RU

Қарағандыда үлкен салтанатпен ашылып, бір де бір ұшақ шығармаған зауыт сатылымға қойылды

Қарағандыда үлкен салтанатпен ашып, бірақ сол күйі бір де бір ұшақ шығармаған «ҚазАвиаСпектр» шағын ұшақтар жасайтын зауыты саудаға шығарылды. Бастапқы бағасы зауыт іске қосылған бес жыл бұрынғы құнынан арзан деп хабарлайды Азаттық.

Негізінен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын шағын ұшақтар шығарумен айналысады деп жоспарланған «ҚазАвиаСпектр» зауыты 2011 жылы ресми түрде ашылған. Зауытты іске қосуға арналған салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысын ұшақ жасау және өзге салалардағы жаңа жобалар үшін мақтаған болатын. Жоба «Индустрияландыру картасына» еніп, билік «Қазақстан экономикасына шикізатқа тәуелділіктен құтылуға көмектеседі» деп мәлімдеген мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бір бөлігіне айналған. Инфрақұрылым салуға «Жол картасы-2020» бағдарламасынан 700 миллионнан аса теңге бөлінген. Ал «ҚазАгроФинанс» компаниясы арзан пайызбен бірнеше несие бөліп, ақыры жалпы несие көлемі бір миллиард теңгеден асқан. Кәсіпорын зауыт құрылысына өз қаражатын да салған.

Зауыт бірнеше жыл ішінде бірде-бір ұшақ шығара алмағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жобаны «көзбояушылық» атап, қатты сынаған. Енді қайтармаған қарыздарын жабу үшін зауыт сатуға шығарылды, ал мамандарды таратып жіберген.

Күзетсіз зауыт

Полиция тексеріп, сотқа іліккен, енді аукционға шығарылған шағын ұшақтар зауыты Қарағандының іргесіндегі өнеркәсіп аймағында орналасқан. Азаттық тілшісі ол жаққа бармас бұрын бірнеше күн бойы «ҚазАвиаСпектр» зауыты директоры Александр Ващенкомен хабарласуға тырысып көрді. Бірақ ол телефон қоңырауларына да, СМС-хабарламаларға да жауап қатпады. Ал оның орынбасары Андрей Глушень «Ілтипатыңыз үшін рахмет, бірақ қазір болып жатқан жағдайларға қатысты комментарий бермеуге тырысамын» деген уәжбен сұхбат беруден бас тартты. Оның айтуынша, ертеректе кей БАҚ-тар ол «мүлде айтпаған» сөздерге сілтеме жасаған.

Тамыздың 9-ы, яғни сейсенбі күні Азаттық тілшісі «ҚазАвиаСпектр» зауытына барып қайтты. Тілші келген кезде әлдебір күзеттің (ақырын үрген иттен басқа) жоқтығы, айқара ашық қақпалар мен зауыттың ішіне емін-еркін кіруге болатыны бірден көзге шалынды. Үлкен ғимараттың алдында ұшақтар тұр. Бірақ зауыт ауласында жүрген адамдар әлгі ұшақтардың ғимаратты жалға алған өзге қазақтандық компанияға тиесілі екенін айтты. Бірақ ол да техникасын біртіндеп әкетіп жатыр екен.

Арнайы жұмыс киімін киген бірнеше адам зауыттың іші-сыртында тұрған шағын ұшақтардың кей тұстарын бояп, жөндеп жүр. Бөтен адамның кім екенін, қайдан келгенін ешкім сұрамағанымен, Азаттық тілшісі өзін таныстырып әрі келген мақсатын қысқаша түсіндіріп, зауыттың ішін аралап шығуға және суретке түсіруге рұқсат сұрады. Ешкім қарсы болмаған соң біз зауытты емін-еркін араладық. Тек әлдебір ер кісілер бөтен компанияға тиесілі ұшақтарды жақыннан түсірмеуді ғана сұрады.

Зауыттың түкпіріне қарай кіргенімізде сол күйі толық жиналмай қалған «Фермер-2» ауыл шаруашылығына арналған жеңіл моторлы алғашқы ұшақты көрдік. Сыртқы корпусы - фюзеляжі ғана бар ұшақтың «ішкі құрылысы» дұрыс сызбалардың жоқтығынан құрастырылмай қалған. Толық құрастырылмай қалған ұшақтың ендігі тағдыры не болатыны әзірше белгісіз. Зауыттың тағы бір залынан ішінде болашақ шағын ұшақтардың көптеген макеттерін көруге болады.

Әуелі «ҚазАвиаСпектр» зауыты егістік алаңдарына химикаттар шашатын «Фермер» ұшақтарын шығарады деп болжанған. Кезінде зауыттың жеке конструкторлық бюросын құру жоспарланып, «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшақтарын тіпті экспортқа шығару да көзделген. Бірақ өндіріс мерзімі талай рет кейінге сырғыды. «ҚазАвиаСпектр» мен Қазан қаласындағы әріптес компания арасында дау туған. Кезінде БАҚ әріптес компаниялар бір-біріне кінә артқанын жазған. Авиазауыт басшылығы ресейлік мамандарды «ұшақтың сызбаларын бермеді» деп, ал ресейлік компания Қарағанды авиазауытын «келісім-шартта қарастырылған міндеттемелерін орындамады» деп айыптаған.

Ақыры үлкен үміт артқан жоба қазір мүлде тоқтап қалған. Алғашында зауытта 59 адам жұмыс істеген, ал кейінгі кезде барар жері жоқ немесе өндіріс қайта жанданады деп үміттенген 12 адам ғана қалған. Екі айдай бұрын Қарағанды облыстық сотының қарызды «ҚазАвиаСпектр» зауытын сату арқылы өндіріп алу туралы шешімі күшіне енгеннен кейін қалғандары да жұмыстан шыққан.

«Ақшамызды қайтарғымыз келеді»

Сот қаулысында борышкердің кепілге қойылған бүкіл мүлкі (кәсіпорынның әкімшілік және өндіріс ғимараты, ұзақ мерзімге жалға алған жер телімі) сатылуы тиіс деп көрсетілген.

Жобаны іске қосқан кезде шенеуніктері зауыттың болашағы зор екенін айтқан Қарағанды облысы өнеркәсіп басқармасы өкілдері енді «бұл жобамен» айналыспайтынын айтады.

Басқарма өкілдері «Жоба кәсіпорынмен соттасқан «ҚазАгроФинанс» құзырында. Қазір зауыт жұмыс істемейді. Олар әріптестерімен мәмілеге келе алмады. Ал кәсіпорын сол күйі дұрыстап жұмыс істеген жоқ» деген уәжбен «ҚазАгроФинанс» компаниясына сілтеді.

«ҚазАгроФинанс» компаниясы өкілдері Азаттыққа «ҚазАвиаСпектр» зауыты «ҚазАгроФинанс» қаржысына салынғанын, ал жоба «проблемалық» деп танылғанын айтады. «Қазагро» ұлттық холдингінің еншілес құрылымы «ҚазАгроФинанс» өкілдері «бірақ мемлекет шығынға батты деп айтуға болмайды» деп санайды. Компания өкілдерінің айтуынша, зауытқа несие берген кезде кредитор зауытты да, жерді де кепілге алған.

"Олардың үстінен арыз бердік. Жері мен зауыты бізде кепілде тұр. Сот қаулыны орындаушыны тағайындаған, енді әлгі сауданың өткенін күтіп отырмыз, өйткені ақшамызды қайтарып алғымыз келеді. Сондықтан зауыт сатылып кетіп, ақшамызды қайтарып берсе, қуанар едік. Бірақ зауытты бізге берсе, оны не істейтінімізді де ойластырар едік. Бірақ сот ақшаны қайтаруы тиіс деп қаулы етті", - дейді «ҚазАгроФинанс» компаниясы өкілдері.

Бірде-бір ұшақ шығармаған «ҚазАвиаСпектр» зауыты қазір сатуға қойылған. Аукцион тамыздың 12-сі күні таңғы сағат 10-ға белгіленген, ол мемлекеттік мүлік реестрі сайтында бірыңғай электрондық алаңда өтуі тиіс. Бастапқы бағасы – бір миллиард 22 миллион теңге (қазіргі бағаммен - үш миллион долларға жуық). Бір қызығы, зауыт іске қосылған бес жыл бұрын жоба екі миллиард теңге деп бағаланған, ал бұл – девальвацияға дейінгі айырбас бағамымен есептегенде 13 миллион доллардан көп болатын.

Тағы оқыңыздар:

Данияр Елеусінов қарсыласын айқын басымдықпен ұтты

Әділбек Ниязымбетов Олимпиаданың келесі айналымына шықты

Қазақстан құрамасының тағы бір боксшысы жарысты аяқтады (фото)

Қайрат Ерәлиев әзірбайжандық әлем чемпионын жеңді (фото)

Германия Қазақстанды Олимпиада ойындарынан шеттетуді ұсынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1217818-qaraghandyda-ulken-saltanatpen-ashyly.html