RU

Елімізде жоқшылықтан дене мүшесін сатуға дайын адамдар көбейіп кетті

Елімізде ақша үшін дене мүшесін сатуға дайын адамдар көбейіп барады. Сатылымға шығарылған мүшелердің ішінде бүйрек, бауыр мен жүрек көп деп хабарлайды 31 арна.

Тіпті, ғаламтор беттерінде өз ағзасын бөлшек саудаға айналдырғандар мүшелерінің бағаларына дейін жазып қойған. Заңға қарсы шыққандардың көбі бұндай қадамға жоқшылықтан барып отырғандарын айтады.

Он екі мүшесі сау Сергей өзінің бір жақ бүйрегін 30 мың АҚШ долларына бағалап отыр. Пышаққа түсіп, ағзасының бір мүшесін алып беруге апталдай азаматты мұқтаждық итермелепті. Несиелерін жабу үшін қарызға белшесінен батқан 30 жастағы Сергей "өзегімді сатпасқа өзге амалым жоқ" дейді.

"Осындай қадамға барғаным заңсыз екенін білемін. Бірақ маған ақша қазір аса қажет. Екі бүйрегім де сау. Өмірімде темекі тартып көрген емеспін", - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Сергей Орлов.

"Бүйрек, бауыр, жүрек сатамын" деген хабарламалардың саны ғаламторда екі мыңнан асады. Ағза мүшелерін сататындардың жасы әр түрлі. Басым бөлігі жас жігіттер мен қыздар. Бүйрекке сұраған құны 30 мыңнан 100 мың долларға дейін барады.

Ал дәрігерлер, Қарағандыда әсіресе, бүйрек мүшесінің үлкен сұранысқа ие екенін айтады. Өйткені қазір мәйіттік донорлардың ағзасы тапшы. Сондықтан көп жағдайда бүйрек, бауыр трансплантациясына науқастардың туыстары донор болады екен.

"Біздің гемодиализ орталығына звондап, өз дене мүшелерін ұсынғандар көп. Бірақ оның заңсыз екенін біліп, біз ұсыныстардан бас тартамыз. Донор ретінде мерт болғандарды қарастырамыз", - дейді Гемодиализ бөлімшесінің меңгерушісі Салтанат Сариева.

Ағзаларын мүшелеп сату дінге де қайшы. Имамдардың сөзінше, дене мүшелерін тек өлім аузында жатқан адамдарға беруге рұқсат. Оның өзінде тегін болуы тиіс.

"Өліп бара жатқан адам және де донор болатын адамның анық қайтыс болғаны белгілі болғаннан кейін осындай әрекетке ислам діні жол береді", - дейді наиб имам Серік Құрманов.

Қазір Қарағанды облысы бойынша бүйрек ауыстыру кезегінде 300 адам тұр. Олардың көбі қан айналымын гемодиализ орталығында жасанды аппарат арқылы күшейтеді. Ал дене мүшелерін жасырын сататын жандар заңмен жазаланады екен. Оларды 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Тағы оқыңыздар:

Ақтау тұрғыны алты жасар қызды зорлаған адамды тауып берген жанға 100 мың теңге бермек

Есіктегі топ болып зорлауға қатысы бар 4-ші күдіктінің есімі анықталды

Мәсімов келетін күні Түркістандағы кәдесый сататын дүңгіршектер көзден ғайып болды (фото)

Зорланған бойжеткен: Есікте қыздарды жиі зорлайды, бірақ олар мұны айтудан қорқады

Ақтөбеде мас күйінде адам қағып өлтірген әкім сотталып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1229965-elimizde-zhoqshylyqtan-dene-mushesin-sa.html