RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада еліміздің Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі тағайындалып, Қызылорда облысы әкімінің 2 орынбасары ауысты.

Мұнан бөлек, ұлттық компанияларда да кадрлық ауыс-түйіс орын алып, ел газеті Егемен Қазақстанның жаңа бас редакторы қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі

Сонымен Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі қызметіне Алан Ғазизұлы Әжібаев тағайындалды. Еңбек жолын ол 90-шы жылдардың ортасында «Макс» радиосында қарапайым радиожүргізуші қызметінен бастап, «31 арна» телерадиокомпаниясында бағдарламалар редакторы, кейінірек тележүргізуші болды.

Әр жылдары «Караван» радиосын басқарды, «ТАҢ» телерадиокомпаниясында» және «Тенгри ФМ» радиосында бас продюсер қызметін атқарды. Кейінгі жылдары «Айқын» және «Литер» қоғамдық-саяси газеттеріне басшылық жасады.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары

Осы аптада Қызылорда облысы активінің отырысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жаңа екі орынбасарын таныстырды. Атап айтқанда, әкімдіктің өндіріс, инвестициялық саясат, кәсіпкерлік және туризм салаларына жетекшілік жасайтын орынбасары болып Евгений Германович  Ким тағайындалды.

Ким 1975 жылы Қызылорда облысының Тасбөгет кентінде туған. Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті мен Қоғамдық ғимараттар институтының аспирантурасын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы болып бастаған. 2001-2004 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы болған.

2004-2006 жылдары «Жетісу» акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, қаржы-аналитикалық департаментінің директоры, вице-президенті лауазымында болды. 2006-2010 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің экономика жөніндегі кеңесшісі, 2010-2012 жылдары «Ларими Инвест Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарған.

2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі болды. 2013 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.

Ал, Руслан Рүстемұлы Рүстемов облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ішкі саясат және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды.

Рүстемов 1968 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы», «Болашақ» университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының стажер-оқытушысы болып бастаған. 1997-2002 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман, консультант, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2002-2008 жылдары Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, 2008-2010 жылдары Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2015 жылдары Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы, екі мәрте ішкі саясат басқармасын басқарған, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет еткен. 2015 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Жаңақорған ауданының әкімі болды.

Баянауыл ауданының әкімі

Баянауыл ауданының әкімі қызметіне Оразгелді Қайыргелдинов келді.

Оразгелді Әлиғазыұлы 1957 жылы 17 сәуірде Павлодар облысы Железин ауданы Тұрсынбай ауылында дүниеге келген. Экономика және саясаттану мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Железин ауданы «Кеңестік Қазақстан» кеңшарында бас экономист болып бастады, «Железинский» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып сайланды.

1991 жылдан 1996 жылға дейін - Железин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кеңшардың бас бухгалтері, мемлекеттік кооперативтің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, Железин ауданы агроөнеркәсіптік кешенінің бастығы.

1996 жылдан 2003 жылға дейін «Еңбекші» ШАШК директоры, одан соң «БАТ-RV» ЖШС директоры. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Павлодар облысының Қашыр ауданын басқарды. 2007 жылдың қараша айынан бастап - Ақсу қаласының әкімі. 2011-2014 жылдары Павлодар қаласының әкімі. 2015 жылдың шілдесінен бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімдігінің аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы болып қызмет атқарды.

Шымкент қалалық төтенше жағдай басқармасына

Шымкент қалалық төтенше жағдай басқармасына жаңа басшы болып азаматтық қорғаныс подполковнигі Жақсыбаев Мадияр Есенгелдіұлы тағайындалды.

Жаңа басшы 1979 жылы Сырдария облысы, Гүлістан ауданы, Крестьянское ауылында дүниеге келген. Өзбекстан Республикасының өрт қауіпсіздігі органдарында 5 жыл қызмет атқарып, ішкі істер басқармасы өрт қауіпсіздігі басқармасының өрт сөндіру штабы тобының бастығы лауазымында аяқтады.

2004 жылы Қазақстанға оралып, қызметін ОҚО мемлекеттік өртке қарсы қызметі бас басқармасының №23 өрт сөндіру сөндіру бөлімінің инспекторы болып бастаған. 2014 жылдың қарашасынан бастап қазіргі уақытқа дейін Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасындағы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы міндетін атқарды.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының бас редакторы

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің отырысында қабылданған шешім негізінде Амантай Шәріп бас редактор болып тағайындалды. Амантай Жарылқасынұлы елімізге белгілі басылымдарда жұмыс істеген, жоғары оқу орындарында проректор, ұлттық телеарнада басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Бұрын осы қызметті қоса атқарып келген Басқарма төрағасының орынбасары Еркін Қыдыр енді газеттің жалпы шығармашылық жұмыстарына басшылық жасайтын болды.

Сондай-ақ бүгін шығармашылық ұжымға жауапты хатшы қызметіне тағайындалған Асқар Беков те таныстырылды. Ол «Дала мен Қала», «Айқын» газеттерінде жауапты қызметтер атқарған.

Тағы оқыңыздар:

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Ақтөбелік жігіт бір жыл өмірі қалған әкесіне бауырының 70 пайызын бөліп берді (фото)

ОҚО-да киелі жерге түнеп шыққан қыз сол бойда тұрмысқа шығып кетті

AIBA Левит-Тищенко жекпе-жегіне қазылық еткен төрешілерді Олимпиададан шеттетті

Ақтөбеде дін жолындағылар босанатын әйелдеріне еркектерді жолатпай, өздері күзетіп отыр

Алматыда сүйісіп отырған қазақ қыздары жұрттың ашуын келтірді (+18)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1226803-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-34.html