RU

Әбілқайыр ханның моласын «тонаған» шенеунік сотталып кетті

Ақтөбе қалалық №2 соты Әділет министрлігі Сот сараптамалық институты Ақтөбе филиалының директорына қатысты үкім шығарып, оған төрт жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын кесті, деп хабарлайды Qamshy.kz.

Институт филиалының директоры Марал Мұстафа Әбілқайыр хан кесенесіне жөндеу жүргізген «АйнӘД» ЖШС өкілінен пара алғаны үшін айыпталды.

Марал Мұстафаны Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро қызметкерлері 6 ақпан күні 500 мың теңге көлемінде пара алып жатқан сәтінде қолға түсірген.

Тергеу мәліметтеріне сай, М. Мұстафаға пара берген «АйнӘД» ЖШС Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» зиратындағы Әбілқайыр хан кесенесіне жөндеу жүргізіп, оның сыртын әдеттегі керамограниттен алты есе арзан сапасыз материалмен қаптаған. Жөндеу жұмысы үшін мемлекет қазынасынан 30 миллион теңге алған компания осылайша 25 миллион теңгені үнемдеп қалғаны айтылады.

Мердігердің жұмысына көңілі толмаған облыстық әкімдік оны сотқа беріп, баға айырмасын өндіріп алуды сұраған. Сот аталған нысанды қаптаған материалға сараптама тағайындайды. Сот материалдары сараптама институты филиалына түсе салысымен оның қызметкері Мейрамбек Бекберген «АйнӘД» ЖШС өкіліне хабарласып, мәселені фирманың пайдасына «шешу» жолын ұсынған. Сот сараптама орталығының берген құжаты кәсіпорынды бюджеттен жымқырған қаржысын жанында қалдыруға мүмкіндік беретін болған соң, компания басшылығы М. Бекберген сұраған 1 миллион теңгені көпсінбей, сараптама орталығының өкіліне әкеп берген.

Аталған соманы алу сәтінде М. Бекберген жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қолына түседі. Ұлттық бюро қызметкерлеріне ол аталған соманың тең жартысы өзінің бастығы М. Мұстафаға тиесілі екенін айтады. Бюро қызметкерлері М. Бекбергенді М. Мұстафаға 500 мың теңге «үлесін» апарып беруге жұмсайды. Осылайша, қызметін жеке мүдделеріне пайдаланбақ болған қос сарапшы да құқыққорғау органдарының құрығына ілінген.

Кінәсін мойындағаны үшін М. Бекбергенге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, басшысы М. Мұстафаның ісі сотқа жеткен.

Ал, Әбілқайыр мемориалына қатысты сараптама қайтадан тағайындалған.

Тағы оқыңыздар:

Алматыда сегіз баласымен киіз үйді паналаған анаға ауылдастары үй салып беріп жатыр

Белсенді Асқар Мырзахметовті ірі жер иеленушілерінің есімдерін әдейі жасырып отыр деп айыптады

Айдос Сарым да Нидің үстінен қылмыстық іс қозғауды ұсынды

ШҚО-да 100 мың гектарға жуық жердің қытаймен бірлескен компанияларға берілгені анықталды

Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған Галбадрах туралы қызықты деректер

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1214909-abilqayyr-khannynh-molasyn-tonaghan-sh.html