Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнеп Ахметова "қатын болуға әуес" отандық әртістерді сөкті (видео)

Опубликовано:

Жазушы, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова  елді күлдіремін деп, талай нәрсені бүлдіріп жүрген әртіс еркектерді қатаң сынға алды. Соның ішінде жігіттердің әйел болуға әуес болып бара жатқаны қынжылтып жүргенін жасырмады.

Бұл туралы пікірін ол кезекті бір кездесуінде ашып айтып, оларға деген өкпе-назын да  жеткізді деп жазады Корреспондент басылымы.

«Айта-айта шаршадым, бірақ әлі айтып жүрмін. Теледидарды бұрап қалсам, жаңағы "Шаншардың" көрінісі болып жатыр. Бір кемпір сөйлеп тұр, оның өзі еркек. Байқайсыздар ма, біздің қазақтың жігіттері қатын болуға әуес болып алды қазір.

Іштерінде бірдеңе түрткілеп тұрады. Солардың бар ғой бір бәлесі бар. Әйтпесе дардай ер азаматтар неменеге сонша әйел болуға тырысады? Басына орамал салып, үстіне көйлек киіп. Ойбай-ау, сонда әйелдің рөлін ойнайтын қыз-келіншектер құрып қалды ма? Толып жатыр. Бірақ та үп-үлкен ер азаматтар әйел болуға құмар болады да тұрады. Ырбыңдайды да тұрады, ырбыңдайды да тұрады. Соны керемет келістіріп те жатқан жоқ», - деп ашынды Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

Сондай-ақ, қазақ салт-дәстүрлерінің жанашыры әлгі театр көрінісі ашуына тигенін жеткізді. Айтуынша, қойылымда үш келін қайын атасымен бірге сахнаға шапқылап шығып, оның бірі үлкен кісіні мойнына мінгізіп алған. Сөйтсе үш келін қайын аталарының туған күніне сондай тосын сый жасауға бел буғанға ұқсайды.

«Қараңыздаршы, о заманда бұ заман, келіннің мойнына мінген қазақтың шалын көрдіңіздер ме? Тіпті оқымаған сұмырай шалды көрдіңіздер ме? Жоқ, сұмырай шалдың өзі отырмайды өліп кетсе де келіннің мойнына. Қазақтың келіні қайын атаның кебісіне аяқ сұқпаған. Ененің төсегіне отырмаған, үлкеннің алдын кесіп өтпеген.... Соны көрген кішкентай қыздар қалай қабылдайды?» - деді Зейнеп Ахметова.

«Дүниенің бәрін білетін "Шаншардың" директоры Уәлибек соған келгенде неге білмей қалды? Немесе анау Жүсіп. Ата сақалы аузына түскен, немере сүйіп отырған жігіт. Сол айтпай ма? «Е, мынауымыз ұят болады. Мынау біздің салтымызға томпақ нәрсе. Мынау қазаққа қиянат, бұлай болмайды. Басқаша күлдірейік, мейлі ит болып үрейік, шошқа болып қорсылдайық. Бірақ, мынаны істемейік» деп айтуға болады ғой. Намыс жоқ бізде. Намыс болмай бара жатыр бізде» - деп ойын түйіндеді жазушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1060594-zeynep-akhmetova-qatyn-bolugha-aues-ota/

pixel