RU

Кунсткамера ғалымдары Кенесарының басы жоқ екенін кесіп айтты

Мамандар «Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және оның осы мұражайда сақталғаны туралы сөз аңыз ғана» дейді.

Музей директорының орынбасары Ефим Резван Азаттықтың Орыс қызметіне шетелге қандай да бір экспонатты беру тек федералдық заң немесе президент жарлығы арқылы жүзеге асатынын айтты.

"Бізде ерекше қазақ коллекциясы бар және өкінішке қарай, жалпы жұрт оған ең әуелі осындай дақпырт хабар шыққанда назар аудара бастайды. Бізде сақталған немесе сақталмаған заттар туралы аңыз көп. Қазақ әріптестеріміз көп жылдардан бері Кенесары ханның басын іздеп келеді. Жақында Қазақстанда ол туралы фильм түсірді, біз олардың жұмысына көмек бердік. Сол жолы, бізде жоқ екені бәріне белгілі болса да, тағы да Кенесарының бас сүйегі туралы әңгіме көтерілді. Бес жыл бұрын Қазақстанның мәдениет министрінің орынбасары келді. Біз оны өзімізге отырғызып қойып, 19-ғасыр бойынша тіркеу кітабын қолына бердік. Кітап парақтары түгел екенін өз көзімен көрсін деп. Әрине, ол Кенесары ханның бас сүйегі келгені, тіркелгені жөнінде ақпаратты ол кітаптан таппады. Ал Кейкі батырдың бас сүйегі бізде сақталып тұрғанын ешқашан жасырған емеспіз. Оны қазақ әріптестеріміз баяғыдан біледі. Ол бас сүйек бізге 1926 жылы әкелінген, тек 1933 жылы ғана тіркелген.

Ресей мұражайлары коллекцияларды тек қана сақтайды, иелік етпейді. Экспонаттардың тағдыры ең биік деңгейде ғана шешіледі. Әлемдегі барлық музей державаларында солай. Қазақстан тарапынан формальды түрде әзірге бірде бір мекеме ресми сұрау түсірген жоқ. Ондай сұрау түскен күнде де қандай да бір шешім қабылдануы үшін өте көп инстанциялардан өтуі керек. Кейкі батырдың басы ешқашан көрмеге қойылған емес. Тіпті өз экспозициямызға да қойылған жоқ. Және мұражай тәртібі бойынша, этикалық түсінікпен, тарихи тұлғалардың сүйектерін суретке түсіртпейміз. Жақында ғана менің Қазақстан туралы үлкен кітабым шықты, ол жақта экспедициялармен жиі боламын, достарым да көп, алайда біз оларға Кейкі батырдың бас сүйегін түсірткен емеспіз. Сол сияқты, ресейлік тележурналистер өтінсе, де рұқсат етпейміз", - дейді Музей директорының орынбасары Ефим Резван.

Ал Кунсткамера "БАҚ жазып жатқандай, Кейкі батырдың басын қазақтарға беруге қарсы емес пе", деген журналистің сауалына музей директоры былай деп жауап берді.

"Біздегі коллекция - бас сүйектердің әлемдегі ең ірі коллекцияларының бірі. Кейкі батырдың тарихи орнын еске алмаған күнде, оның бас сүйегі 20-ғасырдың басында өлген қазақтың басы. Кез келген бас сүйек тәрізді, бұл бас сүйек те өте көп ақпаратты өзіне сақтаған. Ғылым үшін әрбір экспонат бағасыз, бұл бас сүйек те солай, алайда аса сирек дүние емес... Бізден жоғары тұрған инстанциялар бар - Мәдениет министрлігі және Ғылыми ұйымдардың Федералдық агенттігі. Олар өзара келісімге келіп, бір шешім шығаруы керек. Егер шешім шығарылса, мұражай оны орындайды", - дейді Ефим Резван.

Мемлекеттік Эрмитаждың архитектуралық археология секторының меңгерушісі Олег Иоаннесян «Қазақстанға қазақтардың ұлттық батырының бас сүйегін қайтару тек құқықтық ғана емес, этикалық проблема» екенін ескертеді.

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбелік жігіт бір жыл өмірі қалған әкесіне бауырының 70 пайызын бөліп берді (фото)

ОҚО-да киелі жерге түнеп шыққан қыз сол бойда тұрмысқа шығып кетті

AIBA Левит-Тищенко жекпе-жегіне қазылық еткен төрешілерді Олимпиададан шеттетті

Ақтөбеде дін жолындағылар босанатын әйелдеріне еркектерді жолатпай, өздері күзетіп отыр

Алматыда сүйісіп отырған қазақ қыздары жұрттың ашуын келтірді (+18)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1226366-kunstkamera-ghalymdary-kenesarynynh-b.html