RU

Жазира Жаппарқұлға бейтаныс жанкүйері ақ боз ат мінгізді (фото, видео)

Рио Олимпиадасында өнер көрсетіп, ел қоржынына күміс медаль салған ауыр атлет Жазира Жаппарқұлға бейтаныс жанкүйері ақ боз ат мінгізді. Спортшыға деген алғысын осындай жолмен жеткізгісі кілген жанкүйер ол тартуын Риода өнер көрсеткен спортшыларды күтіп алу рәсімінде сыйлады, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шымкент әуежайында жиналған жұртшылықтың санында шек жоқ. Барлығы да ел намысын қорғаған спортшыларға деген алғыстарын жаудыруды мақсат тұтқан. Әсіресе төрт жылда бір келетін додада ел қоржынына күміс пен қола медаль салған қос спортшы Галбадрах Отгонцецег пен Жазира Жаппарқұлға деген ықыластары ерекше. Құшақ-құшақ гүл, қошемет... Мұның бәрі саңлақтарымызға арналып жатты.

Спортшыларды күтіп алуға туыстарынан бөлек билік өкілдері, спорт мектептерінің түлектері қатысты. Жүлдегер атанған екі спортшы сахна төрінде тұрып, күллі елге қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс айтты. Моңғол елінен келіп, бүгінде ел азаматы атанған дзюдошы қыз Галбадрах Отгонцецег қазақ тілінде сөйлеп, жанкүйерлерінің ерекше құрметіне бөленді. Сұхбат барысында қос спортшы мұнымен шектелмей, төрт жылдан кейін өтетін Токио Олимпиадасында барын салатындарын жеткізді.

Салтанатты күтіп алу шарасында ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың жанкүйері, кәсіпкер Ербосын Мұратұлы сүйікті спортшысына ақ боз ат мінгізді.

«Жазираның өнерін үнемі бақылап отырамын. Қазақтың қара домалақ қызына үнемі жеңістер тілеймін. Риодағы өнерін жіті бақылап отырдым. Елге сыйлаған жүлдесіне алғыс ретінде ат мінгізгелі отырмын. Тұлпардың құны өлшеусіз. Ниетім Жазира қызымыз спортпен қатар өмірде де аттан түспей, үнемі биіктерден көріне берсін», - деді мәрттік танытқан жанкүйер.

Мұнан соң спортшылар екі қабатты экскурсиялық автобусқа отырып, қаланы аралады. Әрине, мұндай тосын экскурсия шымкенттіктерді таң қалдырды. Барлығы да «Алға, Қазақстан!» деп қол бұлғап қала берді.

Күміс медаль иегері Жаппарқұлмен тілдескенімізде ол алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті. «Мұнымен босаңсымай, Токио Олимпиадасына ерекше дайындаламын. Ол жақта бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тиіспін. Қазақ еліне алтын медаль сыйлағым келеді» деп ағынан жарылған спортшы жақын арада тұрмысқа шығу туралы жоспары мүлдем жоқ екенін жасырмады. Ал күміс жүлдесі үшін мемлекеттен берілетін сыйақыны қайда жұмсайтынын әлі шеше қоймапты.

Естеріңізде болса, өткен жылы спортшыға Әлем чемпионатындағы жүлдесінен кейін ОҚО әкімі 4 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық тарту еткен болатын. Бұл қаржыны Жазира Жаппарқұл жиенін емдететінін мәлімдеген. Бүгінде Альфия есімді жиенінің денсаулығы тәуір болғанымен, әлі де емдеу шараларын жалғастыруы қажеттігін айтып қалды спортшы. Ем шетелде жүргізіледі екен. Риодағы жүлдесінен кейін туыстарымен телефон арқылы сөйлескен спортшы бірінші кезекте сол жиенін іздеп, «Сен үшін алдым ғой күмісті» деп ағынан жарылған еді.

Айта кетейік, тамыздың 5-21 аралығында XXXI жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысты. Ел құрамасынан 105 спортшы бақтарын сынады. Оның 21-і Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары. Тартысты додада Қазақстан 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальды жеңіп, жалпы командалық есепте 22 орынға табан тіреді. Ел қоржынына алғашқы жүлдені қаршадай ғана оңтүстікқазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцецег салды.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет

Тағы оқыңыздар:

Астана Василий Левитті қалай қарсы алды? (фото, видео)

Белгілі кәсіпкер әйел Лилия Рах Алматыда тұтқындалды

Елімізде жоқшылықтан дене мүшесін сатуға дайын адамдар көбейіп кетті

Данияр Елеусіновтің жары: Күйеуімнің жарақатын көргенде, құлай жаздадым

Назарбаев: Кеңес одағын қалпына келтіргісі келетіндердің басы жоқ

Василий Левит, Данияр Елеусінов және Гүзел Манюроваға джип мінгізді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1230154-zhazira-zhapparqulgha-beytanys-zhankuye.html