келіп, жүк көлігіне кішігірім үлестерін қосып, жиналған халыққа өнерін тарту етті.

"Бұл шараға қатысып, өз үлесімді қосу менің азаматтық парызым деп білемін. Қарнымыз тоқ боп жүргенінен не пайда, аш отырған бауырымызға бір қап болса да азық әпермесек? Алда осындай бастамаларға қуана атсалысқым келеді. Біз біріксек қоғам түзеледі. Мейірім артады", - дейді заманауи жырау Жан Ахмадиев.

"Жастар жақсы бастама көтерген екен. Мен де өз үлесімді қосуға асықтым. Мен әкелген азғантай дүние мұқтаж бауырларымызға демеу боп жатса, одан асқан бақыттың керегі шамалы", - деді әнші Зивара.

Айтпақшы, интернет жұлдызына айналған саяхатшы Лена әже де шараның қасынан табылды.

"Қазіргі жастар мені қуантады. Саналы ұрпақ тәрбиеленіп келе жатыр. Біреуге қол ұшын созу адам бойындағы ең асыл қасиет қой. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей бір тамшы үлесі олардың болашағын жарқын етеді. «Қолы ашықтың жолы ашық» демей ме қазақ. Мен ырзамын бүгінгі ұрпаққа", - дейді  саяхатшы әже Лена Тоқсанбаева.

Сағат 15:00-де екінші жүк көлігі азық-түлікпен толтырылды. Компания атынан қойылған жүк көлігінде 10 отбасына жәрдем көрсету жоспарланған. Екінші бос көлікке 22 отбасына жететін азық жиналды. Нәтижесінде 32 отбасы қыстан қысылмай шығатын азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Компания қызметкерлері еріктілермен бірге барып, азық-түлік таратып, мұқтаж отбасылар мен мүгедек жандардың халін біліп қайтты. Өздеріне осынша азық-түлік әкелгенін көрген жандар қуаныштан көзге жас алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1048633-almatylyq-belsendi-zhastar-turmysy.html