RU

Баспаналы болатынын 1 күн бұрын естіген шымкенттік мұғалімнің қуаныштан жүрегі жарыла жаздады (фото)

ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтың қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алған шымкенттік жас мұғалім баспаналы болғанына әлі сене алар емес.

Тіпті жас маман үйлі болатынын баспана кілтін табыстау рәсіміне бір күн қалғанда естіп, қуаныштан жүрегі жарыла жаздағанын жасырмайды, деп хабарлайды өңірдегі NURKZ тілшісі.

Шымкентте білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Талғат Ешенқұлов пен облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, өңірдің бас педагогы Қуандық Құлажанов және аймақтағы білім саласының қызметкерлері қатысты.

Кеңес соңында аймақ басшысы білім саласында ерекше көзге түскен ұстаздарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Сонымен қатар Атамқұлов өңірдегі үш ұстазға екі және үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Яғни, Шымкенттегі №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бағлан Баймаханов 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізсе, ал №23 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Жанар Мұстафаева мен №55 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Муккарам Тұрғынова 2 бөлмелі пәтерге ие болды. Қолдарына кілт ұстаған мамандар енді «Нұрсәт» шағын ауданындағы жаңа көпқабатты үйлердің тұрғындары атанатын болды.

Алты жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп, әбден азаптанған 29 жастағы маман Бағлан Баймаханов тегін пәтерге қол жеткіземін деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмегенін жасырмады. Үш баланың әкесі атанып отырған ол биліктің өзін елеп-ескеруіне шексіз риза.

«Меніңше биліктің бұл қолдауы мен секілді жас мамандарға өте қажет-ақ. Пәтерді әлі көрмедім. Құдай қаласа, қоныс аударуға асығып тұрмын. Шынымды айтсам, баспаналы болатынымды бір күн бұрын ғана білдім. Қоңырау шалып, «Ертең осы шараға келіңіз, пәтерлі боласыз» деді ұйымдастырушылар. Қатты қуандым. Бірден әке-шешеме жағымды жаңалықты жеткіздім.

Ешқандай көке-жәкем жоқ. Қарапайым ғана отбасыдан шыққанмын... Бәлкім бұл сый балаларымның несібесі шығар. Әйтпесе мен секілді сан мыңдаған ұстаз бар ғой...», - деді су жаңа пәтерге ие болған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Баймаханов.

Тағы оқыңыздар:

Құралай Нұрқаділованың үйі тәркіге алынып, сатылымға қойылды

Есіктегі топ болып зорлауға қатысы бар соңғы күдікті ұсталды

Ғани Қасымов қыздардан жүзін "иттің тұмсығына" айналдырмауды өтінді

Қазақстанда жеті ата туралы мәлімет жинайтын мобильді қосымша пайда болды

Шымкентте бала сатуды бизнеске айналдырған акушерлер сотталып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1231873-baspanaly-bolatynyn-bir-kun-qalghanda.html