RU

Ақтөбедегі теракт кезінде қаза тапқан сарбаздың отбасына үй берілді (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ақтөбеде теракті кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаз Досбол Сапардың отбасына үй берді, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ-тің тілшісі.

Жас сарбаз Досбол Сапар осыдан екі ай, тоғыз күн бұрын отан алдындағы борышын атқарып жүріп қаскөйлердің қолынан қаза болған еді. Бүгін қара жамылған отбасыға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Атамқұлов үйдің кілтін табыстады. Аймақ басшысы сарбаздың ата-анасына батыр ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс білдіріп, жаңа үйді енді сарбаз Досболдың шаңырағы деп атайтынын айтты.

Ал сарбаздың інісі Ербол Сапар ағасының жолын қуып, әскери азамат болатынын жеткізді. Айта кетейік, ұлынан айырылған отбасыға берілген баспана аймақтағы ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметкерлерінің бір күндік жалақы есебінен алынған. Яғни, шенді қызметкерлер ерлікпен қаза тапқан сарбаздың жерлеу рәсімінен кейін бір күндік жалақыларын оның отбасына аударатынын мәлімдеген еді.

Аударылған қаржының 10 млн теңгесіне 138 шаршы метрді құрайтын баспана алынды. Ал қалған 2 млн теңге қара және ұсақ малдар мен тұрмыстық техника, жиһаз бен компьютерге жұмсалды. Бұған дейін, яғни, сарбаздың жерлену рәсімінде аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов оның отбасына облыстағы әкімдік қызметкерлерінің бір күндік жалақыларының есебінен 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусым күні Ақтөбеде қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасаған еді. Қазақстан Ұлттық гвардиясының сарбазы Досбол Сапар шабуыл кезінде бет пен аяқ тұсынан алған қос жарақатынан қаза тапты. Отан алдындағы борышын атқарып жүрген сарбаздың денесі 7 маусым күні туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында жерленді.

Досбол Сапар 1997 жылы ОҚО, Шардара ауданы, Көксу ауылдық округінде дүниеге келген. 2015 жылдың 12 желтоқсанында Шардара аудандық қорғаныс істері бөлімшесі арқылы әскерге шақырту алған ол, осы жылдың күзінде туған жеріне оралуы тиіс болатын. Әкесі Еркінбекке сарбаз Досбол әскери борышын өтеу мерзімі аяқталған соң сонда келісімшартпен қалып, еліне қызмет ететінін айтқан екен.

Тағы оқыңыздар:

Тұрғындар: СҚО-да мораторийге қарамастан жергілікті билік жерлерді сатып жіберген

Алматыда Мәсімов жүретін жолдар жуылуда (видео)

Сарыарқа даласынан Мысыр пирамидаларына ұқсас ғимарат табылды

Атырау облысында жеті жастағы бүлдіршін екі жастағы баладай болып көрінеді (фото)

Ерке Есмаханның ғашығы төсегін гүлмен көмкерді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1220871-aqtobede-terakti-kezinde-erlikpen-qa.html