RU

Назарбаев мектебінде жұмыс істейтін америкалық алғашында Қазақстанға келуге қорыққан

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Нейтан Лолер Қазақстанға арнайы шақыртумен келген. Ол қазақтардың қонақжай халық екенін, қазақ еліне үлкен құрметпен қарайтынын айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

«Мен Бостон қаласының кішкентай ауылында тұрдым. Ол жақта қазір ата-анам бар. Мен олардың жалғыз баласымын, жасым 39- да. Бостонға әр жаз сайын барып тұрамын. Бұл жаққа келер кезде менде үлкен қорқыныш болды. Қазақстан туралы ғаламторда ақпарат аз, өтірік ақпарат көп болды. Бос кеңістікте миф әңгімелер толып тұрды. Келдім, көрдім, бір аптаның ішінде пікірім өзгерді. Алты жыл бұрын Қазақстан туралы бір кино шықты, атын атағым келмейді. Ол өтірік кино, оны өзім жек көремін. Google арқылы Қазақстанды тергенде сол кино шығатын еді. Соның өтірік екенін білгеннен кейін ол киноға қатты ашуландым», - дейді Нейтан Лолер.

Кинода қазақ дәстүрінің бұрмаланып көрсетілуіне қатты ашуланғанын Нейтан жасырған жоқ. Оның Қазақстанда жұмыс істегеніне бес жыл болған. Қазақ тілінде еркін сөйлейді.

«Мен қазақшаны өзім үйрендім. Қазақстанға келгенде кітап сатып алдым. Оны оқып, көшеде адамдармен сөйлесуден бастадым. Менің ойымша, тәжірибеде көп пайдаланатын болса, жеңіл үйренесің. Алғашында сөйлегенде қате көп болатын. Екі жыл ішінде еркін сөйлеуді үйрендім», - деген Нейтан екі ел азаматтарының айырмашылығын айтып берді.

«Қазақстанда адамдар өте қонақжай, олардың арасында көп досым бар. Үйлеріне шақырып, дастархан жайып, сыйлайды. Жақын досындай көріп, қашан да көмек беруге дайын тұрады. Олар үшін қонақ ең маңызды, әрқашан жоғары қояды. Олар қонақты күтіп алуды жауапкершілік санайды. Бізде тек жай қарай салады. Көмек береміз. Бірақ анда-санда телефон алмаймыз», - дейді ол күліп.

«Америкада қонақты өзімізге жауапкершілік ретінде қабылдамаймыз. Қонақ келіп, кететінін өзі біледі. Оларды шақыру, күтіп алу, шығарып салу біз үшін үлкен процедура. Америкада келушілерге көңіл аса бөлінбейді. Ал мұнда керісінше. Маған қазақтардың еті қатты ұнайды. Асылған ет пен қуырдақты жақсы көремін», - деген Нейтан қазақтардың ұнағаны сондай олардың арасынан кеткісі келмейтінін айтты.

«Мен болашақта да Қазақстанда тұрғым келеді. Америкаға қайтып бармаймын. Мен ресми түрде исламды қабылдаған жоқпын. Бірақ, исламның құндылықтары мен ішкі жан дүниеме сәйкес келеді. Мен мұсылман мерекелері кезінде мешітке барам. Айт намазына барып, шын ниетіммен сапқа тұрамын. Себебі, мен елдің мерекелерін сыйлаймын», - деді ол.

Нейтан қазақ қызға үйленген. Онымен АҚШ-та жүргенде әуежайда танысқан.

«Қазақстан туралы сөйлестік. Ол кезде қазақша білмеймін. Қазақ қызымен ағылшын тілінде сөйлестім. Әзірге баламыз жоқ. Әйелім туралы көп айтқым келмейді. Ол қарапайым адам, өте ақылды, өзі туралы көптің білгенін қаламайды. Мен өзім туралы ақпаратты ашып айта беремін. Ал, әйелім мен туралы ешкімге айтпашы деп жалынады», - деді отбасы туралы айтуды құпия қалдырған Нейтан Лолер.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1049049-amerikalyq-azamat-qazaq-tilinde-qala.html