RU

Владимир Седов қанынан допинг табылғаны расталса, барлық медальдарын бере салуға дайын

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы арада сегіз жыл өткен соң ауыр атлеттерімізден мін тауып, осында қайта-қайта арына тиіп жатыр. Тағы төрт зілтеміршінің қанында допинг бары анықталып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл жолы «қара тізімге» Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері – Ирина Некрасова, қола жүлдегері – Мария Грабовецкая, Лондоннан алтын алған Мая Манеза және әлем чемпионы Владимир Седовтар ілікті. Соңғы екі спортшының есімдері «қара тізімге» екінші рет ілігіп отыр.

Федерацияның осындай әрекеті бір спортшының сағын сындырып та үлгерді. Жарыспен емес, соңғы кездері жанжалмен танылып жатқан Владимир Седовтың мезі болғаны сонша, ауыр атлетикадағы атақ-абыройынан, тіпті медальдарынан біржолата бас тартпақ.

"Барлық берген медальдарын қайтарып беремін. Допинг табылған болса, оны мойындау керек. Медальдарды қайтару керек. Әрине, олардың бәрі маңдай термен келген. Бірақ мен бере салуға дайынмын. Басқалар не істесе, о істесін", - дейді ауыр атлетикадан әлем чемпионы Владимир Седов.

Бірақ басқа зілтеміршілер Седов сияқты оп-оңай жүлдесінен қол үзе салмақ емес. Керісінше, намысты қамшылап, халықаралық деңгейдегі адвокаттардың көммегіне жүгініп отыр екен. Ал жағдайды әзірге тек сырттай бақылап отырған еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Ауыр атлетика федерациясындағылар бірінші өз абыройын ойлауда.

"Біз спортшыларға араша түспейміз, тек өздерінің құқықтарын қорғауға қол ұшын береміз. Спортшылар шетелдік әйгілі адвокаттарды жалдап жатыр. Өзінің атақ-абыройын қорғап қалуға әрекеттеніп отыр. Олар өте тәжірибелі мамандар, сол себепті ақыры жақсы болғай деп отырмыз", - дейді Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.

Сорақысы сол, шетелдіктердің қолында сегіз жыл бойы сақталған зілтеміршілеріміздің қаны қандай жағдайда тексерілді деп сұраған бірде-бір құзырлы орын болмай тұр. Және ол құтыдағы қазақстандықтың қаны ма, оны да тексеруге ешкім батпай отыр.

Қазірдің өзінде Қазақстанның ауыр атлетикасы екі оттың ортасында қалды. Ал ел айналып, толғанған спортшылардың тағдыры қыл ұшында. Бұл істің ақ-қарасы 2 айдан соң анықталады. Ауыр жағдайға тап болған ауыр атлеттеріміз осы уақыт аралығында әлемді алдамағанын дәлелдеуі тиіс.

Тағы оқыңыздар:

Лилия Рахтың беделді де ауқатты достары

Қыздың пәктiгiне аса мән беріп, одан бас тарту қаншалықты дұрыс?

Атышулы сәнгер Лилия Рах 33 жастағы Өзбекстан азаматын ұрлады деп күдіктелуде

Дінтанушы: Еліміздегі сәләфилер жылт еткен ақын, әнші, спортшыны өз қатарына қосып алады

Әкімдер Олимпиада жүлдегерлеріне жарысып көлік сыйлап жатыр (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1231380-vladimir-sedov-qanynan-doping-tabylgh.html