RU

Назарбаев Олимпиада чемпиондарын «Барыс» орденімен марапаттады (фото)

«Қазақстан» орталық концерт залында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХХІ жазғы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерін тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Біз бұл жүлделердің артында үлкен еңбек тұрғанын жақсы білеміз. Бұл дүбірлі додаға әлемнің мықты деген спортшылары қатысады. Кез келген медаль, қандай болса да, бұл – үлкен еңбек. Сондықтан мен спортшыларды жеңісімен тағы құттықтаймын. Елімізге осындай қуаныш әкелгені үшін алғысымды білдіремін», - деді елбасы.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен боксшы Данияр Елеусінов, суға жүзуші Дмитрий Баландин және зілтемірші Ниджат Рахимов марапатталды. Осы орденді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов тақты. Бұл спортшылардың жүлдесін мемлекет басшысы алтынға теңеді.

Сонымен қатар, елбасы Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегерлері боксшы Иван Дычконы, палуан Гүзел Манюрованы, зілтемірші Жазира Жаппаркұлды, дзюдошы Елдос Сметовті «Парасат» орденімен марапаттады.

Ал Отгонцэцэг Галбадрах, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ларионова Екатерина, Эльмира Сыздықова, Фархад Харки, Дариға Шәкімова «Құрмет орденіне» ие болды.

Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.

Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Жалпы командалық есепте қазақ елі 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд жаңартты.

Бұған дейін еліміз Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Бейжіңде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатын. Ал осы жолы ұлттық құрама 17 жүлдені жеңіп алды.

Олимпиада ойындарында спортшыларымыз Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов және Дмитрий Баландин алтын алды. Ал Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Гүзел Манюрова күміс медальға қол жеткізсе, Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова қола жүлдені еншіледі.

5-21 тамыз аралығында өткен Рио Олимпиадасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты.

Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев: Ниязымбетов пен Левитті Олимпиаданың алтын жүлдегері деп санау керек (фото)

Жұма сайын мешітке барып, дұға тілеген орыс әйелдің ұлы ауыр сырқаттан жазылып кетті

Павлодар облысында келіншек 16 жастағы қызын жүкті қылып қойған көңілдесін кешіре салды

Атышулы кәсіпкер әйел Лилия Рахқа қатысты тұтқындау туралы қаулы өзгеріссіз қалды

Шетелдік блогер жымиып күлген қазақ бүлдіршінін әлемдегі ең бақытты бала деп атады (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1233432-nazarbaev-olimpiada-chempiondaryn-b.html