RU

Ер кезегі үшке дейін: Ниязымбетов кубалықтан есе қайтара ма? (фото)

Бүгін Астана уақытымен түнгі сағат 00:30-да 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалдық кездесуі өтеді деп хабарлайды NUR.KZ.

Ақтық айқаста қазақтың былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов пен кубалық Хулио Сезар ла Круз жұдырықтасады.

Бұл жекпе-жек екі боксшы үшін де маңызды болмақ. Себебі, екеуі де әлі күнге дейін Олимпиада ойындарында топ жармаған. Алайда, екі боксшы да әлемдік ірі жарыстарда жеңімпаз атанып үлгерді.

Әділбек пен Хулио Сезардың текетіресі 2011 жылы басталды. Сол жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының финалында кубалық боксшы Әділбекті аз ғана ұпай айырмашылығымен жеңіп кетті.

Сол бәсекеде бет қаратпаған Хулионы Лондонда топ жарады деп топшылап қойғандар көп болатын. Әйткенмен, кубалық боксшы Лондон Олимпиадасының ширек финалында күтпеген жерден бразилиялық Ямагучи Флорентинодан ұтылып, бесінші орынмен шектелді.

Ал Лондондағы додада Әділбектің финалға жетіп, ақтық сында ресейлік Егор Мехонцевтан ұтылғанын білесіздер. Аталған жекпе-жекте ұпай саны тең болғанымен, төрешілер соңғы соққыны жұмсаған ресейлік боксшыны жеңімпаз деп тапты.

2013 жылы бокстан әлем чемпионаты тұңғыш рет Алматыда өтті. Өз жерімізде өткен додада Әділбек еш қиналмастан финалға жетті. Бірақ ежелгі қарсыласы ла Крузға тағы есе жіберді.

Тіпті, осы жекпе-жек аяқталған соң залдағы көптеген көрермендер көзіне жас алып, Әділбек марапаттау рәсімінен соң ешкіммен сөйлеспей, кетіп қалған еді.

2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында Әділбек мүлде жүлдеге ілікпей, өзбек боксшысы Елшод Расуловтан ұтылды. Ал ла Круз үшінші мәрте әлем чемпионы атанды.

Сонымен, бүгін екі боксшы әлемдік турнирлердің финалында үшінші рет кездеседі. Осыған дейін екі рет есе жіберген Әділбек кубалықты жеңе ала ма? Мұны бүгін түнде анықтайтын боламыз.

Әділбек Ниязымбетов (1989 жыл, 19 мамыр)

Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2011, 2013)

Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2013), Азия чемпионы (2015)

Азия ойындарының жеңімпазы (2014)

Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері (2012)

Хулио Сезар ла Круз (1989 жыл, 11 тамыз)

Үш дүркін әлем чемпионы (2011, 2013, 2015);

Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы;

Кариб бассейні мен Орталық Америка елдері ойындарының чемпионы.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы да оқыңыздар:

Өзбек боксшысын жеңген Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанды (фото)

Мырзағали Айтжанов өзбек боксшыларына қатысты ойын білдірді

Бекболат Тілеухан Данияр Елеусіновті жекпе-жек алдында жігерлендірген (фото)

Қазақ қызы тарихта алғаш рет күрестен Олимпиада жүлдесіне ие болды

Қазақстан Олимпиада ойындарындағы медаль саны бойынша рекорд жаңартты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1224910-er-kezegi-ushke-deyin-adilbek-niyazymbe.html