Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жер реформасы бойынша комиссия мүшелері өз ойларын ортаға салды (фото)

Опубликовано:

14 мамыр күні Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында премьер-министрінің бірінші орынбасары, Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев және өзгелер даулы мәселеге қатысты өз пікірлерін ортаға салды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақытжан Сағынтаев

«Мәселені бүгінгі бір ғана отырыспен шеше алмаймыз. Біз бұл жерде дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Біз ата-баба дәстүрлерін жалғастыра отырып, қандай да болмасын мәселені тек ақыл-парасатпен және сабырмен шешуіміз керек. Ақылмен, сабырмен жан-жақты талқылау арқылы біз халыққа, қоғамға, жас ұрпаққа мәселені шешудің жаңа үлгісін көрсетуіміз қажет. Бір сәтте түбегейлі өзгерістерді жасаймыз деген де асыра сенім болмауы керек. Ел мүддесіндегі мәселе қадам-қадаммен жүзеге асыруды талап етеді. Баршамыз сындарлы сұхбат орнатып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуіміз керек», - дейді Сағынтаев.

Бұл тұрғыда ол жалаң сөзге бой алдырмай, нақты ұсыныс пен пікірлер ғана ортаға салынатынына сенім артты.

«Өз пікірлеріңізді, халықтың пікірін ортаға салыңыздар. Келесі отырысқа дейін оның барлығы сарапталады, ескеріледі. Орынды пайымдарды келісе отырып, қабылдаймыз. Орынсыз пікірлер болса, оның жөнсіздігін бәріміз мақұлдап, кері қайтарамыз. Яғни, комиссия жұмысы барысында әр мәселені егжей-тегжейлі мұқият талқылап, нәтижелі әрі тиімді жұмыс атқаруға тырысуымыз қажет. Ең бастысы  - біздің жұмысымыз ашық, жариялы түрде жүргізіледі» -деді Сағынтаев комиссия мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде.

Қуандық Бишімбаев

Ұлттық экономика министрі, Комиссия мүшесі Қуандық Бишімбаев саладағы реформалардан күтілетін нәтижелерді баяндап берді.

«Әлемге белгілі McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы мен біздің министрліктің есебі бойынша Қазақстанда 1,7 млн гектар жерді нарықтық айналымға енгізген кезде, қосымша Жалпы ішкі өнімде 5 жылдың ішінде 50 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Жерді жекеменшікке беру өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді және оның экономикалық тиімділігі 80-110 млрд теңгені құрайды», - деді Бишімбаев.

Осы орайда ол қосымша жерді игеру инвестицияларды арттыратынын, 120-150 млрд теңгеге дейін қосымша экономикалық тиімділікті беретінін жеткізді. Ауылды елді мекендерде кедейлікті төмендетуге мүмкіндік жасалады. Осы реформа іске асырылған жағдайда оның тиімділігі 50 пайызға дейін жоғары болуға мүмкіндік бар.

«Біздің есебіміз бойынша, 1,7 млн гектар жерді айналымға тарту есебінен жаңадан 26,5 мың жұмыс орнын ашуға болады. Құрметті комиссия мүшелері! Қазақстан үшін жер реформасының қажет екені сөзсіз. Нәтижелерге қол жеткізу елімізде азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, кедейлікті төмендетуге ықпал етеді. Жалпы ұсынылып отырған тәсілдер экономикалық тұрғыда негізделген және оны дұрыс іске асырған кезде үлкен жетістіктерге жол ашылады», - деп түйді сөзін Бишімбаев.

Асқар Мырзахметов

Ал Ауыл шаруашылығы министрі, Комиссия мүшесі Асқар Мырзахметов шетелдіктер жерді, тіпті Қазақстан азаматтарынан да сатып ала алмайтынын, мал жайылымдары да жекеменшікке өте алмайтынын мәлімдеді.

«Жер шетелдіктерге сатылмайтыны жаңа да, бұның алдында да айтылып жатыр. Бұл жерде тағы бір мәселені айтқым келеді. Егер де шетелдік компания немесе шетелдік азамат жерді Қазақстанның резидентінен сатып алғысы келетін болса, оны қазір нотариус арқылы рәсімдеуге тыйым салынған. Егер де шетелдің азаматы немесе шетелдік резидент Қазақстанның жерін жалға аламын десе, тек қана конкурсқа қатысуы керек. Екінші айналымнын, нарықтан сатып ала алмайды. Бұған тыйым салынған. Елдің арасында ауыл маңындағы жайылымдық жерлер, мал үшін қажетті шалғын жерлер де жекеменшікке сатылып кете ме деген алаңдаушылық бар. Елді мекендердегі, шалғай жерлердегі мал шаруашылығына арналған жерлерді сатуға тыйым салынған. Бұл бапта нақты көрсетілген», - деп кесті министр.

Министрдің мәліметтері бойынша, Қазақстан жерінің жалпы алқабы - 272 млн гектар. Жер Кодексі бойынша, жер жеті санаттан тұрады. Соның ішінде ең үлкен екі бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі - 100 млн 800 мың гектар.

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, жердің тарихына алаңдаушылық білдірген әр азаматқа рахмет айту керектігін алға тартты.

«Жердің тарихына алаңдаушылық білдірген әр азаматқа, оған өз пікірін қосқысы келетін азаматқа біз рахметімізді айтуымыз керек. Сол үшін елбасымыз 5 мамыр күні бұл Заңға бүкіл халықтың көзінше мораторий  жариялады. Осы заңға ұсыныс енгіземін, толықтыру жасаймын, жетілдіремін деген азаматтардың барлығына айқара есік ашып отыр. Елбасының сөзін тағы бір мәрте қайталап айтайын: «Халыққа қажеті жоқ заңның, бізге де қажеті жоқ» деді. Міне сондықтан халықтың өкілдері ретінде сіздер пікірлеріңізді айтып отырсыздар. Соның барлығы ескерілетін болады деп есептеймін», - деді ол.

Сонымен қатар Құл-Мұхаммед ел мен жер мемлекетімізді құрайтындығын, ал мемлекетіміздің ең қасиетті құндылығы тәуелсіздік екендігін баса айтты.

«1995 жылдан 2001 жылға дейін 6 жыл бойы барлық шетелдіктерге Қазақстаннан 99 жыл мерзімге жалға жер алуға мүмкіндік болған, заңда. Бірақ, қазақтың жерін ешкім талап алып кеткен жоқ. Өйткені, мұны басы-қасында қарап отырған азаматтар бар. Сол себепті осы бүгінгі отырысымыз береке-бірлікпен, бір-бірімізді тыңдаумен, бір-біріміздің пікірімізге құлақ асумен басталып жатыр», - деді комиссия төрағасының орынбасары.

Мұхтар Тайжан

Ал Мұхтар Тайжан жер мәселесін ата-бабаларымыз секілді ақылменен талқылауға шақырды.

«Біздің ауыл шаруаларының қолынан барлығы келеді. Оларға тек мүмкіндік керек деп ойлаймын. Президент өте дұрыс айтып кетті, бізге халыққа ұнаймайтын заң керек емес. Ал халық соңғы үш-төрт аптада өзінің нақты ұстанымын жеткізді. Халқымыз шетелдіктерге жерді жалға беруге де, сатуға да қарсы. Біздің міндетіміз - халықтың ұстанымын, талабын орындау. Осында елдің игі жақсылары отыр, академиктер, депутаттар, халық қалаулылары, үкіметтің өкілдері бар. Бірақ ешкім мен халықтан биікпін деп айта алмайды. Сондықтан халықтың ойы осындай болса, біз оны орындауымыз керек. Халық неге митингке шығады, ол амалсыздықтан ғой. Өйткені шенеуніктерден тыңдайтын құлақ болған жоқ, өкінішке орай. Амал жоқтан шықтық қой. Енді билік есігін ашып отыр», - деді ол бүгін Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында.

Тайжан қоғам арасында үлкен түсінбеушілік тудырған заң жобасына қатысты мәселені ортақ мәміле қабылдау арқылы шешу керектігін де тілге тиек етті.

«Мына мәселені ақылмен, сабырмен шешу керек. Басқа да мәселелер бар. Комиссия отырысы - жақсы үрдістің басы ғана деп ойлаймын. Әрі қарай үш тұғырлы тіл, ары қарай қазақтың тарихы бар. Осыны ата-бабаларымыз секілді ақылменен талқылайық, бір шешімге келейік. Қазір жерді 25 жылға жалға беру туралы заң қабылданды. Халқымыз оған қарсы, 25 жылға да, он жылға да, бес жылға да берілуіне қарсы. Біз бұл заңды өзгерту керек деп ойлаймыз. Осыны талқылайтын жұмыс тобына кіруге дайынмын. Барлық 75 адам осы қара жұмысты атқара алмайды. Мен Астанада қалып, қанша уақыт қажет болса, сонша жұмыс істеуге дайынмын. Адамдар митингке шықпаса, біз осында отырмас едік. Олар көшеге шығып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Комиссия құрғандарға алғыс білдіреміз, осындай комиссия керек», - деді ол.

Қуаныш Айтаханов

"Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдерден инвсторлар келсе, неге оларға жерді жалға бермеске" деп сауал тастады парламент сенатының депутаты, комиссия мүшесі Қуаныш Айтаханов.

«Жердің астындағы мұнай да, газ да, көпір де, темір де таусылады. Жаңартылатын, таусылмайтын ол  - жер. Жер ананы дұрыстап игеретін болсақ, ол жыл сайын құнарлығын арттыра отырып, өнімді көп беріп, өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етіп, артылған өнімді шетелге шығарып, елімізге валюта әкеледі. Ол үшін жерді қарқынды пайдалануымыз керек. Оған бүгінгі таңда қаржымыз болмай жатыр. Жерге инвестиция келуі керек. Сол себепті жерді шетелдіктерге жалға беру деген мәселе осыдан туындап отыр», - деді ол.

Оның пайымынша, инвестиция тарту арқылы жердің астындағы байлықты қалай пайдалансақ, жердің үстін де солай кәдеге жаратуымыз қажет.

«Ол үшін жерді шетелдіктерге жалға беріп, жерге инвестиция әкелуіміз керек. Бірақ та ол қандай шетелдіктерге, кімге берілуі қажет? Осыны анықтауымыз керек. Мәселен, Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдердің инвсторлары келіп, бізге нивестиция салатын болса, неге оларға жер бермеске?» - деді сенатор.

Оның айтуынша, мұндай үлгілер бізде қазірдің өзінде бар. Мәселен, Ақмола облысына америкалық бизнесмендер келіп, ірі қара малын өсіріп жатыр. 2013 жылы Қазақстан нарығына кірген бұл шетелдік инвесторлар өткен жылы 2 мың тонна етті экспортқа шығарған.

«Бірақ шетелдіктер өздерінің инвестициясымен келсін. Олар өз адамдарын әкелмесін. Жұмысшылар біздің қазақстандықтар болсын. Қазақстанның азаматтары болсын», - деді ол.

Дос Көшім

Қоғам қайраткері, саясаттанушы, сондай-ақ Жер реформасы бойынша комиссия мүшесі (келісім бойынша) Дос Көшім ауыл шаруашылық жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ игеріп кете алады деп санайды.

«Бірінші мәселе, жаңа біздің Жақсылық (Үшкемпіров) ағамыз, Темірхан ағамыз, Сауэр мырзалар, тағы да басқа адамдардың айтуына қарағанда, олардың сөзін тыңдағаннан кейін мен жерді шетелдіктерге сатпау керек екен деген сөздің дұрыс екендігін ұқтым. Агроөнеркәсіп саласындағы адамдарды шақырған ұйымдастырушыларға рахмет. Осындай адамдар бар, ертең Жақсылық ағамыздың артынан  жүздеген қазақтың жігіттері келеді, олар дәл осындай тамаша өндіріс орындарын ашады, жерді өңдейді, жоқ әлде басқа елдің азаматтарының қолынан келетін іс пе бұл?! Міне, көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселені талқылаудың да қажеті жоқ. Осы жердегі жігіттердің барлығы айтты, қолымыздан келеді, жасай аламыз. Тек қана мынадай, мынадай көмек керек деді жас жігіттер. Сондықтан осы мәселені талқылаудың қажеттілігі де жоқ», - деді ол.

Саясаттанушының ойынша, қазіргі жер реформасына қатысты дау-дамай түсінбеушіліктен туған мәселе. Оны шешу үшін алдымен халықтың билікке деген сенімін арттыру қажет.

Айта кетейік, бүгін Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтуде. Комиссия президент Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бұның алдында, мемлекет басшысы халық арасында дау тудырған Жер кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялаған.

Комиссия төрағасы болып премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, оның екі орынбасары - «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен екінші орынбасары (келісім бойынша) «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіров болып бекітілді.

Айта кетейік, жаңадан құрылған Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та комиссия құрамында.

Сонымен қатар, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов (келісім бойынша), «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова (келісім бойынша), саясаттанушы Айдос Сарым (келісім бойынша) Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан (келісім бойынша), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай (келісім бойынша), «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов (келісім бойынша) және тағы басқа адамдар комиссия құрамына енді.

Тағы да оқыңыздар:

Биыл Қазақстанда бөлінетін білім гранттарының саны белгілі болды

Мұхтар Тайжан: Халықтың ұстанымы айқын, жерімізді не сатуға, не жалға беруге болмайды

ШҚО-да жоғалып кеткен 14 жастағы қызды көршісі өлтірген болуы мүмкін

Елімізде 2 жылдан соң барлық жәрдемақылар алынып тасталады

Оңтүстікте жоғалған студент қызды туыстары шарқ ұрып іздеп таппай жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1127815-zher-reformasy-boyynsha-komissiyanynh-al/

pixel