RU

Бес баласының үшеуі ауыр дертке шалдыққан отбасының өмірі

Бес баласы бар алматылық келіншек үш баласының науқас екенін айтып, халықтан көмек сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Редакциямызға бес баланың анасы алматылық Гүлім Қыдырбаева хабарласып, өзінің бес баласымен бірге пәтер жалдап тұратынын және оның ақшасын екі айдан бері төлей алмағандықтан, босатуға мәжбүр екенін жеткізді.

Бес баласының үшеуінің денсаулығында кінәрат болғандықтан, оның бар ақшасы балаларының дәрі-дәрмегіне кетеді екен.Тар бөлмені балалары және жұбайымен бірге паналап отырған келіншек «барарға жер, басарға тауы қалмай, хабарласып отырғанын» айтты.

Үлкен қызы Айжан биыл тоғызыншы сыныпты бітірген. Айжанның кеудесіндегі оң жақ қабырғалары туғаннан бері жоқ.

«Қызымның туғанынан оң жақ қабырғалары түгелімен жоқ, ішіне бітіп туған», - дейді анасы.

Сондықтан ол жылына екі рет қаралып, ауруханада жатып шығады екен. Гүлім Айжанды тар үйге бәрі сыймағандықтан кейде Үштөбедегі әжесінің үйіне апарып тастайтын көрінеді. Енді болашақта оған жасанды қабырға салып, ота жасату керектігін де айтып отыр.

Одан кейін Дидар және Мейіржан есімді екі егіз баласы бар. Дидар мен Мейіржан егіз болғанымен, олардың дамуында ерекшеліктер болған. Мейіржан 6-сыныпты бітіргенімен, оның тілі толығымен жетілмеген.

Яғни, сөйлегенде сақауланып сөйлейтін көрінеді. Гүлімнің тағы бір науқас баласы 6 жаста. Ол церебралды сал ауруына шалдыққан. Кенже баласына телміре қараумен отыратын ана өзім жұмысқа шыға алмаймын деп отыр.

Отағасы Исламбакиев Ерболат осыған дейін түрлі жұмыстар істеп келген. Бірақ ешқандай оқу бітірмегендіктен, оның тұрақты жұмысы да жоқ, деп отыр Гүлім. Ерболат біреудің жеңіл көлігін жалға алып, күні-түні адам тасып, ақша табады екен.

Оның күнделікті табысы, 1000-2000 теңге ғана. Тозығы жеткен автокөлікті жалға алған соң, оның бұзылатын жерлері де көп. Сондықтан тапқан-таянғанның барлығы жыртықты жамаумен кетеді.

Тағы бір қызы 8 жаста. Ол биыл екінші сыныпқа барады. Пәтерақысын екі ай бойы төлей алмаған отбасына үй иелері жәрдем беріп, тегін тұрғызып келген. Бірақ қазір олар отбасыдан тозығы жеткен бөлмені босатуын сұрап отыр екен.

Далада қалатын болған соң, күйеуі екеуі ақылдасып, елден көмек сұрауға бекінген. Себебі, алда күз келеді, ал мектепте оқитын төрт балаға киім алуға да мүмкіндік жоқ.

«Бес баламның үшеуі - науқас. Мұндай күйімді ешкімге көрсетіп, ешкімнен көмек сұрамас едім. Бірақ балалар үшін көмек сұрауға мәжбүр болдым. Басымызда үй де жоқ. Бір жерден екінші жерге көшіп, балалар әбден шаршады. Жер алуға кезекке тұрғанбыз. Бірақ оның кезегі келгенше қай заман», - деп көзіне жас алды ана.

Егер Гүлім мен оның отбасына қолдау көрсетіп, көмек беремін деушілер болса, мына телефон нөміріне байланысуға болады: + 7 747 164 81 23.

Тағы оқыңыздар:

Мұхамеджан Тазабек қазақ қоғамында белең алған ажырасудың себебін әйелдерден көрді (видео)

Қазақстандағы танымал адамдардың сұлу қыздары

Мың бұрала билеген «ауыл қызы» ғаламторды жарды

Салмағы 18 келі болатын алып нәресте дүниеге әкелді

Желі қолданушылары Қарақатты Ким Кардашьянға ұқсатты (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1224929-bes-balasynynh-usheui-nauqas-almatylyq.html