RU

Жұртты шулатқан шілтерлі іш киімдер елімізде еркін сатылатын болды

Жұртты шулатқан шілтер іш киімге деген тыйым алынып тасталуы мүмкін деп хабарлайды 31 арна.

Яғни, Кеден одағы елдері арасындағы техникалық регламентке сай тауарларды «ылғал өткізгіштігі» бойынша тексеру кейінге шегерілген.

Кәсіпкерлерге қиындық тудырған тыйымды жою туралы ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдапты.

Кәсіпкерлерді қыспаққа алған тексеріс азаяды, құжат жинап жүгіретін жанталас саябырсиды. Мысалы, бұрын киім-кешек тігілер алдында матасы тексеріліп, кейін дайын тауар тағы бақылаудан өтетін. Енді қос тексерістің қажеті жоқ.

"Ол мына кәсіпкерлерге қиыншылық тудырды. Себебі дайын тауар сертификаттаудан өтеді де, сырьесы да сертификаттан өтуге тура келді. Сосын біз тауарды ғана тексерейік деп  ұсыныс айттық", - дейді  ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов.

Шекарадан кірген-шыққан кілем мен киізге қойылатын сәйкестік белгісін алу да жеңілдетілмек. Жазғы және жағажайға арналған киімдердің ішкі жағы талапқа сай болса, сатылымға рұқсат.

Ал екі жыл бұрын жұртты шулатып тыйым салынған шілтер іш киімге шектеу алынып тасталатын сияқты. Себебі техникалық регламенттегі «ылғал өткізгіштігі» бойынша тексеру енді болмайды.

Алайда сатушылар екі жыл бұрынғы тыйымның тиімді болғанына күмәнді. Себебі көрші елдерден келетін синтетикалық шілтер іш киімдер осы күнге дейін жеңіл жеткізіліп тұрған.

Ал Ұлттық стандарт жасауға көшкен құзырлы органдар жыл соңына дейін 700-ден астам талап енгізбекші. Олар жүзеге асса, арзан импорт шектеліп, бәсекелестікке шыдас бермей тұрған біздің жеңіл өнеркәсіп аяққа тұрмақ.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1225376-zhurtty-shulatqan-shilterli-ish-kiimder-e.html