RU

Астана Василий Левитті қалай қарсы алды? (фото, видео)

Астана Рио Олимпиадасынан олжалы оралған олимпиадашыларымызды қарсы алды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана халықаралық әуежайына жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары спортшыларымызды ыстық ықылас пен қошаметке бөледі. Оңтүстік Америкада өткен Олимпиада Ойындарынан алтын медаль алған Данияр Елеусінов, күміс алған Василий Левит, Гүзел Манюрова, қола медаль иеленген Иван Дычко сынды саңлақтарымызды күтіп алу үшін әуежайға тола жиналған жұрт еліміздің көк байрақтарын желбіретіп, «Қазақстан! Чемпион!», "Василий, Чемпион!" деген ұранмен әуежай алдын үлкен мерекеге айналдырды.

Әсіресе xалық боксшы Василий Левитке көп қолдау көрсетті.

Ұшақтан түскен Қазақстанның бокс және күрес құрамалары алдынан Астана әкімі Әсет Исекешев шықты.

"Олимпиадаға аттанар алдында Сіздер жүлдемен ораламыз деп уәде еттіңіздер, сол үдеден шығып, міне, медаль алып келдіңіздер. Біздің олимпиадашыларды қарсы алайық! Алтын медаль иегері Данияр Елеусінов, күміс медаль иегерлері - Василий Левит және Гүзел Манюрова! Данияр нағыз капитанға лайық өнерімен жарысты сенімді өткізіп, финалда өте әдемі нүкте қойды. Сен үшін біз жанкүйерлік еттік, қатты алаңдадық", - деді әкім спортшыларға қаратып айтқан сөзінде.

Сонымен қатар Ә. Исекешев төрешілердің қателігінен Олимпиада ойындарының финалында жеңіліс тапқан Василий Левитке де сөз арнады.

"Василий Левит, білесің бе, біз сені xалықтық Олимпиада чемпионы деп санаймыз! Өмірде бәрі болады, бірақ ең керемет жеңістер әлі сенің алдыңда екеніне сенімдімін! Сен біз үшін - чемпионсың! Біздің Гүзел Манюрова, Олимпиада жарысынан үшінші мәрте медаль олжалап, әлемдік деңгейдегі спортшы екеніңді дәлелдедің. Құттықтаймыз!", - деп атап өтті ол.

Ал Василий Левиттің анасы Татьяна Борисовна жанкүйерлерге алғыс білдірді.

"Әрбір чемпион артында мықты ана тұр деп айтады. Бірақ оның артында тек мықты ана ғана емес, оның артында мықты бапкерлер де тұрады. Құрметті біздің балалар, біздің ұлдар! Сендер бүгін нағыз жеңімпазсыздар, нағыз олимпиадашыларсыздар! Сендер өз отбасыларыңның, Қазақстан атты ұлы мемлекеттеріңіздің патриотысыздар! Біз сендерді жақсы көреміз! Біз сендермен мақтанамыз! Ал барша жанкүйерлерге қолдауларыңыз үшін, мойындауларыңыз үшін мен басымды игім келеді", - деді Т. Борисовна.

Айта кетейік, 2016 жылдың 16 тамызында Рио-де-Жанейроның Rioсentro кешенінде бокстан 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жек үлкен даумен аяқталды. Кездесу нәтижесі бойынша, Ирландия, Колумбия және Алжир төрешілері жеңісті Евгений Тищенкоға берді. Дегенмен барша әлем қауымдастығы және өзге де беделді сарапшылар мен әлемдік БАҚ бұл кездесудің нәтижесі әділсіз болды деп есептейді.

Содан кейін, AIBA Олимпиадада қателік жасаған төрешілерді жарыстан шеттеткенін хабарлаған болатын. Бірақ олардың қателігінен кеткен бокс жекпе-жектерінің қорытындысы өзгеріссіз қалатынын мәлімдеген-ді.

Қазақстандық бокс федерациясы бұдан кейін: "АІВА ережелері бойынша, төрешілер шешіміне қарсы шағым беруге болмайды және ҚБФ  Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі ретінде бұл ережелерді сақтауға міндетті", деп мәлім етті.

Қазақстандықтар боксшының күміс медалін олимпиадалық «алтынмен» бағалауды және олимпиада чемпиондары деңгейінде сыйақы төлеуді ұсынды.  Федерация осы бастаманы қаперге алғаны белгілі болды.

«Василий Левит олимпиадалық рингтегі финалдық жекпе-жегінде көрнекті нәтиже көрсетті, жеңіске деген еркін білдірді және ол олимпиадалық күміс медальға ие болса да, оған мемлекет 150 мың доллар сыйақы төлейді, Қазақстандық бокс федерациясының бокс федерациясының президенті Т.Құлыбаевтың шешімімен бұл сомаға тағы жүз мың доллар қоса төленеді, сөйтіп, Левиттің сыйақысы «алтынға» теңеледі», - деп хабарлады ҚБФ.

Рио Олимпиадасына қатысты маңызды жаңалықтарды мына сілтемеден оқыңыздар.

Тағы оқыңыздар:

Белгілі кәсіпкер әйел Лилия Рах Алматыда тұтқындалды

Елімізде жоқшылықтан дене мүшесін сатуға дайын адамдар көбейіп кетті

Есіктегі топ болып зорлауға қатысы бар 4-ші күдіктінің есімі анықталды

Назарбаев: Кеңес одағын қалпына келтіргісі келетіндердің басы жоқ

Ақтау тұрғыны алты жасар қызды зорлаған адамды тауып берген жанға 100 мың теңге бермек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1230111-astana-vasiliy-levitti-qalay-qarsy-al.html