RU

Рио Олимпиадасы: Қазақстан құрамасы екінші жарыс күнін сәтсіз аяқтады

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарынның екінші жарыс күні де артта қалды. Бұл күні еліміздің қоржынына медаль түскен жоқ. Осылайша, қазақ елі бір күміс, бір қоламен жалпы командалық есепте 18-ші орынға сырғыды, деп хабарлайды BNews.kz.

Жалпы командалық есепте екі күннің қорытындысы бойынша үш алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеген Қытай бірінші орынға шықты. Екінші орында үш алтын, екі қоламен Австралия, ал үшінші орында екі алтын, бес күміс, төрт қола жүлдемен АҚШ тұр.

Сонымен Рио Олимпиадасынын екінші жарыс күніне тоқталсақ.

Кеше дзюдо күресінен екі медаль түскеннен кейін бүгін де Жансай Смағұловтың жолына үмітпен қараған едік. 66 келі салмақтағы дзюдошылар арасында өткен сайыс өте тартысты өтті. Жерлесіміз алғашқы айналымда өзіне жақсы таныс Яспер Лефеверді жарыс жолынан ығыстырды. Бірақ бұдан кейін оны оңтүстік кореялық Ан Баул күтіп тұрған еді. Өткен жылы әлем чемпионаты мен бірнеше гран-при сайыстарында ешкімге дес берген Ан Рио Олимпиадасына тыңғылықта дайындықпен келгенін көрсетті.

Жансайды қарсыласының мысы басып кеткен тәрізді. Ол татамиде кореялық балуанға еш қарсылық көрсете алмады. Алдымен шидо, сосын вазари, ең соңында иппонға түсіп, қазақ балуаны сайыстан шығып қалды. Ан Смағұловтан кейін де барлық қарсыласын ұтып, финалға бірақ шықты. Ақтық сайыста ол италиялық Фабио Базиледен жеңілді. Нәтижесінде италиялық дзюдошы алтын, ал оңтүстіккореялық балуан күміс жүлдеге ие болды. Қола медаль өзбекстандық Ришод Собиров пен жапон дзюдошысы Масаши Эбинумаға бұйырды.

Теннистен әйелдер арасында жекелей сында өнер көрсеткен Ярослова Шведова жапон қызы Мисаки Доидан айласын асыра алмады. Дои екі сеттің қорытындысы бойынша 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Осылайша теннистен жекелей сында ешкім қалған жоқ. Олимпиаданың алдында Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева жарақатына байланысты қатыса алмайтынын мәлімдеді. Одан кейін Галина Воскобоева да жекелей сында өнер көрсете алмайтынын айтты. Галинаның орнын Шведова басқан еді. Өкінішке қарай, Ярослова жарысты ерте аяқтады.

Ал теннистен жұптық сайыстың бірінші айналымында Ярослава Шведова және Галина Воскобоев белгиялық теннисшілерден жеңіліп қалды. Жарыста бельгиялық теннисшілер өздерін сенім ұстап, қарсыластарын басым түсті. Осылайша, теннисшілерімізде үмітті ақтай алған жоқ.

Әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа шалқалап жүзуде қазақстандық Екатерина Руденко жартылай финалға шыға алмады. Іріктеу кезеңінде Екатерина Руденко 1:01.28 нәтиже көрсетіп, 6 орынға тұрақтады. Бұл сында америкалық Кэтлин Бэкер (58.84 сек) үздік шықты. Сондай- ақ аустралиялық Эмил Сибо (58.99 сек) мен канадалық Кэйли Месси (59.07 сек) үздік үштікке енді.

6 тамыз күні Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин Рио Олимпиадасында суға жүзу жарысының жартылай финалына шыққан болатын. Брасс әдісімен 100 метр суға жүзуде үш дүркін Азия ойындарының жеңімпазы Дмитрий Баландин 59,47 секунд нәтиже көрсетіп, жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Ал 8 тамызда Астана уақытымен 7:00-де басталған ақтық сайыста Дмитрий Баландин суға жүзу сайысында жүлделі орыннан көріне алмады. Оның жарыстағы көрсеткіші – 59,95 секунд. Енді қазақстандық спортшы 9 тамыз күні брасс әдісімен 200 метр суға жүзу сайысында бағын сынап көреді.

Ал брасс әдісімен 100 метр суға жүзуде алтын жүлдені ұлыбританиялық спортшы Адам Пити алды. Ол 100 метрді 57,13 секунд аралығында жүзіп өтіп, әлем рекордын жаңартты. Күміс жүлде оңтүстікафрикалық Кэмерона ван дер Бургаға (58,69 сек.), ал қола медаль америкалық Коди Миллерға бұйырды.

Стенд атудан сынға түскен Мария Дмитренко іріктеу кезеңін сегізінші орынмен аяқтады. Бірақ жартылай финалға өту үшін бұл нәтиже жеткіліксіз болатын. Себебі жартылай финалда тек алты спортшыға мүмкіндік беріледі. 66 ұпай жинаған Дмитренко жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Ал осы жарыс күніне жоспарланған академиялық ескек есу сайысы қатты жел салдарынан кейінге қалдырылды. Бұл жарыста ел намысын Владислав Яковлев пен Светлана Германович қорғайды.

Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан жүлделі орыннан көрінеді деген үмітіміз ақталмады. 56 келіде өнер көрсеткен қазақстандық зілтемірші Арли Чонтей қос жаттығудың қорытындысы бойынша 278 келіні көтеріп, төртінші орынға ие болды. Арли жарысты сенімді бастады. Жұлқа көтеру бойынша спортшы 130 келіге тапсырыс беріп, ол салмақты бағындырды. Кейін қазақстандық соңғы мүмкіндігінде 132 келіні көтере алмады. Нәтижесінде Чонтей жұлқа көтеру сайысын бесінші болып аяқтады. Ал серпеде отандасымыз бірінші мүмкіндігінде 148 келілік зілтемірді көтерді. Одан соң Арли 153 және154 келі зілтемірді бағындыра алмай қалды. Сонымен ол қос сайысты 278 келімен аяқтады. Нәтижесінде қазақстандық ауыр атлет жүлдесіз қалды.

Ал осы жарыста Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Лон Цзинхуан (307 келі) бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Лондон Олимпиадасының жеңімпазы солтүстіккореялық Ом Юн Чхоль (303 келі), үшінші орынды тайландтық Синфет Круаитонг (289 келі) алды.

Рио Олимпиадасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

XХXI жазғы Олимпиада Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғайды.

Ойындарды отандық үш телеарна көрсетеді: Kazsport, «Хабар» және «Қазақстан».

Тағы оқыңыздар:

Біржан Жақыповтың қарсыласы анықталды

Дзюдошы Жансай Смағұлов келесі кезеңге өте алмады

Теннисші Ярослава Шведова алғашқы айналымда ұтылды

Назарбаев Ердоғанды бауырым деп атап, түріктерді қолдайтынын айтты

Елдос Сметов финалда ресейлік балуаннан жеңілуінің себебін түсіндірді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1213005-rio-olimpiadasy-qazaqtan-quramasy-ek.html