Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рио-2016: 13 тамызда қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті?

Опубликовано:

Рио Олимпиадасының тоғызыншы күні қазақ боксшылары үшін сәтті болды. Шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жеңісті жорықтарын жалғастырды.

Ал жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұзындыққа үш қарғып секіруден үздік үштікке еніп, ақтық сайысқа жолдама алды, деп хабарлайды BNews.kz.

Бразилияда өтіп жатқан дүбірлі доданың тоғызыншы күні Қазақстан құрамасы спорттың 5 түрі бойынша сынға түсті. Алдымен жанкүйерлер ұзындыққа үш қарғып секіру бойынша өткен сайысты тамашалады. Бұл жарысқа қазақстандық 3 жеңіл атлет қатысты. Өкінішке қарай, 2 спортшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Яғни іріктеу кезеңінде Екатерина Эктова 13 м 38 см-ге секіріп, 28-ші орынға тұрақтаса, Ирина Литвиненко 13 м 17 см нәтижесімен 33-шы орыннан көрінді. Осылайша, олар сайысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Ал осы жарыста Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Рыпакова 14 м 39 см-ге секіріп, жалпыкомандалық есепте үздік үштікке кірді. Енді жерлесеміз Олимпиада ойындарының жүлдесі үшін бағын сынайды.

Ал 400 метрге жүгіру сайысында сынға түскен Элина Михина мен Анастасия Кудинова іріктеу кезеңінен өте алмады. Жарыс қорытындысы бойынша Элина 400 метрді 53,83 секундта жүгіріп өтсе, Анастасия осы аралықты 56,03 секундта бағындырды. Осылайша, олар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алған үздік 24 спортшының қатарына кіре алмады.

Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындарына батуттан секіру бойынша алғаш рет өз спортшысын қатыстырды. Осы сайыста ел намысын қорғаған Пирмаммад Алиев екі сайыстың қорытындысы бойынша 105, 890 ұпаймен, 12-ші орыннан көрінді. Осылайша, жерлесіміз финалға шыға алмады.

Алайда осы күні қазақ боксшылары намысты қолдан берген жоқ.

52 келіде өнер көрсеткен Олжас Сәттібаев алғаш рет шаршы алаңға шығып, пуэрторикалық Хевьер Синтронды еліне қайтарды. Алғашқы раундта екі төреші жеңісті Синтроға берсе, екінші раундта Олжас қарсыласының басым түсті. Ал шешуші раундта Олжастың бағы жанды. Сөйтіп, 2:1 есебімен қазақ боксшысы келесі кезеңге өтті. Енді жерлесіміз ширек финалда әлем чемпионы әзербайжандық Эльвин Мамишзадемен қолғап түйістіреді.

69 келі салмақтағы рингке ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов венесуэлалық Габриэль Маэстраны айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.Оның ендігі қарсыласы француз боксшысы Диоп Сүлейман Сисоккомен жұдырықтасады.

91 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген қазақстандық боксшы Василий Левит өз әріптестерінің ерлігін қайталады. Ол кубалық былғары қолғап шебері Эрисланди Савоннан басым түсіп, Рио Олимпиадасының финалына өтті. Енді Василий алтын жүлде үшін 2015 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Евгений Тищенкомен жұдырықтасады.

Боксшылар арасында рингке соңғы болып, 91+ келіге дейінгі салмақта Иван Дычко көтерілді. Оның қарсыласы өзіне жақсы таныс әзербайжандық Магомедрасул Меджидов еді. Әзербайжандық боксшы Иванды үшінші рет жеңемін деп мақтанған болатын. Алайда, ол бұл сөзінде тұра алмады. Себебі, жерлесіміз бірінші раундтан-ақ Магомедрасулды ауыр соққылардың астына алды. Осындай сәттердің бірінде әзербайжандық боксшының қабағы жыртылып, дәрігерлер оған жарысты жалғастыруға тыйым салды. Осылайша, Иван Дычко мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Жерлесіміздің ширек финалдағы қарсыласы да осал емес. Ол Тринидад және Тобаголық боксшыны нокаутпен жеңген нигериялық Эфе Аягбамен кездеседі. Қос қарсылас 17 тамыз күні Астана уақытымен 04:00-де кім мықтыны анықтайтын болады.

Сонымен, Рио Олимпиадасының тоғызыншы күні 21 алтын 14 күміс, 17 қола медальмен АҚШ жалпыкомандалық есепте жеке дара көш бастады. Ал екінші орында 13 алтын, 11 күміс, 17 қола медальді еншілеген Қытай құрамасы келеді. Ал үздік үштікте 8 алтын, 10 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған Ұлыбритания тұр. Ал Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 14-орыннан 16-орынға сырғыды.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы оқыңыздар:

Василий Левит Олимпиада ойындарының финалына шықты (фото)

Иван Дычко әйгілі әзірбайжандық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп кетті

Данияр Елеусінов әйелінің туған күнінде Олимпиаданың жартылай финалына өтті

Танымал тележүргізуші қазыдан Алла сөзін тауып алды (фото)

Шымкентте BMW жылу трассасын жөндеп жатқан бес жұмысшыны басып өтті (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1219277-rio-2016-13-tamyzda-qazaqstandyq-sportshyla/

pixel