RU

Олимпиадада жүлдегер атанған тұңғыш қазақ қызы Жазира Жаппарқұл туралы не білеміз? (фото, видео)

Барша қазақстандықтарға қуаныш сыйлап, Рио Олимпиадасында ел қоржынын күміс медальмен толықтырған Жазира Жаппарқұлдың сіз біле білмейтін сырлары қандай? Бұл сұраққа жауапты NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі іздеп көрді.

Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған тұңғыш қазақ қызы жеңісінен кейін бірден үйіне қоңырау шалды. Жақындарымен сөйлескен бойжеткеннің көзіне жас үйірілді.

Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Жеті айлық болып шала туылған ол алғаш рет жаттығу залына сегіз жасында келген. Ол кезде салмағы жиырма екі келі болатын. Алайда ата-анасы Әбдірахман мен Күлайхан және бауырлары оның бұл таңдауына қарсылық танытқан.

Тіпті «ауыр атлетика қыз баласына тән емес» деп те талай кеңес берген олар Жазираның бұл қылығын балалыққа балап, уақыты келгенде спорттың бұл түрінен қол үзеді деп сенген. Бірақ, батыр қыз мұнысын қоймаған соң үйіндегілер жаттығуға жібермей қоятынды шығарған. Соған қарамастан зілтемірші терезеден қашып кетіп, жаттығуын жалғастырып жүре берген.

Жазираның спорттағы тұңғыш жаттықтырушысы дене шынықтыру пәнінен сабақ берген әрі спорттың осы түріне алып келген - Дүйсенбек Құрманов.

Мектепте көбіне ұлдармен бірге жүретін Жазира олармен бірге футбол да ойнаған.

Жазира - отбасының кенжесі. Алдында алты әпкесі бар. Жақындарына бауырмал. Тілшілерге берген сұхбатында былтыр АҚШ-та өткен әлем чемпионатындағы күміс жүлдесінен кейін ОҚО әкімі тарту еткен төрт млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа жиен сіңлісін емдететінін айтып қалған болатын.

Тіпті туысының еміне ешкімнен алақан жайып көмек сұрамағанын, «шамамның келгенінше ақша тауып, өзім емдетемін» деп те сұхбат берген. Сонымен қатар қазақ спортшысы кез келген жарыста эмоцияға беріліп, арыстанша айқайламай, алдына қойылған міндетті үнсіз орындауға үйренгенін де отандық журналистерге айтқан.

Рионың күміс жүлдегері Жазира кез-келген жарысқа бармас бұрын алдымен қариялардың ақ батасын алып, содан соң қазақшылық әдіспен міндетті түрде дем салдырып алады.

Риода 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жазира жұлқа көтеруде алдымен 111 келіні, кейін 115 келіні бағындырды. Үшінші мүмкіндігінде қазақ қызы 117 келіні бағындыра алмады. Ал жұлқа көтеруді қазақстандық зілтемірші 140 келіден бастады.

Алайда алғашқы мүмкіндігін сәтсіз аяқтаған ол екінші мүмкіндігін орындап шығып, үшіншісінде 144 келіні бағындырды. Нәтижесінде тек қытайлық спортшыға есе жіберген Жазира осылайша күміс жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетейік, 2012 жылы спортшы Жазира қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан тұңғыш Әлем чемпионы атанған. Гватемаланың  Антигуа қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен додада ол қарсыластарына дес бермеді. 69 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық зілтемірші жұлқа көтеруде 106, ал серпе көтеруде 133 келіні бағындырып, қос сайыстың қорытындысы бойынша (239 кг) әлемнің ең үздік ауыр атлеті атанған.

Сонымен қатар Жазира Жаппарқұл 2014 пен 2015 жылдары өткен Әлем чемпионаттарында күміс медальға ие болған.  Ерекше атап өтерлігі, зілтемірші Жазира қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш спортшы.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар. 

Тағы да оқыңыздар:

Қарны шығып кеткен спортшы жанкүйерлерді күлкіге қарық қылды (фото)

Ресейлік боксшы Олимпиадада ұтылғаны үшін Қадыровтан кешірім сұрады

Олимпиадада өзге елдің намысын қорғайтын қазаққа қатысы бар спортшылар кімдер? (фото)

Словениялық спортшы тікелей эфирдегі сайыс кезінде қаза тапты (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1216516-olimpiada-oyyndarynda-zhuldeger-atan.html