RU

Қазақ балуаны Рио Олимпиадасында Австралияның намысын қорғады (фото)

Өзбекстанда туған этникалық қазақ Талғат Ілиясов олимпиадаға Австралия атынан қатысты. Балуанға Риоға баратын қаржыны мемлекет емес, жанкүйерлер жинап берген. Қазақстанды әлі көрмеген спортшы осы елдегі туыстарына келіп қайтпақ.

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Рио олимпиадасында еркін күрестен 74 килограмм салмақ бойынша белдескен Талғат Ілиясов жүлделі орынға жете алмады. Алғашқы кездесуінде жапониялық Сосукэ Такатанимен күресіп жатқанда шынтағын жарақаттап, жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

35 жастағы Талғат Ілиясов Өзбекстанда, Ғазалкент қаласында туған. Ата-анасы – этникалық қазақтар. Әкесі Қалдар қазір Ташкентте тұрады. Ал анасы 2005 жылы қайтыс болған. Екі қарындасы да тұрмысқа шыққан, Қазақстанда тұрады.

Талғат Ілиясов 1995 жылдан бастап еркін күрестен Өзбекстан жасөспірімдер құрамасы сапында күрескен. 1997 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль алады. 1999 жылы Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 4-орын иеленеді. Бірақ осы жарыстан кейін ол Өзбекстан ересектер құрамасына ене алмай қалған.

- Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жергілікті балуанды таза жеңдім. Кейін Австралия жастар құрамасының бапкері осы елдің құрамасына шақырды. Екі айға жаттығуға келдім. Виза, жол шығынын өздері төледі. Ал 2000 жылы Мельбурн қаласына көштім. Өзбекстанда маған мүмкіндік болмайтынын сездім. Себебі менің салмағымда Өзбекстан құрамасына Осетиядан балуан келген еді, - дейді ол.

Спортшының айтуынша, Австралияда өмір сүру сапасы жоғары, бірақ Қазақстан не Өзбекстанда спортшы ретінде пайда табуға мүмкіндік мол.

- Қазақстан мен Өзбекстанда спортшыға жағдай жасалған. Шығынын мемлекет көтереді, ай сайын ақша алып тұрады. Ал Австралияда спорт әуесқой деңгейде. Өзің үшін айналысасың. Біз алдымен күні бойы жұмыс жасаймыз, жаттығу залына жұмыстан кейін барамыз. Жаттығу залдары ақылы, бірақ аса қымбат емес. Балаларды жаттықтырамын. Сондықтан маған жаттығу тегін. Олимпиадада медаль алған Австралия спортшыларына мемлекет сыйақы бермейді. Олар елге барған соң жарнамаға түсіп коммерциялық жолмен ақша табады, - дейді балуан.

Талғат Ілиясов 2004 жылы Австралия құрамасының мүшесі ретінде Афина олимпиадасына жолдама алады. Бірақ олимпиада басталуға бірнеше ай қалғанда белін жарақаттап алып, жарысқа бара алмай қалады.

- Австралияға барып, қолымды емдетемін. Үйленуім керек, уақыт келді. Әзірге қалыңдығым жоқ. Көрерміз, Австралияда қала беретін шығармын. Онда көбіне құрылыста жұмыс жасаймын. Балаларды да жаттықтырамын. Бұл елде күрес аса қатты дамымаған. Соның дамуына үлес қосқым келеді. Рио олимпиадасына менімен бірге тағы бір балуан қатысып, жеңіліп қалды. Ол Австралияға Албаниядан келген.- дейді Талғат.

Талғат Ілиясов Қазақстанда болмағанын айтады. Ол биыл Өзбекстан мен Қазақстанға барып, туысқандарымен жолығып қайтуды да жоспарлап отыр.

Тағы да оқыңыздар:

Жазира Жаппарқұлға бейтаныс жанкүйері ақ боз ат мінгізді (фото, видео)

Ауыр атлет Майя Манеза тағы да допингтпен ұсталды

Василий Левит, Данияр Елеусінов және Гүзел Манюроваға джип мінгізді (фото)

Ақтауда алты жасар қызды зорлаған күдікті ұсталды

ОҚО әкімінің орынбасары моңғол спортшысының есімін әрең оқып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1230759-qazaq-baluany-rio-olimpiadasynda-avs.html