RU

Қазақстандық бодибилдер Азия чемпионатына бара алмағаны үшін еліміздегі банкке кінә артты

Қазақстандық бодибилдер Владимир Морозов бодибилдингтен Гонконгта өтетін Азия чемпионатына бара алмай қалды. Оның айтуынша, бұған «Банк Хоум Кредит» АҚ қызметкері кінәлі деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Морозов бұл банктен алған несиесін жапқанымен, банк қызметкерінің оған қатысты шет елге шығуына байланысты қойылған шектеуді алып тастауды ұмытып кетіпті.

«Шет елге шығардан үш апта бұрын, мен ҚР Әділет министрлігінің сайтына кіріп, тексеріп көрдім. Сөйтсем, менің фамилиям тізімде тұр екен. Мен осында көрсетілген сот орындаушысына телефон шалдым.

Ол маған шектеуді «Банк Хоум Кредит» АҚ қойғандығын, бірақ материалды өзіне қайтарып алғандығын айтты.

Мен банкке келдім. Ондағылар несиені төлеуімді сұрады. Мен несиенің қалдығын толығымен өтеп, шектеуді алып тастау туралы арыз жаздым. Бес минуттан кейін телефон шалып едім, банктегілер шектеудің алынып тасталғандығын айтты.

Кейін сот орындаушысына хабарластым. Ол: «Шектеуді мен емес, банк алып тастайды. Өйткені, құжаттарды менен өзіне қайтарып алған. Егер банк шектеуді алып тастаса, онда сіздің фамилияңыз базада болмайды», - деді.

Мен шектеудің алынып тасталған-тасталмағанын нақтылау үшін, тағы да банкке хабарласып, көп ұзамай Азия чемпионатына баратындығымды айттым. Олар: Шектеу алынып тасталды, чемпионатқа бара беруіңізге болады, - деп жауап берді. Бірақ, мен бәрібір жарысқа бара алмай қалдым. Әуежайда маған шектеудің алынбағаны айтылды»,  - деді ол.

Бұдан басқа, бодибилдер банк пен сот орындаушысы бір-бірін айыптап жатқандығын жеткізді.

«Мен сот орындаушысына хабарластым. Ол өзінің кінәлі еместігін айтып, мені тағы да банкке жіберді. Қазір, оның телефоны жауап бермей жатыр. Ал банк басшылығы менен кешірім сұрады. Мен шығынымды өтеп алу жөнінде арыз жаздым. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Банктегілер екі күн ішінде жауап беруге уәде берді», - деді Морозов.

«Мұндай жарыс жылына бір рет өткізіледі. Оның деңгейі өте жоғары. Мен оған жарты жыл бойы дайындалып едім», - деді  Морозов.

Өз кезегінде «Банк Хоум Кредит» АҚ қоғаммен байланыс бойынша қызметінің жетекшісі Ирина Шейкина қазіргі таңда Владимир Морозовтың мәселесі бойынша ішкі тергеу шарасы жүргізіліп жатқандығын айтты.

«Орын алған мәселені шешу үшін қажетті кездесулер ұйымдастырылады. Банк орын алған жағдайға өкініш білдіреді және міндетті түрде тиісті шаралар қолданады. Біз қабылданған шешім туралы міндетті түрде жария ететін боламыз», - деді И. Шейкина.

"Мен Қазақстанда бұл спорт түрінен үздікпін. Чемпионатта алтын алуға мүмкіндігім жоғары еді. Алайда сот орындаушысы мен банктің кесірінен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы үздік бодибилдерінен айырылды", - деп күйінді Морозов NUR.KZ порталына берген сұхбатында.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбелік жігіт бір жыл өмірі қалған әкесіне бауырының 70 пайызын бөліп берді (фото)

ОҚО-да киелі жерге түнеп шыққан қыз сол бойда тұрмысқа шығып кетті

AIBA Левит-Тищенко жекпе-жегіне қазылық еткен төрешілерді Олимпиададан шеттетті

Ақтөбеде дін жолындағылар босанатын әйелдеріне еркектерді жолатпай, өздері күзетіп отыр

Алматыда сүйісіп отырған қазақ қыздары жұрттың ашуын келтірді (+18)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1226679-qazaqstandyq-bodibilder-aziya-chempio.html