RU

Василий Левиттің жеңілісі Олимпиадада үлкен дауға айналды

Рио олимпиадасында бокстан 91 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бәсеке финалында төрешілер шешімімен ресейлік Евгений Тищенко - алтын, қазақстандық Василий Левит күміс жүлде алды. Алайда бокс сарапшылары мен жанкүйерлер төрешілер шешіміне наразы деп хабарлайды Азаттық.

Левит рингте өте белсенді болды. Үш раунд бойы шабуылдап, қарсыласына біраз соққы дарытты. Ал ресейлік боксшы кездесу бойы қорғана жүріп, қарсыласу тактикасын өзгертпеді. Үшінші раундта Левиттен ауыр соққы алған Тищенконың қабағы жарылып, дәрігер көмегіне жүгінді.

Үш раундтың қорытындысы бойынша Ирландия, Колумбия және Алжирден келген төрешілер жеңісті Тищенкоға берді. Бокс өтіп жатқан Rioсentro кешеніне жиналған барлық жанкүйерлер төрешілердің шешіміне наразы болып, ұзақ уақыт гуілдеп, ал рефери Ресейлік боксшының қолын көтерген сәтте бүкіл залдағы көрермен «Қазақстан» деп айғайлап тұрып алды. Василий Левиттің өзі таңданысын жасыра алмай, басын шайқады.

Марапаттау рәсімінде де Василий Левит тұғырға көтерілген сәтте жанкүйерлер оған ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Боксшының өзі тұғырда көз жасын сүртіп тұрды. Ал ресейлік Тищенко алтын алғанда залдағы көрермендердің барлығы дерлік қарсы екенін білдіріп жатты. Бірақ Левиттің өзі қолын көтеріп, олардан тыныштық сақтауды сұрады.

Қазақстан мен ресейлік тараптың пікірі

Финалдық кездесуден кейін спортшылар журналистерге сұхбат беретін микст-зонада Ресей мен Қазақстан журналистері біраз сөзге келіп, егесіп те қалды. Қазақстан тілшілері финалдың әділ болмағанына наразылық білдірсе, Ресей журналистері «Тищенко сауатты қорғана жүріп, соққыны аз жасаса да дәл тигізгенін» айтып жатты. Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «сөзім жоқ» деп қысқа қайырды.

Василий Левит медалін алған соң «Жеңдім деп ойладым. Бірақ жан-жақта отырған төрешілер басқа жекпе-жекті көрген сияқты. Бастысы жаттықтырушылар қойған барлық тактиканы орындадым. Олимпиадаға келген барлық спортшы чемпион болуға келеді. Бірақ бұл жолы бір саты төмен тұрамын» деді.

Ал Ресей боксшысы Тищенко «Кездесудің қорытындысы туралы айту қиын. Егер мен әділетсіз түрде жеңіске жетсем, қарсыласымнан кешірім сұраймын. Мен жеңіске жеттім бе, әлде ұтылдым ба - толық түсінбедім. Секунданттарым да білмеген болар. Кездесудің нәтижесін күтіп тұрдым. Жеңіс маған берілгеніне өте қуаныштымын» деп жауап берді.

Ресей бокс құрамасының бапкері Александр Лебзяк «Тищенко екі раундта жеңіске жетті. Алғашқы екі раундта Левитке бапкерлері жеңіліп жатырсың деп ескертсе керек. Ол үшінші раундта көп соққы жасай бастады. Төрешілерге біз әсер ете алмаймыз. Бірақ Тищенко таза жеңді» деді.

#LEVIT

Финал шешімі шыққаннан кейін Twitter әлеуметтік желісінде бокс сарапшылары мен жанкүйерлер Левиттің жеңіске жеткенін, төрешілердің шешіміне наразылығын білдіріп жатты. Сөйтіп қазақстандық боксшыны қолдау үшін #Levit хэштегі ашылды.

Бокс промоутері Лу Дибелла Twitter парақшасында "Менің ойымша, AIBA – мафия. Бұл – тарих үшін де, Олимпиада үшінде масқара" деп жазды.

Бокс сарапшысы Дэн Рафаэль "Рио ойындарындағы бұған дейінгі кездесулерде төрешілер жақсы жұмыс істеп еді. Бірақ бүгінгі (Тищенко-Левит матчы) төрешілердің жұмысы жаман, өте жаман" деген пікір білдірді.

Кәсіпқой боксшы Серхио Рамирестің пікірінше, "Бұл жекпе-жекте Қазақстан боксшысы жеңіске жеткен". Ал Райан Чик есімді жанкүйер "Левитті таза жығып берді. Левит 30:27 есебімен жеңді деп ойлағам. Екінші раунд тең болған шығар, бірақ бірінші және үшінші раундта ол таза жеңді. Әділетсіз төрелік" деп жазған.

Елдегі сарапшылар

Statsport.kz сайтының редакторы, спорт журналисі Есей Жеңісұлы «Левит жеңілген жоқ, оның күмісін алтыннан жоғары бағалауымыз керек» дейді.

"Левит бойы ұзын Тищенконың артылып алып, күшін жоғалтуына мүлде мүмкіндік бермеді. Алыстан соққылар жасады. Бұл Тищенко үшін күтпеген жағдай болды, ол мүлде дағдарып қалды. Левиттің басымдығы күмән тудырмады. 3-раундта жекпе-жекті аялдатып, Тищенко жарақатын өтірік таңбағанда, нокдаунға түсуі мүмкін еді. Содан кейін де Левит бір минут төпеледі. Тищенко қолын көтере алмады. Бокс әділетсіз спортқа айналды. Амал жоқ, көндігеміз", - дейді журналист.

Есей Жеңісұлының ойынша, «Біз енді Левиттің күмісін алтыннан жоғары деп бағалауымыз керек».

"91 килограмда Қазақстанның бірде-бір боксшысы олимпиадаларға - Атланта, Афина, Сидней, Лондон, Бейжің ойындарына қатыспады. Бірінші рет қатыстық және күміс алдық. Оны алтыннан жоғары деп бағалаймын", - дейді спорт тілшісі.

Ал ардагер спортшы Құралбек Ордабаевтың пікірінше, Ресей боксшысына жеңісті «төреші алып берді» деу дұрыс емес.

"Біздегі бір жаман нәрсе – ұтылып қалса төреші кінәлі. Бір адам шешпейді, бес кісі отырып Ресей боксшысына берді. Енді журналистер төреші берді дейді, ол дұрыс емес, бес төреші шешімімен ұтылды ма, онда ұтылды. Енді келесі жарыстарға дұрыс дайындалу керек. Төрешілер шешіміне тоқталуымыз керек", - дейді.

Ал AIBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) президенті Чинг-Куо Ву «Төрешілер жұмысын түрліше бағалауға болады, бірақ олар шешімдерін шығарды, ол шешімді құрметтеу керек» деген.

Рио олимпиадасында әлі Қазақстандық үш боксшы жүлдеге таласады. 69 килограмм салмақ дәрежесінде Данияр Елеусінов финалға шықты. Оның қарсыласы - өзбекстандық Шахрам Гиясов. Ал Әділбек Ниязымбетов (81 кг) - жартылай финалда, Иван Дычко (+91 кг) ширек финалда бокстасады.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы оқыңыздар:

Өз елімде өгей болдым: Қытайдан келген қандастың ащы шындығы (видео)

БАҚ: Шымкентте із-түссіз жоғалған әйелдің күйеуі оны өлтіргенін мойындап отыр

Рио-2016 күнделігі: Бүгін қазақстандық атлеттер спорттың төрт түрінен сынға түседі

Әзірбайжандық боксшыдан жеңілген Жәнібек Әлімханұлы жеңілісінің нақты себебін түсіндіре алмады

Танымал актер Нұржан Төлендиев той басқару үшін 600 мың теңге сұраған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1221935-vasiliy-levittinh-zhenhilgeni-olimpiad.html