RU

Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Алматыға оралды

Бұл күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан тарихында жүзуден тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанған 21 жастағы Дмитрий Баландин туған қаласы Алматыға оралды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық әуежайдың VIP-терминалында жеңімпазды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, сондай-ақ, Дмитрий білім алатын осы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері, спорт саласындағы ұйымдардың өкілдері, жас спортшылар, қала тұрғындары - барлығы 300-ден астам адам зор қуанышпен қарсы алды.

Қолдарына транспаранттар, плакаттар мен көк байрақ ұстаған жастар Дмитрий VIP-терминалдан шыққан бетте «Баландин - чемпион», «Алға Қазақстан» деп ұрандатты.

«Дмитрий Баландиннің Риода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарындағы жеңісі - біздің ел үшін тарихи жеңіс. Біз бүкіл ел болып, бұл жеңіске ерекше қуандық. Мінеки, 21 жастағы Дмитрий Баландин бірнеше күннің ішінде жастардың «кумиріне» айналды. Бірақ, ол қарапайым, биязы жігіт. Бұл жеңіс оның басын айналдырып жібермейді деп ойлаймын. Дмитрийдің жеңісі кездейсоқ жеңіс емес. Ол бұл жарысқа жылдар бойы тер төгіп дайындалды. Сөйтіп, әділ түрде жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта елімізде Дмитрий Баландин секілді жастар көптеп шығып, чемпион атанып, еліміздің абыройын арттырады деген сенімдемін», - деді өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Байбек.

Өз кезегінде Дмитрий Баландин қала басшысына және чемпионды қарсы алуға келген барша азаматтарға ризашылығын білдірді.

«Бізге қолдау көрсеткендеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңызды біз қашанда сезініп жүрдік. Мен үшін елімізді әлемге таныту, көк Туды желбірету асқан мәртебе», - деді Баландин.

Бұдан кейін, жанкүйерлер Дмитриймен фотоға түсіп, одан жапа-тармағай қолтаңба алуға кірісті.

Айта кетелік, бүгін Дмитрий Баландинмен бірге Алматыға оның ата-анасы мен жеке бапкері Алексей Казаков, сондай-ақ, шалқалап жүзуден қазақстандық спортшы Екатерина Руденко, бас жаттықтырушы Олег Вагизов ұшып келді.

Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейро қаласының Олимпиадалық жүзу орталығында өткен жарыста 200 метрге брасс әдісімен жүзу бойынша Олимпиада чемпионы атанды. Оның көрсеткіші - 2:07.46 минут.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы оқыңыздар:

Рио-2016: Қазақ балуаны Өзбекстанға қола медаль сыйлады

Жақсылық Үшкемпіров: Жүрек ауыртатын жеңіліс болды (фото)

Әйгілі Мейвезер Данияр Елеусіновтің жекпе-жегіне орнынан тұрып қол соқты (видео)

Василий Левит Олимпиада ойындарының финалына шықты (фото)

Иван Дычко әйгілі әзірбайжандық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1219844-rio-olimpiadasynynh-chempiony-dmitriy.html