RU

Оңтүстік Қазақстанда 100-ге толған әжей ұзақ жасаудың құпиясын ашты

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тұрғыны Қызәйнек Күшікбаева 100 жаста. Еңбек етіп, үнемі қимыл-қозғалыста жүру ұзақ жасаудың құпиясы дейді қарт тұрғын. NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі кейуананың шаңырағына барып, тілдесіп қайтты.

Қызәйнек әжей жолдасы Төлеу екеуі екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Өкінішке орай соғыста ерлік танытып, елге жеңіс сыйлаушылардың бірі болған жолдасы зейнеткерлікке шығып, 64 жасқа толған шағында өмірден озды. Перзенттерін қатарынан қалдырмаудың қамын ойлаған қарт тұрғын малдың жүнін қырқып, кеппен шауып, шөп тасып нәпақа тапқан.

Тіпті зейнеткерлік жасқа шықса да тынбай еңбек еткен ол осыдан үш жылға дейін өзі нан жауып, самаурын қойып, еш тынбаған. Тек осыдан үш жыл бұрын үлкен ұлы Есенгелді өмірден озған сәтте тұла бойы тұңғышынан айырылған әже қан қысымы көтеріліп, қатты сырқаттанып сол аяғы мен қолы қимылсыз қалыпты. Дегенмен, әжей Алланың берген бұл сынағына еш мойымады. Өздігінен жүре алмаса да орнында отырып-ақ келіні мен ұл-қызына ақылын айтып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Немерелері де әжесінің кеңесіне үнемі құлақ түреді.

Бір қызығы, әжей инсульт алмай тұрып жаздың аптап ыстығында жалаң аяқ жүрген. Себебі табанды жылы ұстау деннің саулығының басты кепілі деп білген. «Егер үйге қонақ келіп қалса, «ұят болады» деп дереу аяқ киімін киіп алатын», - дейді кенжесі Есенбай Сәрсенбаев.

Қарт тұрғын ақ халаттылардың көмегіне жүгінбейді екен. Өйткені құнарлы тамақтанып, үнемі қимылда болсаң, ешбір сырқат жаныңа жоламайды дегенді айтады. Тіпті тістеріне дейін табиғи. Оның да өзіндік құпиясы бар екен.

Кенже ұлы Есенбайдың айтуынша, әжей өмірінде тіс пастасын мүлдем қолданбаған. Тек тұз сумен шайып отырады. Балаларына да үнемі солай жасаңдар деп кеңес беріп келеді.

«Өмірін еңбекке арнаған анамыз үшеумізді қатарымыздан қалдырмай өсірді. Әлі есімде мен мектеп қабырғасын бітірген жылдан соң анамыз тракторға шөп тиеймін деп құлап, басы жарылып, ауруханаға жатқан еді. Ол жақта біраз уақыт ем алды. Әлі баламын ғой, бір күні анама барып:«Қашан жазыласыз? Мен биыл тағы да оқуға түсе алмай қалатын болдым» деп ренжігенмін. Сонда анамның жігерлігін қараңыз, өзі төсек тартып жатса да, «Үйде түген деген жерде ақша қойғанмын. Соны ал да жолға шық» деген болатын. Содан үйге келіп, ақшаны алып, Түркістанға тартқанмын. Сол жақта медицина саласы бойынша білім алып, сол салада зейнеткерлік жасқа шықтым ғой», - деді әжейдің қызы Жұпар Сәрсенбаева.

Кейуананың қызы Жұпар анасының «Отыра берсеңдер, жалқау боласыңдар. Ал жалқау болсаңдар, өмірлерің өмір болмайды. Еңбек ету арқылы ширайсыңдар» деп үнемі ақылын айтып отыратын бұл кеңесі расымен де көмегі тигенін алға тартты.

Қызәйнек әжей сұйықтықты,соның ішінде шай, көже мен піскен айранды ішу ұзақ жасау құпияларының бірі дегенді алға тартты. Кезінде өзі күнара күбімен айран пісіп, ішіп отырған. Әлі күнге дейін келіні мен қызы күбіге піскен айранды беріп отырады.

Әжей күніне төрт-бес мезгіл шәй ішеді. Көп жасаудың тағы бір құпиясы үнемі қозғалыста жүруден бөлек, Қызәйнек әже кешкі асты мүлдем ішпейді. Түскі уақытта тамаққа тойып алатын ол кешкісін асқазанға салмақ түседі дегенді жадында сақтаған. Кешке тек сүтті шәй ішеді.

Түскі уақытта міндетті түрде тынығады. Себебі бұл уақытта ағза күннің екінші бөлігіне дайындалып, энергия жинауы керек. 

Қарт тұрғын тамақ талғамайды. Етті жақсы көреді. Әлі күнге дейін ет мен құйрық майынан бас тартпаған.

Бүгінде әулетінің құрметіне бөленіп отырған кейуана 16 немере мен 33 шөберенің сүйікті әжесі.

Тағы да оқыңыздар: 

Алматыда әйел көтеріп жүгіруден тұңғыш чемпионат өтті

Қанат Ислам қарсыласын қалай нокаутқа жіберді?

Биліктегі "Болашақ" бағдарламасының түлектері кімдер?

Ең ықпалды қазақстандықтардың танымал балалары

"Адам төзгісіз аязға төтеп беретін ержүрек қазақтар" шетелдіктерді таң қалдырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1128975-onhtustik-qazaqstanda-100-ge-tolghan-azhey.html