RU

Алмазбек Атамбаев ауыл шетінен өзіне үй салып жатыр (фото)

Интернетте "Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев салдырып жатыр" деген үйдің суреттері жарияланды. Президент әкімшілігінің өкілдері бұл ақпаратты растаған да жоқ, терістемеді де.

Бұл туралы Азаттық жазады.

Бішкек қаласының оңтүстігінде, астана орталығынан 15-20 шақырым жердегі Қой-Таш ауылында "президент үй салдырып жатыр" деген ақпаратты естіген Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілері сол елдімекенге барған.

Қой-Таш ауылына апаратын жол тегістеліп жөнделіп, жиектегі шөптер қырқылған. Атамбаев туып-өскен Арашан ауылы да осы ауылмен іргелес екен.

Жергілікті жұрт президенттікі делінген, құрылысы қызу жүріп жатқан үйге бірден жол сілтеген. Тілші ауыл шетіндегі биік дуалмен қоршалған ақ түсті ғимаратты қоршаған әскери киімді күзетшілер мен сыртқы бақылау бейнекамераларының көптігін жазады. Журналисті құрылыс аумағына күзетшілер кіргізбеген.

Өзін Кубан таныстырған ауыл тұрғыны бұл ғимарат жөнінде:

- Құрылыс басталғалы үш айдай болды. Қыркүйекте ашылады деп жатыр. Атамбаевтың үйі екенін, соның салдырып жатқанын елдің бәрі біледі. Тоқтамай жұмыс істеп жатыр. 16-17 қыркүйекте бітеді деген, - депті.

Ауылдың өзге тұрғындары да мемлекет басшысымен көрші боламыз деп қуанып жүргендерін айтады. Ажыбек есімді тағы бір тұрғын жолдардың түзеліп, қоқыстан тазарып жатқанына ризалығын білдіреді.

 

Президенттің үй салғызып жатқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қоғамдық белсенді Жыпар Жекшеев үй салудан саясат іздегендерді сынайды:

- Президенттіктен кетем деп күн санап отыр. Қызметтен кеткен соң тұратын жер керек болады ғой. Бұл жерде ешқандай мәселе көрген жоқпын. Әйтеуір себепті-себепсіз сынап қалуды көздегендердің ісі деп ойлаймын, - дейді белсенді.

Ал тағы бір қоғамдық белсенді Алмаз Акматалиев ел алдында жүрген адамдардың ісі қоғамды қызықтыруы заңдылық деп есептейді:

- Әр адамның үй салуға қақысы бар. Бірақ ел алдында жүрген адамдардың барлық әрекеті жұртқа қызықты болып тұрады. Оның үйі бар ма, әйелі кім, кіммен құда-жегжат деп, білгісі кеп тұрады. Үй салып жатыр екен, оны қандай ақшаға салады, жемқорлық жоқ па деген мәселелер де елді қызықтырады. Бірақ мен үшін бұл сұрақтар мүлдем қызық емес, - дейді ол.

Қырғызстанның Орталық Азиядағы көршілері – Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан президенттерінің жекеменшік үйлері мен табыс декларациялары туралы ақпарат жоқтың қасы.

Тағы да оқыңыздар:

ОҚО-да көріпкел қыз еліміздегі келесі президенттің кім болатынын болжады

Алматылық кәсіпкер тойға келген қонақтарының барлығына 150 мың теңгеден таратып берді

Әділбек Ниязымбетов елге оралған соң үйленетінін айтып, сүйінші сұрады

Қазақстанның туын ұстап шыққан таеквондошы ел үмітін ақтамады

Төрт жасар қызын кісендеп ұратын жауыз ананың әрекеті жұртты шошытты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1227243-almazbek-atambaev-auyl-shetine-ozine-u.html