RU

Айдын Айымбетов қостанайлық сәбидің тұсауын кесті

Еліміздің үшінші ғарышкері, Халық Қаһарманы, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ» акционерлік қоғамы президентінің орынбасары Айдын Айымбетовтің келуі қостанайлықтарға қуаныш сыйлады.

Ол алдымен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде болып, оқытушылар құрамымен және студент жастармен кездесті, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Жастардың көптеген сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Бала кезінен ғарышкер болуды армандап, алдына мақсат қойып, сол жолда табандылық көрсеткен Айдын Ақанұлының әңгімесі студенттерді де рухтандырғандай еді.

Айдын мұнан кейін «Достық үйінде» Қостанай жұртшылығымен, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Кездесуде қарт ақын Жолбарыс Баязид, ақын ұстаз Александра Суслова ғарышкерге арнаған өлеңдерін оқыды.

Суретші Николай Торшин Қостанай өңірі табиғатының көрінісін бейнелеген өз шығармасын тарту етті. Ғарышкер халқымыздың тұң-ғыштарын, ірілерін берген топыраққа келгеніне, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді. Көпшіліктің сұрағына жауап берді, емен-жарқын әңгімелесті. Осы кездесуде халқымыздың жақсы ырымы да орынды жасалды. Ата-анасының сұрауымен Айдын 11 айлық кішкентай Бекнұр Мәдениеттің тұсауын кесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1053696-aydyn-ayymbetov-qostanaylyq-sabidinh.html