RU

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы трансформация бағдарламасының нәтижелерімен бөлісті

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев 16-17 тамызда Сингапурда өткен «Stewardship Asia RoundTable 2016» шарасында сөз сөйледі деп хабарлады жұма күні қордың сыртқы және ішкі коммуникациялар жөніндегі департаменті

«Қордың трансформациясы бағдарламасы іске қосылғалы бері екі жылға жетер-жетпес уақыт өтті, алайда қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. ЭЫДҰ стандарттарына сай келетін жаңа Корпоративтік басқару кодексі бекітілді. Қордың қоржын компанияларда өкілетті Директорлар кеңесі бар стратегиялық холдинг ретіндегі жаңа бизнес-моделі енгізілуде. Активтерімізді оңтайландырып, экономикадағы мемлекеттің қатысуын азайтуға бағытталған үкіметтік жекешелендіру бағдарламасына белсенді түрде ат салысудамыз», - деді Ө.Шүкеев.

Оның сөзіне қарағанда, бірнеше жылдан кейін Қор мүлдем басқаша жұмыс істейтін болады, ал қазір ұйым Қазақстан экономикасының ары қарайғы дамуы үшін сенімді негіз дайындау үстінде.

Шарада, сондай-ақ сингапурлық Temasek Holdings директорлар кеңесінің төрағасы Лим Бун Хенг, Stewardship Asia Centre (Temasek Holdings қаржысының есебінен қаржыландыратын алдыңғы қатарлы тәжірибелер орталығы) бас директоры Онг Бун Хви, Корея Республикасының экс-премьер-министрі Хан Сын Су, Форбс журналын шығарушы Форбс Рич Карлгаард жəне басқалар сөз алды. Сингапур премьер-министрінің орынбасары жəне ұлттық қауіпсіздікті үйлестіруші министр Тео Чи Хин шақырылған қонақ болды.

Сонымен қатар Ө. Шүкеев Куала-Лумпурда Малайзияның стратегиялық инвестициялық қоры Khazanah Nasional Berhad басшысы Шри Дато Азман Бин Мохтармен кездесті. Кездесу барысында тараптар азық-түлік, денсаулық сақтау, инновациялар, технологиялар жəне тұрақты даму салаларында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады.

«Stewardship Asia RoundTable» - орталыққа басты мақсатын жүзеге асыруға, атап айтқанда Stewardship қағидаларын, өз ұйымдарында корпоративтік басқаруды жəне тұрақты дамуды алға жылжыту бойынша идеялар алмасу үшін аймақ көшбасшыларын біріктіруге жол ашатын платформа. Бұл бірегей платформаға тек арнайы шақырту арқылы ғана қатысуға болады.

Temasek Holdings - Сингапур үкіметінің иелігіндегі коммерциялық ұстанымдар негізінде жұмыс істейтін жəне тəуелсіз Директорлар кеңесімен басқарылатын инвестициялық компания.

Khazanah Nasional Berhad – Малайзия үкіметінің инвестициялық қоры. KNB авиация, қаржы қызметтері, энергетика жəне телекоммуникациялар секілді ел үшін стратегиялық маңызы бар секторлардағы малайзиялық компанияларда акциялар пакетіне ие.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1225688-samuryq-qazyna-aq-basshysy-singapur.html