RU

Ақтөбедегі көп қабатты тұрғын үйлер биылғы қыста жылусыз қалуы мүмкін

Ақтөбедегі көп қабатты тұрғын үйлер биылғы қыста жылусыз қалуы мүмкін деп хабарлайды 31 арна.

Өйткені, көптеген тұрғын үйлердің жылыту жүйелері осы уақытқа дейін мүлдем жаңартылмаған. Әбден тозығы жеткен. Қысқы суыққа жарамайды. Ал жауапты мамандар болса, жөндеуге ақшаның жоқтығын сылтауратып отыр.

Ақтөбеде мыңға жуық көп қабатты тұрғын үй биылғы қыста жылусыз қалуы мүмкін. Өйткені дәл осы үйлер жылыту маусымына мүлдем дайын емес.

Мамандар өткен көктем айында қаладағы барлық көп қабатты тұрғын үйлерге тексеріс жүргізіп, кем-кетіктерін жамап, шіріген жылыту жүйелерін  жөндеуге уақыт беріпті. Бірақ осы күнге дейін бір де бір үй кемшіліктің орнын толтырмаған.

"Бұл жерде деген ТРЖ болу керек, суды араластыратын, терморегулятор дейді ғой, сосын клапаны болу керек, солар жоқ бәрі, сосын тура істелінген, жылуға да су жетпей қалады тура істегесін, тура айналып кетеді де жылуға жетпей қалады су", - дейді «Трансэнерго» АҚ №3 жүйелік ауданының бастығы Серік Сатанов.

Ақтөбенің тек Шанхай ауданында көп пәтерлі тұрғын үйдің 286-сы биылғы жылыту мерзіміне дайын емес. Мәселен мына үйдің өзінде мына жылы су, жылытуға арналған элеваторларды кондоминимум қызметкерлері қолдан құрастырып қойған.

Биылғы қысқа мүлдем жарамайды. Мамандардың айтуынша егер жылыту мерзіміне дейін мына элеваторлар ауыстырылмаса, бұл үйге жылу мүлдем берілмейді.

Қолдан құрастырылған мына үйдің жылыту жүйесі 3 жылдан бері жұмыс істеп келген. Әр жылы ескерту алғанымен әлі күнге жаңартылмапты. Ал жаңасына ауыстыру үшін 1 миллион теңгедей қаржы керек екен. Онсыз да үнемі «ақша жоқ» дейтін кооператив басшылары ондай көлемдегі қаржыны көтере алмаймыз деп отыр.

"Біз тек қолымыздан келетін ұсақ-түйек шаруаны ғана жасай аламыз. Ал, үлкен қаржыны талап ететін үлкен шаруаларды, яғни жылыту жүйелерін ауыстыру немесе жаңалау деген сияқтыларды жасай алмаймыз. Басқалардан көмек сұрамасақ. Тұрғындардың өзі ақша жинамайды, жылусыз қалса да", - дейді ПИК төрағасы Гүлфара Үкібаева.

Жылыту маусымының  басталуына екі айдан аса уақыт қалды. Дегенмен осы мерзім ішінде барлық көп қабатты тұрғын үйлердің жылыту жүйелері қысқа сақадай сай болуы керек. Ал егер ондай болмаған жағдайда қаланың дайындығы жоқ үйлеріне жылу мүлдем берілмейді.

Тағы да оқыңыздар:

Отандық журналист Алексей Нидің отставкаға кетуін сұрады

Жағажай волейболына хиджабпен шыққан мысырлық қыздар жанкүйерлерді таң қалдырды (фото)

Таиландтық әжей немересі Олимпиада жүлдесін алған сәтте көз жұмды

Риода жанкүйерлер ресейлік спортшыларға қысым көрсетіп жатыр

Британиялық гей Рио Олимпиадасынан соң ғашығымен үйленбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1214166-aqtobedegi-kop-qabatty-turghyn-uyler-b.html