RU

ОҚО-да түйе асырап отырған отбасы миллионер атанды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округінде тұратын Айдарбековтер әулетінің түйе шаруашылығымен айналысып келе жатқанына аз уақыт болмады.

NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі ауыл бойынша түйе шаруашылығын дөңгелетіп отырған жалғыз отбасының бір күнімен танысты.

Отағасы Нұрділдәнің айтуынша, бұл кәсіппен әкесі Жартай айналысқан. Ал жұбайы Камила бұл шаңыраққа келін болып түскен сәтте түйе саумақ түгілі, маңына жақын жолауға қорқыпты. Кейін ененің тәрбиесін алып, бүгінде ауылға білікті сауыншы атанған.

45  жастағы Нұрділдә Жартайұлының қорасында алпыс түйесі бар. Түйе шаруа қожалығының иесі үшін бала күнінен әбден үйреніскен төрт түліктің бірі.

«Әкем дүниеден өткен соң бұл кәсіпті өз қолыма алдым. Шүкір, түйе еті мен оның сүтіне деген сұраныс жоғары. Тіпті сауылып жатқан сәттен бастап алып кетушілердің қарасы көп», - деп әңгімесін бастады Айдарбеков.

Айтуынша, күн жылына бастағалы түйелері төлдеп жатыр. Әзірге боталарының санын нақты айта алмады. «Балапанды күзде санайды» дегенді алға тартқан ол әр нәрсе өз несібесімен келетінін алға тартты.

Айдарбековтер әулеті үшін жұмыс күні таңғы бестер шамасында басталады. Түйелерді жайылымға жібермес бұрын алдымен шаңырақтың отанасы Камила Жақыпова сауын жұмыстарына кіріседі. Әзірге алпыс түйенің тек алтауы ғана сауылады.

Негізі түйені тәулігіне үш рет сауу керек екен. Бірақ олар жақында ғана төлдеген соң тек таңертеңгілік уақытта ғана сауылады да, жайылымға боталарымен жіберіледі. Жаздың күндері кешкі сағат жеті-сегіздерде жайылымнан қораға айдалып әкелінсе, қыс ауасында алты-жетіде келіп қалады.

Түйе шаруашылығымен айналысып жүрген Нұрдәлді Айдарбеков «даланың өміріне шаршаған жоқсыз ба?» деген сауалымызға еш ойланбастан жауап берді.

«Көзімді ашқаннан осы ортада өстім. Егде жасқа келген соң мүмкін қалаға қарай қоныс аударатын шығармыз. Шымкентте үйіміз де бар. Бірақ, әзірге осы кәсіп ұнайды. Ата кәсіпті тастап кете алмаймыз ғой енді. Оның үстіне ауыл деген жақсы. Таза ауа, әрбір күнің ерекше қызыққа толы», - деді ол.

Отағасы  түйе шаруашылығы барысындағы қызықты оқиғасын да есіне түсіріп үлгерді.

«Несін айтайын, күн сайын әртүрлі жағдай орын алады. Әсіресе нөсерлетіп жаңбыр жауған сәттерде жайлауда қалып қоятын кездердің өзі бөлек әңгіме. Ал қақаған қыстың күндері бораннан түйелер жүрмей, жатып алады», - деді Нұрділдә Айдарбеков.

Қызықты сәттерімен Айдарбековтің жұбайы да бөлісті. Соның ішінде аудан орталығында өскен бойжеткен Құмкент ауылдық округі, Қызылкөл ауылына келін болып түскен жылын еске алды.

«Орталықта өскен мен түйе көрсем қаша жөнелетінмін. Жиырма екі жасымда осы шаңыраққа келін болып түстім. Алғашында қатты қорықтым. Енем үйретіп, білгенін бөлісуден еш шаршамады. Алғаш түйе сауған сәтімде бойымды үрей билегенін жасырмаймын. Бірақ, енемнің түйе өзінен сескенген адамды бірден сезіп қояды деген сөзін есіме алып, барынша босаңсуға тырыстым. Уақыт өте хас шебер атандым ғой (күліп). Шынымды айтайын ба, мен жас күнімде түйеу сауыншысы атанамын деп ойламаппын. Тіпті қыз күнімде сиыр да сауып көрмегенмін», - деп ағынан жарылды Айдарбековтер әулетінің келіні.

Сауыншының сөзіне сенсек, түйе сауу шапшаңдықты талап етеді. Әйтпесе сүті денеге тарап кетеді екен. Жаңа сауылған сүтті отағасының жұбайы екіге бөліп, бөлек ыдысқа құйып қояды. Себебі сұраныс екі түрлі.

Бірі түйе сүтін алып кетсе, екіншісі қымыранды сұрап жатады. Қымыранды өз қолымен ашытқы құйып дайындайды. Сусыннан бөлек түйенің жүніне деген сұраныс та жоғары. Себебі оның жүні денсаулыққа аса пайдалы.

Бір түйеден шамамен екі литрдей сүт сауылады. Бір қыз бен үш ұл тәрбиелеп отырған Камила Жақыпованың үлкені сегізінші сыныпта оқиды. Оны әзірге сауыншылыққа үйрету ерте дейді.

Себебі түйені сауу да біліктілікті қажет етеді. Асаулары кейде теуіп, тіпті түкіріп те жіберуі мүмкін. Ондайлардың аяғын байлап қойып саууға тура келеді.

Айтпақшы, бүгінде төрт түлік малдың бұл түрі 400-500 мың теңге тұрады. Ірі түйеден 500 келідей ет шығады. Отағасы түйені сойып та, кейде өзін де сатып алатындар көп дейді. Айта кетейік, терісі киім, сүті сусын, еті ас ретінде пайдалы түйе көшіп-қонуға да ыңғайлы. Түйе сүті отыз екі дертке ем. Сол себептен оған деген сұраныс әрдайым жоғары.

Тағы да оқыңыздар:

Геннадий Шиповских Ішкі Істер министрін қазақша сөйлете алмады

Ақтөбеде 10 жылдан бері гүлдермен сөйлесетін әкім құпияларын ашты (фото)

Қырымбек Көшербаев әскерге барудан қашатын жігіттерді БАҚ-та жариялауды тапсырды

Ақмола облысында жоғалған қызды табу үшін Нұраның ағысы тежелмек

Ресейдегі қазақ диаспорасы "жер дауына" қатысты Назарбаевқа ашық хат жолдады

ОҚО-да өзіне берілген параны азсынып, төбелес шығарған әкімнің қызы да шенеунік атанды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1129928-oqo-da-tuyeni-sauu-tugili-manhyna-zholau.html