RU
"91" тобын қорғаған Асыл Беделхан халықтың сауаты төмен екеніне таң қалды
Жаңалықтар Мәдениет және шоу-бизнес

"91" тобын қорғаған Асыл Беделхан халықтың сауаты төмен екеніне таң қалды

Рассказать Вконтакте

Бұрындары «Дауыс International» тобының әншісі болған, бүгінде талантты музыкант Ерболат Беделханның келіншегі, екі баланың анасы Асыл ханым не дейді? Оның «Бейсенбідегі бетпе-бетте» айтқан сырына зер салыңыз деп жазады Abai.kz.

"91" тобын қорғаған Асыл Беделхан халықтың сауаты төмен екеніне таң қалды

– Асыл, сонымен сіз араша түскен «91» тобына қатысты дау тамам болды ма, ол ақыры немен аяқталды

– Даудың аяғы біткен жоқ. Топты топырлатып сынау жалғасуда. Бір жағынан, түсінемін: жаңалық атаулы сынсыз пайда болмаған. Бірақ уақыт өте келе, тыңдарман да, әріптестеріміз де түсінеді деп сенемін. «91» тобына қарсы келетін әншілер саусақпен санарлықтай ғана қалды. Сыртыңнан сөйлеп, бетке ештеңе айта алмайтындар да бар. Негізі, басқа, сырт елдерде тұратын қазақтардың көзі ашықтау. Олар: «Қазақстан мұндай жаңалыққа неге қарсы? Өрелері өспей қалған ба?» – деп күледі.

– Өзіңізді «Дауыс International» тобынан бөлініп кеткелі, сахнадан көре алмадық. «Көзден тайса, көңілден кетеді» демекші, неліктен «жоқ боп» кеттіңіз?

– «Дауыс International» тобында үш жыл ән айттым. Келісім-шарт осы уақытқа жасалған болатын. Ары қарай жеке шығармашылығыммен айналысқым келді. Келісім-шарт мерзімі аяқталғанда, топтан біржола кеттім. Жеке әнші ретінде екі бейнебаян түсірдім. Алуа Қонарова, Гүлвира Илахунова, Дильназ Ахмадиева және тағы да басқа продюсерлермен жұмыс істедім.

Кейінгі кезде шығармашылық дағдарыс болды ма, білмеймін: жұмысым онша жүрмеді. Бір жағынан, өмір жолымды құдай солай шешкен болу керек. Кезінде «Новая волна» байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен кезім де болған.

Оның үстіне балаларым да тым жас: үлкені – төртте, кішісі – үште. Оларды аяққа тұрғызу керек. Құдай қаласа, үшіншісі болады, аяғым ауыр. Бірақ үйде бос отырған жоқпын. Күйеуімнің продюсерлік орталығында көмекші директормын. Атқаратын жұмысым көп.

Болашақта сахнаға шығам, ән айтамын десем, Ерболат қарсылық білдірмейді. Өнерге қайта оралуыма ата-енем де қарсы болмайды. Ол кісілер Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткерлері. Қайын атам – домбыра және көп ішекті аспапта ойнайды. Енем – музыкалық мектепті бітірген, жетігенде ойнайды. Өнердегі біздің ақылшы, кеңесшілеріміз.

– Ол кісілер ше, «91»-ді түсіне алып жүр ме?

– Көп сыни пікірлерді естігенде, әкеміз: «Балалардың сырғасын шешіп, шаштарын қара түске боятқанда, мұндай дауға қалмайтын едіңдер ғой», – деген еді. Рас, топтағы әнші жігіттердің ата-аналары да қатты уайымдады. Амал жоқ, өнерден өзгеше әлем табу – құрбандықсыз келмейді. Сол кездері бір-бірімізге тек сабыр сақтаудан басқа айтарымыз болмады.

Орыстардың «Әйелі мен ері – екеуі бір пері» деген мәтелінде айтылғандай, «91» тобына қатысты дау-дамайда Ерболатты жақтап, әлеуметтік желіде біраз «айқас» жүргіздіңіз. Сондағы сізге қарсы пікірлерден кейін қандай ой түйдіңіз? Көпшіліктің өнерге, оның ішінде өнердегі жаңалыққа деген таңдау-талғамы кеңестік кездің кебісін киіп жүргенін сезген боларсыз?

– Шамам келгенше, әлеуметтік желідегі жазылған біраз пікірлерді оқып шығуға тырыстым. Рас, арасында қатты ашу-ызаға булықтым. Басында «91» тобы шықпай тұрып, халықтың дұрыс қабылдамайтынын білдік. Бірақ дәл осындай түсінбеушілік болады деп ойламаппын.

«Инстаграм» парақшасы арқылы қазіргі адамдардың қатыгез екендеріне көзім жетті. Балалар не істеп, не бүлдіріп қойды, олардың нендей кінәсі бар? Олар өз үйінде тәрбие көретін басқа балаларды қалай бүлдірмек? Неге бүкіл қазақ жастарының тәрбиесі төрт жігітке тіреліп қалды?

Қазақ десе, өзімізге тиеді: инста-парақшадағы пікірлерді оқи отырып, адамдардың сауатсыздығына таң қалдым. Дардай қыз-жігіттер өз ойларын жеткізе алмайды. Қате жазылған сөздерді көргенде, жағамды ұстадым. Халқымыздың сауатының сондай төмен деңгейде екенін, ойлау жүйесінің артта қалып қойғанын байқадым.

Кеңес кезіндегі ата-анамның бейнесі әлі күнге есімде. Сол кездің өзінде қала жастары шаштарын ұзын етіп өсірді. Ертеректе тым тар шалбар киді, бертін далаңдаған кең шалбарды еркек те, әйел де модаға айналдырды. Сол кездегі адамдар «мынау қазаққа жат нәрсе» деген жоқ қой. Сән қуған жастарын қараламады. Сол уақытпен салыстырып қарағанда, қазіргі адамның көзқарасы кенде қалып, түйсік-танымы төмендеп кеткен бе деп ойлаймын.

– Ерболат – сіз үшін жар, балаларыңыздың әкесі. Ал өнер үшін ол кім? Оның бойында ел білмейтін қандай құдірет бар деп ойлайсыз?

– Ерболатпен танысқаныма 19 жыл болыпты: менің жасым он төртте, ол он жетіде болатын. Оның бойында ерекше, өзіне ғана тән әлемі барын сонда байқағанмын. Сондықтан «91» тобы аяқ астынан немесе бір мезеттегі ойдан туған жоба емес. Ерболаттың бала арманының желісі, бірнеше жылғы тәжірибесінен туған жемісі.

Ерболаттың бойында құдай берген өнерге деген қасиеті, ерекше дарыны бар. Және ол бос дау-дамайға жоқ адам. Бәріне философиялық ой тұрғысында қарайды. Өзін ренжіткен адамды тез кешіре салады. Әйел болған соң, кейде біреулерді сөз еткенімде: «Жұртта не шаруаң бар?!» деп ұрсады. Сонда да тоқтамай жатсам, үндемей тұрып кетеді.

Ерболаттың бір әншілерді жамандап, әлдекімді сынағанын естімеген екенмін. Көбінесе адамды болмыс-бітімімен түсінуге тырысады. Жуықта Ақылбек Жеменейдің кешінде Ринат Зайытовтың билеп, рэп айтып шыққанын мен мазақ қылдым. Ал Ерболат оны қостап: «Жақсы болған екен, өзі де сахнаға шықты. Жарайсың!» деп, разышылығын білдіріп жатты. Өзін қаралаған адамға ешқандай ренішін сақтамаған.

Бірақ Ринат жөндеп билей алмайды, не дұрыстап рэп оқи алмайды: мұнысымен не дәлелдегісі келді? Былай қарағанда, Ринат қылығы күлкілі нәрсе ғой. Бірақ Ерболат оған басқа жағынан қарады. Оның мінезі сондай.

Сұхбаттасқан Анар Анапияева, "Общественная позиция"

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
334
102
5
9
0
63
49
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel