RU

«Нұр Отан» мүшесі Асқар Мырзахметовтің заңды өрескел бұзып отырғанын айтты

«Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі Айдын Егеубаев вице-премьер Асқар Мырзахметовті ірі жер иеленушілерінің есімдерін әдейі жасырып отыр деп айыптады деп жазады sn.kz.

Өзінің Facebook парақшасында осылай деп жазған белсенді енді ауылшаруашылық министрлігінің үстінен сот пен прокуратураға арыз түсіретінін де мәлімдеп отыр.

Бұған дейін өткен Жер комиссиясының отырысында Мырзахметов ірі жер иеленушілерінің аты-жөндері Қазақстан заңдарына сәйкес, жария етілмейтінін айтқан болатын. Ал, «Нұр Отан» мүшесі болса мұны теріске шығарып отыр.

Егеубаевтың айтуынша, жылжымалы мүлік туралы ақпараттың, оның ішінде заңды және жеке тұлғалардың жер телімдері туралы ақпараттың «Жеке мәлімет пен оларды қорғау туралы» Қазақстан заңына қатысы жоқ.

«Бұл мәліметтерді орналастыру, анықтау, жария ету аталған заңмен реттелмейді. Керісінше, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның 6-бабында ауылшаруашылық саласына қатысты ақпараттың қолжетімділігі туралы анық жазылған. Ауылшаруашылық нысанындағы жерлердің ауыл шаруашылығы саласына жататынын ескерсек, жер иеленушілері туралы ақпарат көпшілікке жария етілуі тиіс. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерінің кімге сатылғанын, кімге жалға берілгенін жасырмай жария етуі керек», - дейді Егеубаев өзінің Фэйсбук-парақшасында.

Ал, егер бұл талап орындалмаған жағдайда партия белсендісі аталған министрліктің үстінен заң органдарына арыз түсіретінін айтты.

«Қазақстанның ауылшаруашылық нысанындағы жерлердің кімге беріліп жатқанын әрбір ел тұрғыны білуге құқылы. Осыған орай, азаматтар әрбір облыста жерлердің кімге берілгені туралы ақпаратты жинақтап, мәліметтерді әлеуметтік желілерде жариялауларыңызды немесе маған берулеріңзді сұраймын. Ал, егер министрлік тарапынан ақпарат берілмейтін болса сотқа немесе прокуратураға арыз түсіретінім туралы ескерткім келеді», — дейді Егеубаев.

Айта кетейік, бұған дейін Айдын Егеубаев Қазақстан жерлерінің қытайлықтарға беріліп кеткенін мәлімдеген болатын. Өздігімен зерттеу жүргізген ол Жер комиссиясының 9 шілдеде өткен отырысында сөз сұрап, осы зерттеулердің нәтижесімен бөліскісі де келген. Алайда, комиссия төрағалары оған мұндай мүмкіндікті берген жоқ.

Тағы да оқыңыздар:

Фархад Харки Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Еркіндікке жіберілген дизель бағасы шарықтап кетті

Ыстамбұлда миллионнан астам адам митингке шықты (фото)

Үш қазақстандық боксшы Олимпиаданы сәтті бастады (фото)

Рио-2016: Тоғызыншы тамыздағы Қазақстан спортшыларының шығу кестесі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1214265-nur-otan-mushesi-asqar-myrzakhmetovt.html