Выйти
RU

Ақтөбеде жүргізуші лаңкестердің автобустың қалай басып алғанын айтып берді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде лаңкестер басып алған автобустың 32 жастағы жүргізушісі Мұрат Исекенов қанды оқиғалардың ортасына қалай тап болғаны жайлы айтып берді деп хабарлайды Aktobenews.kz.

— Ол күні әдеттегідей 1-ші бағыт бойынша жұмысқа шықтым. Сағат түскі 13.00-ге таман автобустың қозғалтқышы қыза бастады. Қаланың ескі бөлігінен шағын аудан жағына бара жатқан жолаушылар аз болғандықтан аялдамаларда көп тоқтаған жоқпын. Көліктің қозғалтқышын қарау үшін соңғы аялдамаға асықтым. Көпірден төмен түскен кезде Әлия Молдағұлова даңғылы бойында көлік кептелісінің бар екенін аңғардым да, кіші Әлияға қарай бұрылдым. Бәрі сол кезде басталды. Қайдан шыққаны белгісіз жол полициясы көлігі пайда болып, жолды жапты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері атып-атып шықты. Бірден атыс басталды. Автобуста отырғандардың айқай-шу мен тарсыл-гүрсілден естері танып қалды. Ал мен қауіпсіздік белдігін ағыта алмай әлек болдым. Жолаушыларға «қашыңдар», деп айқайлағаным есімде. Алайда олар еденге жата қалысты. Қасымда келіншегім (кондуктор болып жұмыс істейді) бар еді, соған қарап қоямын. Бар ойым: соған оқ тимесін, сол аман қалсын. Ол сәтте өзім туралы ойламадым да.

— Автобусты кепілге алған кезде, шабуылдаушылар не деді?

— Көлікті кепілге алғаннан кейін олар жолаушыларды бірден босатты. Келіншегім Айгүл мені де босатуларын сұрады. Бірақ лаңкестер оған қаруларын кезеніп, қашуын талап етті. Менің шекеме автоматты тақап, Тұрғындар қалашығына қарай жүруді бұйырды. Еш тоқтамай, жолда кезіккендердің барлығын баса-көктей алға жүруімді талап етті. Дегенмен мен жолдағыларды айналып өтуге тырыстым. Кей жерде жолдың қарсы бағыттағы көліктерге арналған бөлігіне шығып кетсем, кей жерде тежегішке бастым. Өзімнің өмірім үшін басқаларды өлтіруге құқым жоқ қой. Әскери бөлімге жеткенде лаңкестер тірі қалуым үшін бір ғана мүмкіндігімнің бар екенін айтты. Ол үшін бөлімнің қақпасын бұзып кіріп, қоймаға дейін жеткізуім кере еді.

 —  Осы бір қорқынышты сәтте не туралы ойладыңыз?

— Шым-шытырық болып кетті бәрі, бірақ қалай болғанда да лаңкестерге кедергі болуым керек еді. Қақпаны бұзып кіре берген кезде автобустың қозғалтқышын өшірдім. Мұны әдейі жасадым. Қарауылдағылар көріп, қылмыскерлерді әскери бөлімнің ішіне кіргізбейді деп ойладым. Бірақ лаңкестер бірден оқ жаудырды. Автоматтары мен басқа да қарулардан атты. Құлағым естімей, көздерім көрмей, есімнен танып қалдым. «Есікті аш» деген айқайдан кейін есімді жидым. Олар бөлімнің ауласына қарай жүгірді. Осы қарбалас сәтті пайдаланып, артқы есікке барып, далаға қаштым. Олар менің артымнан да оқ жаудырды. Мен дуалдың артына жасырынып үлгердім. Содан Тұрғындар қалашығындағы автобустар тұратын жерге әрең жеттім.

— Мұндай жағдайларда әрдайым медициналық көмек көрсетіледі. Ондай сәттерді басынан өткерген адамға психолог кеңес беруі тиіс. Сізге ондай көмек көрсетілді ме?

— Облыстық жедел жәрдем ауруханасында қабылдауда болдым. Ондағы дәрігерлер қала сыртындағы ауруханаға жіберді. Аталған мекемеде мені қараған Лор дәрігері әрі қарай учаскелік дәрігердің бақылауында болатынымды айтты. Қысқаша айтқанда, бір-біріне сілтеді. Менің әлі де басым ауырады, бірақ маған ешқандай ем тағайындаған жоқ. Қазір туған жерім Қобдадамын. Тыныш жағдай мен туыстарымның ортасы қорқынышты сәттерді тез ұмытуыма көмектеседі деп ойлаймын. Толық медициналық тексеруден өткім келеді. Таныстарымның айтуынша, оған 15 мың теңге қажет екен. Жедел түрде мұндай ақшаны табуым керек. Ал «Автопарк» ЖШС басшылығына көп сеніңкіремеймін. Олар материалдық көмектен үміттенбеуімді онсыз да тұспалдап жеткізді.

"Мұрат қазір жүйкесі сыр бергенін айтады. Бірақ ешкім қолдау көрсетіп отырған жоқ", - деп жазады басылым.

Ақтөбедегі ірі лаңкестік оқиға бойынша барлық жаңалықтарды мына жерден таба аласыздар

Тағы оқыңыз:

Ақтөбеде өлтірілген лаңкестердің денесі туыстарына берілмейтін болды

Ақтөбедегі лаңкестер әйелдер хиджабын киіп қашып жүруі мүмкін

Ресей полигон ретінде пайдаланып келген 1,7 млн гектар жерді Қазақстанға қайтаратын болды

ҰБТ-дан 125 балл жинаған павлодарлық түлек үш жыл бойы әлеуметтік желіні пайдаланбаған

Депутаттар Ақтөбедегі терактіні ұмытып, отырысты туған күн тойлаудан бастады

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Ақтөбеде жүргізуші лаңкестердің автобустың қалай басып алғанын айтып берді