RU

Олимпиаданың алтын жүлдегері Дмитрий Баландин жайлы не білеміз? (фото, видео)

Бүгін Астана уақытымен таңғы 7-де суда жүзуші Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, спорттың бұл түріндегі тұңғыш қазақстандық чемпион атанды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірнеше сағат ішінде Дмитрий «алтыны» әлеуметтік желідегі  қазақстандықтардың басты тақырыбына айналды. Шынында да, 21 жастағы спортшы көпшілік үшін нағыз жаңалық болды.

«ҚазАқпарат» құттықтауларға қосыла отырып, бүгінгі күннің батыры жайлы бірнеше мәліметтермен танысуды ұсынады.

Дмитрий Баландин 2014 жылы оңтүстіккореялық Инчхон қаласында өткен Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанғанда, есімі көпке аян болды. Азиадаға дейін оны тек арнайы мамандар ғана білетін.

Сол жарыста Дмитрий үш қашықтықтағы (50,100 және 200 метр) брасс бойынша алтын медаль жеңіп алып, Азиаданың рекордын жаңартқан еді. Осы жеңістен кейін елдің спорттық жетістіктерін бақылаушылар Дмитрийді Қазақстандағы жүзу спортының басты үміті деп атады.

Дмитрий Игоревич Баландин 1995 жылы 4 сәуірде Алматы қаласында туған. Бойы - 195 см, салмағы - 85 келі. 2003 жылы 8 жасында спорттық жүзумен айналыса бастаған. 2008-2012 жылдары оқыған Алматы қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты бітірді.

2009 жылдан бүгінге дейін жеке бапкері Алексей Казаковтің жетекшілігімен жаттығады.

2011 жылы Д.Баландинге Қазақстанның жүзу бойынша спорт шебері атағы берілді, ал жыл соңында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.

Өзінің спорттық мансабында Баландин жүзу бойынша бірнеше рет чемпион атанып, рекордтарды жаңартқан. 2010 жылы «Александр Попов Кубогы» жалпыресейлік сайысында жеңімпаз атанды. 2011 жылы VII Азия чемпионатының әр түрлі жас топтары арасында күміс жүлдегері болды.

2013 жылы жүзу бойынша  IV әлемдік жастар чемпионатында төртінші орын алды. 2014 жылы Азия ойындарының чемпионы атанды. 2015 жылғы жазғы Универсиадада 100 метрлік брасс бойынша алтын медаль, 50 метрлік брасс бойынша қола медаль жеңіп алды.

Спортшының өзге де қызығушылықтарына келер болсақ, барлық жастар секілді ол да футбол мен бейнеойындарды ұнатады, үйінде хаски итін асырайды.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы да оқыңыздар:

Жазираның әкесі: Қаршадай ғана қызымыздың бұл жүлдесі - күллі қазақ үшін үлкен қуаныш

Жазира Жаппарқұл: Қазақ осы күнді армандағалы қашан?

Өзбек боксшысынан ұтылған Біржан Жақыпов Олимпиаданы аяқтады

Ауыр атлет Ниджат Рахимов Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды (фото, видео)

Жүзгіш Дмитрий Баландин Қазақстан құрамасына екінші алтын еншіледі

Олимпиадада жүлдегер атанған тұңғыш қазақ қызы Жазира Жаппарқұл туралы не білеміз? (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1216911-olimpiadanynh-altyn-zhuldesininh-ieger.html