RU

Зиялы қауым президентке ашық хат жолдап, білім саласындағы эксперименттерді тоқтатуды талап етті

"Үш тілді оқыту" сынға алған бір топ зиялы қауым Білім және ғылым министрлігінің бастамасына қарсы шығып, президентке тағы бір ашық хат жолдады деп хабарлайды 31 арна.

Жалпы білімді өзге тілде оқу балалардың сауатсыздығына әкеледі деген белсенділер, ағылшын тілінің сағатын арттырсын деген балама ұсынып отыр.

Астанадағы ғылым мен шығармашылық саласындағы зиялылардың бір тобы ашық хаттарын газет пен интернетке ғана жариялайтын дәстүрді бұзып, Ақордаға өздері алып келді. Басты талап: онсыз да қазақ тілінің дамуы кешеуілдеп тұрған шақта жас ұрпақты тағы да тәжірибе объектісіне айналдырмау.

"Неге үнемі бізге, қазақ халқына тәжірибе жасай береді. 70 жыл совет одағында үнемі бізге эксперимент жасалды, бұл тоқтамайды ма? 25 жыл ішінде біз балаларымызды қазақ қыла алмадық. Енді орыс қыламыз ба, ағылшын қыламыз ба? Ақылсыздық. Сондықтан бізбен неге санаспайды?", - дейді «Мемлекеттік тіл» қоғамдық ұйымы өкілі Жұмамұрат Шәмші.

Негізгі білімді басқа тілде оқыту балаларды сауатсыздыққа ұрындырады» дейді наразы топ. Онсыз да базалық пәндерді ағылшын тілінде оқытатын маман тапшы, оны түсінетін де оқушы жоқ. Сондықтан зиялы қауым оның орнына ағылшын тілінің сағатын арттырып, курстарды міндеттеуді ұсынды.

"Малайзия, Сингапур, Филиппин елдерінің жүйесін көшіріп отырған сияқтымыз. Бірақ олар қайдан шықты, біз қайдан шыққанымызды есте ұстау керек. Ал біз бодан болғанда тілімізден, салтымыздан айырды. Енді тәуелсіздік жылдары қайта мемлекеттік тілді дамытып жатқан кезде тұтқиылдан үштұғырлы тілді жүзеге асырамыз деу қайта қалыптасып келе жатқан мемлекеттік тілді жойып алуы мүмкін", - дейді Мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы.

Еңбек, сурет, музыка пәндерінен бір мұғалім беріп, «әмбебап ұстаз» жасамақшы министр бастамасынан да белсенділер шошып отыр. Министр Сағадиевтің өзі "зиялылардың балалары шетелде ағылшынша білім алады. Қарапайым халықтың баласы неге солар сияқты ағылшынша оқымасқа?" деп, олардың алғашқы хатына қысқаша жауап айтқан еді. Ал депутаттар министрдің реформасын қолдағанымен, оның мерзімі жөнінен зиялылар пікірімен келісетіндей.

"Қандай жұмысты бұрынғы революциялық әдіспен емес, көкейге қонымды эволюциялық жолмен жүру керек. Біз халқымыздың үштілді болуын қолдаймыз. Ол жұмыстың негізі мектеп қабырғасында қалануы керектігін қолдаймыз. Мерзімі жөнінде көп ойлану керек, асығыстыққа бармау керек", - дейді парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

Депутат мұғалім ағылшынша сабақ бере алу деңгейіне жеткенде, оқушы шет тіліндегі дәрісті түсіне алатын кезде ғана реформа жайында сөз қозғау керек дейді.

Хатты президентке жолдаған топ Сағадиевке сын айтты. Зиялы қауым президент қанша айтса да, министр "бізбен ақылдасуға тырыспады, хабарласпады" деп ренжулі.

Айта кетсек, осыдан бірер уақыт бұрын Ерлан Сағадиев білім саласына енгізетін жаңашылдығы туралы тағайындаудан кейін баспасөз мәлімдемесін таратып, түсіндірген болатын:

"Қазақ тілі мен қазақ тілінің тағдыры туралы көп сауалдар түсіп жатыр, - деген еді Сағадиев. - Қысқа қайырғанда, жаңа бағдарлама мемлекеттік тілді үйретуде ешқандай бір шегіністі қарастырмайды. Керісінше, біздің алдымызда барлық халықтың қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеру мақсаты тұр. Бағдарламаның басты мақсаты - ел президентінің "Мәңгілік ел" идеясын жүзеге асыруға негіз болатын платформаны жасап шығару".

"Ең бастысы айтқым келетіні, қазақ тілі орта мектептерде ешбір өзгертулерсіз оқытыла береді. Алдағы уақытта қазақ тілі пәнінің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біздің алдымызда, орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың сапасын көтеру міндеті тұр", - деді Білім және ғылым министрі.

Сонымен қатар оқыңыздар:

БҚО-да тоғыз күн бұрын жоғалып кеткен жеті жасар бала табылмай жатыр

Белгілі журналист "28 панфиловшылар" монументін бұзуды ұсынды

"Адам төзгісіз аязға төтеп беретін ержүрек қазақтар" шетелдіктерді таң қалдырды

Табиғатқа демалуға шыққан астаналық ерлі-зайыпты екі жасар қызын жоғалтып алды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1125235-bir-top-ziyaly-qauym-bilim-zhane-ghylym-mi.html