RU

Қазақстандық ауыр атлет Арли Чонтей Рио Олимпиадасының медалінен қағылды

Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 56 келіде өнер көрсететін Арли Чонтей қос жаттығудың қорытындысы бойынша 278 келіні көтеріп, төртінші орыннан көрінді, деп хабарлайды BNews.kz.

Фото: Vesti.kz

Арли жұлқа көтеруде 130 келіге тапсырыс беріп, ол салмақты бағындырды. Кейін қазақстандық зілтемірші мүмкіндігінде 132 келіні көтере алмады. Нәтижесінде Арли Чонтей жұлқа көтеру сайысын бесінші болып аяқтады.

Ал серпеде отандасымыз бірінші мүмкіндігінде 148 келілік зілтемірді көтерді. Содан соң Арли 153 келіні бағындыра алмай қалды. Ал соңғы мүмкіндігінде 154 келіні де көтере алмады. Сонымен ол қос жаттығудың қорытындысы бойынша 278 келіні бағындырып, төртінші орынға ие болды.

Сонымен ауыр атлетикадан ерлер арасында өткен жарыста Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Лон Цзинхуан (307 келі) бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Лондон Олимпиадасының жеңімпазы солтүстіккореялық Ом Юн Чхоль (303 келі), үшінші орынды тайландтық Синфет Круаитонг (289 келі ) алды.

Айта кетейік, 6 тамызда Рио Олимпиадасында ауыр атлетика бойынша 48 келіде өнер көрсететін Елисеева қос жаттығудың қорытындысы бойынша 186 келіні көтеріп, жүлделі орынға іліге алмаған болатын. Ол жалпы командалық есепте бесінші орынға тұрақтады.

Рио Олимпиадасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

XХXI жазғы Олимпиада Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғайды.

Ойындарды отандық үш телеарна көрсетеді: Kazsport, «Хабар» және «Қазақстан».

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар. 

Тағы оқыңыздар:

Біржан Жақыповтың қарсыласы анықталды

Дзюдошы Жансай Смағұлов келесі кезеңге өте алмады

Теннисші Ярослава Шведова алғашқы айналымда ұтылды

Назарбаев Ердоғанды бауырым деп атап, түріктерді қолдайтынын айтты

Елдос Сметов финалда ресейлік балуаннан жеңілуінің себебін түсіндірді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1212904-taghy-bir-qazaqstandyq-auyr-atlet-rio-m.html