RU

Назарбаевтан үй сұраған он балалы отбасыға баспана берілмейтін болды

Ақтөбеде президентке хат беріп, қысымға ұшыраған оқушы NUR.KZ порталындағы  мақаладан соң интернатқа қайта алынды деп хабарлайды аймақтағы тілшісі.

Ақтөбеге іссапармен келген президенттің қолына хат ұстатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы туралы материал NUR.KZ-ке жарияланған еді. Он балалы отбасынан шыққан Арман Жаңабеков жұмыссыз ата-анасына көмектесу үшін президенттен үй сұраған болатын.

«Бұл үй саған емес, ата-анаңа болады» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін естіп қуанған оқушының кейін қысымға алынғанын да хабарладық.

Қазіргі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың орынбасары Асқар Шериязданов Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы интернатқа қайта қабылданғанын хабарлады.

«Мектеп интернатына қабылдану үшін қалада тіркеуде болмау керек. Ол бала қаладағы туысқанының үйінде тіркеуде болған. Директор осыған дейін балаға көмектесу үшін тіркеуді ауылдан сұратып келген. Биыл бала анықтаманы қайтадан қаладан алып келіпті. Қабылдап отырған адамдар түсінбей, интертанқа қабылдамай тастаған. Мұны халық «балаға тиісіп жатыр екен» деп қабылдауы мүмкін. «Бұл бала бұрын интернатта тұрды, енді біз оны далада қалдыра алмаймыз» деп облыстық білім басқармасының басшысын шақыртып сөйлестім. Ол кісіге қайтадан интернатқа қабылдау керектігін айттым»,- дейді Асқар Шериязданов.

Облыс әкімінің орынбасары түсініспестікке жол берген бұрынғы мектеп директорына ұрысып тастағанын айтты.

«Баланың құжаттары реттелді, бала интернатқа қайта қабылданатын болды. «Мен де заңға бағынамын, сіз де заңға бағынатын болсаңыз реттеңіз» деп мектеп директорымен сөйлестім. Қарабұтақтан анықтаманы қайта сұратып, баланы интернатқа алуын ескерттік. «Бәріміз де адам баласымыз, соны мен айтқызбай-ақ істеуге  болады емес пе ?!» деп айттым», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Асқар Тұрарұлы оқушының президентке жазған хатының қараусыз қалатынын айтты.

«Үй кезекпен ғана беріледі. Кез келген адамға кезектен тыс  пәтер бере берсек, бәрі сұрайды. Қазір баспана кезегі жақсы жылжып жатыр, ол отбасы баспананы кезегімен алады», - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов.

Тағы оқыңыздар:

Қазақстан Рио Олимпиадасында 17 медаль жеңіп алды

Өзбекстан боксшылары үш алтын алып, Қазақстаннан озып кетті

Түркияда үйлену тойы кезінде теракт болып, 50-ге жуық адам көз жұмды (видео)

Риодағы әділетсіздікке шыдамаған моңғолдар кілемде шешініп тастады (фото)

Ақтауда алты жастағы қызды ұрлап, кейін зорлап кеткен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1228113-nazarbaevtan-uy-suraghan-balaly-otb.html