RU

Атажұртқа оралған қазақтар құжаттарын рәсімдей алмай Қытайға қайта көшіп жатыр

Алматыда Қытайдан келген бір топ этникалық қазақ құжат рәсімдеудің қиындығын айтып, азаматтық алудың азабы қажытқанына наразы деп хабарлайды 31 арна.

Қытай тарапынан мүлде берілмейтін анықтаманы талап ететін ресми орындар көшіп келетін қандастардың жолын бөгеп тұр дейді. Тіпті, құжат мәселесі реттелмей Қазақстанға келгендердің біразы Қытайға қайта көшіп кетіпті. Ал ел үкіметі азаматтық алу жайын әлі де біржақты реттеуге асығар емес.

Қазақстанға келгеніне бірнеше жыл болса да азаматтық ала алмай сенделген жұрт ресми орындардың жоқ құжаттарды талап ететінін түсінбей дал. Айтуларынша, оралман куәлігін алудың өзі қиындаған. Ал азаматтық алу үшін қажетті сотталмағанын растайтын анықтама Қытайда берілмейді екен.

"Бір жылдық визамен келіп, жүрдім осы жақта. Төрт жыл жүріп қойдым осылай. Енді ыхтияр хат тапсырайын десем, сотталмаған қағаз алып кел дейді. Сотталған адам Қазақстанға келмейді ғой. Оның үстіне Қытайда ондай қағаз бермейді", - дейді оралман Сайрангүл Ережепбайқызы.

Амалын тауып алып келген анықтаманы жарамсыз деп кері қайтарады дейді жиналғандар. Қытай астанасынан басылатын мөрді талап етеді екен. Ал көп шығынмен, біраз тер төгіп алдырған "сотталмады" деген анықтаманы мерзімі өтіп кетті деп тағы қабылдамайды. Атажұртқа оралғысы келетін қандастардың жолын бөгеп тұрған анықтаманы қайта қарау туралы үкіметке ұсыныс айтылған. Алайда өзгеріс болмады. Кедергілерді жойып, қандастардың көші-қон жайын реттеуге ат салысып жүрген белсенді Ауыт Мұқибек мәселе шешілмесе үкіметті сотқа беремін дейді.

"Бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы бар. Ол - үкіметті сотқа беріп, сот арқылы ғана дәлелдеп шешу. Оған менің қолымда құжаттар жетеді. Қытай халық республикасының берген жауаптары бар, Сыртқы істер министрлігі арқылы және басқа да дәлелді құжаттар көп", - дейді ақын Ауыт Мұқибек.

Қытайдан келіп, атажұртқа табан тірегісі келген қалың жұрттың мұңына айналған құжат әуресі көштің басын Қазақстанға бұруға үлкен тосқауыл екен. Атажұртқа кеттім деген бір адам кері қайтса, бір ауылға кері әсері тиеді дейді қандастар.

Сонымен қатар оқыңыздар:

Айсұлтан Назарбаев Жақсыбековке Талдыкөлдің жағасынан киіз үй тігіп беруге уәде берді

Тасмағамбетов биліктегі элитаның рейтингін бастады

Белгілі журналист "28 панфиловшылар" монументін бұзуды ұсынды

Белсенділер БҒМ-нің бастамасына қарсы шығып, президентке ашық хат жолдады

Ресейлік шенеунік өз елінің Байқоңырдан бас тартпайтынын айтты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1125256-azamattyq-ala-almay-sendelgen-etinka.html