RU

Жазираның әкесі: Қаршадай ғана қызымыздың бұл жүлдесі - күллі қазақ үшін үлкен қуаныш (фото)

Риода күміс медальға ие болып, Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы атанған Жазираның әкесі Әбдірахман Жаппарқұл Бразилия төрінде күміс жүлдеге ие болған кенжесінің бұл ерлігін ерекше күтіп, қатты толқыған.

Бұл туралы күміс жүлдегердің әкесі NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісіне айтып берді.

Өз сөзін барша қазақ халқына қолдау білдіргені үшін алғыс айтудан бастаған Әбдірахман Жаппарқұл қызының өнерін үйде туыстарының ортасында бірге тамашалаған. Қатты қобалжыған ол қазақ қызы алғашқы мүмкіндігін жіберіп алғанда «қап» деп біраз толқи түсіп, Алладан дұға тілеуді доғартпапты.

«Жазира Риоға жолдама алған сәттен бастап қатты қуандық. Барлық ойынын жіті бақылап отырдық. Мен үнемі жұмыста болдым. Тәрбиесімен көбіне анасы айналысты. Сол кісіге рахмет бірінші кезекте. Қызымның ойынын тағатсыздана күттік. Бүкіл туыстарымыз үйге жиналып, тапжылмай отырып қарадық. Дұға еттік. Қаршадай ғана қызымыздың бұл жүлдесі күллі қазақ халқы үшін үлкен қуаныш әкеліп отыр. Себебі бұған дейін Олимпиада ойындарында қазақтың ешбір қызы жүлде алмаған еді. Қызыма рахмет айтамын», -  деген әкесі Жазира өнер көрсетіп бола сала үйіндегілермен сөйлескенін айтты.

«Мойнына медаль іліне сала бізге хабарласты. Қатты қуанып әрі қобалжығанын сездік. Біз де мұнда қобалжып отырдық. Бірінші менімен сөйлесті. «Қызым, рахмет саған!» деп алғысымды білдірдім. Сосын анасымен сөйлесті», - деді Әбдірахман Жаппарқұл.

Сонымен қатар зілтеміршінің әкесі қыздарын Риоға шығарып саларда айтқан талап-тілегімен де бөлісті.

«Жазираны Алматыдағы әуежайдан шығарып салдық қой. Сонда оның құлағына: «Қызым, бүкіл қазақ жұрты саған үміт артып отыр. Үмітті ақтағайсың. Тіпті елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі батасын беріп шығарып салды» деп сыбырлап шығарып салдым», - деді Жазираның әкесі.

Әкесінің айтуынша, Жазира өмірге жеті айлық болып келген. Әлсіз болған ол кейінірек спорттың осы түрін таңдаған. Ата-анасы алғашқыда қыздарының бұл таңдауына қарсылық танытқан. Оған себеп – ауыр атлетика қыз баласы үшін қауіпті әрі қиын спорттың түрі болып табылады. Дегенмен қыздарының қайсарлығының арқасында ол дегеніне жеткен. Содан бері ата-анасы Жазираның жарысын жібермей, үнемі қолдап келеді.

Айта кетейік, батыр қыз Жазираның өнерін жерлестері Арыс қаласындағы орталық алаңда үлкен теледидар арқылы тамашалап, қолдау көрсетті. Алайда туыстары оның өнерін алаңнан емес, үйде қарауды жөн санаған.

Зілтемірші өнер көрсететін күні үйіне Арыс қаласы әкімінің өзі барып, туыстарымен бірге жанкүйер болған.

Жазира Жаппарқұл Риоға аттанарда туыстары мен жақындарына Олимпиада ойындарынан жүлдесіз қайтпайтынына уәде еткен. Әкесі қызының қол жеткізген бұл күміс жүлдесі, алтынға татитынын, алда талай алтыннан алқа тағатанынан үмітті екенін ашып айтты.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы да оқыңыздар:

Жазира Жаппарқұл: Қазақ осы күнді армандағалы қашан?

Өзбек боксшысынан ұтылған Біржан Жақыпов Олимпиаданы аяқтады

Ауыр атлет Ниджат Рахимов Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды (фото, видео)

Жүзгіш Дмитрий Баландин Қазақстан құрамасына екінші алтын еншіледі

Олимпиадада жүлдегер атанған тұңғыш қазақ қызы Жазира Жаппарқұл туралы не білеміз? (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1216663-zhaziranynh-akesi-qarshaday-ghana-qyzymy.html