RU

ОҚО тұрғыны 250 мың долларды Олимпиада чемпиондарына емес, көпбалалы аналарға беруді ұсынды

Қазақстан Олимпиада ойындарында алтын алған спортшыларға берілетін сыйақы көлемі жөнінен алғашқы төрттікті түйіндеп тұр. Нақтырақ айтсақ, еліміз чемпион болған спортшыға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді.

Бұл туралы Рейтинг газеті хабарлайды.

Біздің елдің алдында Әзірбайжан мен Тайланд бар. Әзірбайжан елі жеңімпазға 510 мың АҚШ долларын беретін болыпты. Ал тай елі биылғы доданың жеңімпазына 314 мың доллар бермек. Мұншама қаржыны беруде де бұл елдің өз ерекшелігі бар. Мысалы, алтын алып келген тайландтық спортшыға берілетін 314 мың доллар алдағы 20 жылдың ішінде бөлшектеп беріледі. Яғни, чемпион атанған спортшы ай сайын 1 300 доллардан жиырма жыл бойы жалақы алып тұрады.

Алғашқы бестікте жеңімпазға 237 мың АҚШ долларын беретін Филиппин елі бар. Ал көрші Өзбекстан әрбір чемпион үшін 200 мың АҚШ долларын ұсынбақшы. Солтүстіктегі көршіміз Ресей чемпиондары 60 мың доллар алады. Қытай елі - 50, АҚШ - 25, Германия - 19,5 мың АҚШ долларын мемлекет қазынасынан бөліп береді. Ал Ұлыбритания елінде чемпион болған спортшыға сыйақы қарастырылмаған.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тұрғыны биліктің бұл әрекетімен келіспей отыр.

"Қызғанбаймын, бірақ спортшыңыз да ауылдағы қойшыңыз да немесе басқа саланың қызметкері де, біріншіден өзі үшін еңбек етіп жүрген жандар. Төккен теріне, сұраныс пен қажеттілігіне байланысты еңбекақы алады. Яғни, дәрігерлер мен мұғалімдер секілді жұмысы және тұрақты жалақысы бар жандар. Спортшыларға одан бөлек те жағдайлар жасалады. Жаттықтырады, емдейді, демалдырады әйтеуір еңбегі ауыр болмаса одан еш кем емес кей жұмысшыларға қарағанда жағдайы әлдеқайда жақсы. Елдің атын шығарып, әлемге танытып жатыр дейтін боларсыз. Жағдайы жасалса елімізді, мысалы қауын-қарбыз егіп жүрген диқан да әлемге танымал ете алады", - дейді өзін Нұрлан деп таныстырған тұрғын.

Ол спортшыларға берген қыруар ақшаны көпбалалы аналарға да ұсыну керек деген пікірін жеткізді.

"Спортшыны да, қойшыны да, ел басқарып жүргендерді де өмірге әкелген аналарымыздың еңбегі неге тиісті деңгейде бағаланбайды?! Көпбалалы аналарды алқа тағып алдап қоямыз, ал олардың көбісін күнкөрістің қамы қажытып жүргенін ескере бермейміз. 250 000 АҚШ долларын неге сол көпбалалы аналарға бермеске? Мемлекет егіз тапқандарды елемейді, үшем тапқандар жалынғандай болып жүріп, кейбірі әрең үй алады, әйтеуір. Ал, әлгі жеңімпаз спортшыңызға қомақты сыйақыдан бөлек, жергілікті әкімдер үй беріп, төбесіне көтеріп жатады. Айналайындар-ау, ол баспананы өз күшімен, еңбегімен алатындай денсаулығы мықты, жұмысы бар азамат қой. Соншама алақанға салып өбектей беру де масылдыққа әкелмей ме. Ауылдарда тұрмысы төмен отбасылар көп, қаржысының жоқтығынан дертінен айыға алмай жүргендердің де қарасы көп. Олардың бәріне енді спортшы бол дей алмаспыз. Әлгі қаржыны неге әлеуметтік мақсатқа жұмсамасқа? Қысқасы, бұл мәселеде Ұлыбританиядан үлгі алуымыз керек сияқты. Әйтпесе, ол елдің жағдай бізге қарағанда көш ілгер", - дейді тұрғын.

Еске сала кетейік, Риодағы Олимпиада ойындарында Қазақстан 17 медаль ұтып алды.

Тағы да оқыңыздар:

Мәсімовтің жиналысында іші пысқан министрлер Instagram-ның қызығына батты (фото)

Қытайлық спортшы Сапарбаевқа қазақ тілін үйреніп аламын деп уәде берді (видео)

Теміртаулық депутат сейфінен 45 мың доллары жоғалғанын айтып, шу шығаруда

Еркекті бағындырудың амалдары қандай?

ОҚО-дағы әулиелерге зиярат еткен Мәсімов қайтадан қазақша сөйлеп кетті (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1229357-oqo-turghyny-250-mynh-dollardy-olimpiada-ch.html