RU

200 келілік балақай арықтап, мектепке қатынай бастады

Арья Пермана есімді балақайдың шектен тыс толысқаны соншалық, ол жүріп-тұрудан қалған. Тек бірнеше апта бойы қатаң диета ұстап, түрлі дене жаттығуын жасаған соң аздап салмақ тастай бастады. Индонезиялық балақай небәрі 10 жаста. Оның бұрынғы салмағы – 30 стоун 23 фунт (200 келі 444 г).

Бұл туралы dailymail.co.uk порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Арья Пермана есімді балақайдың толысқаны соншалық, ол төсек тартып жатып қалған. Алайда жаңа диета мен дұрыс күн тәртібінің арқасында ол  қазір 5 келіге жақын артық салмақтан арылды. Бүгінгі таңда өзіне арнайы мектеп формасын тіктіріп, ел қатарлы сабаққа барғанына қуанып жүр.

Балақай бүгінде диетолог мамандардың көмегіне жүгіну арқылы салауатты өмір салтын қатаң ұстанады. Түрлі тағамнан бас тартып, бір орында жаттығу жасауды үйренді. Осыдан кейін тұрақты түрде артық салмағынан арыла бастаған.

Арьяның үнемі қарны ашып жүреді екен. Ол күнделікті бес уақыт күріш, балық, сиыр еті, көкөніс сорпасы мен Tempeh соясын жейді. Бір отырғанда екі адамның үлесімен тамақтанады. Оның осылайша жылдам артық салмақ жинауынан қорыққан әке-шешесі қатаң диетаға отыру тәртібін қолға алған. Олардың еңбектері нәтижесіз емес. Балақай қатарластарынан қалмай мектепке баратын болған.

"Менің қуанышымда шек жоқ. Өзімнің қаншалықты бақытты екенімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мектепке барғанды ұнатамын. Бұл жерде маған барлығы жылы шырай танытады. Мұғалімдер жылы сөздер айтып, үнемі қолдау көрсетеді. Өзіме көптеген жасқы достар тауып та үлгердім. Олармен бірге ойнаған да ұнайды", – дейді Арья.

Арья күн сайын 6 минут серуендеп, ауыр заттар тасиды және қалағанынша суда жүзеді.

"Біз оған арнайы диета бағдарламасын ойластырдық. Оны бір ай бойы ұстануға кеңес бердік. Тұтынатын тамағының мөлшерін азайтып, физикалық жаттығуларды көбейттік. Мұнымен қатар, белгілі бір ұйықтайтын уақытты тағайындадық. Алайда бұл бағдарламалар уақыт өте келе жаңартылып отырады. Мұның барлығы оның физикалық жай-күйімен байланысты. Ол көп жүріп, ойнаған сайын, бойындағы майлар тер арқылы сыртқа шығады", - дейді дәрігерлер.

Арья қандай қиындыққа душар болмасын, ата-анасы оның артық салмақтан арылып, жұрт қатарына қосылып кететініне бір де бір рет күмән келтірмепті.

"Баламның салмағы жылдам арта бастаған соң, біз қатты уайымдадық. Бірақ дәл қазір дәрігерлердің оған көмектесіп жатқаны үшін шексіз қуаныштымыз. Ол, расымен де, артық салмақтан арылып келеді. Мен оның өзге балалар секілді дені сау болып, жүзіне тек күлкі үйірілгенін қалаймын", – дейді Арьяның 35 жастағы анасы Рокайя Сомантри.

Ол осыдан 3 жыл бұрын мектепте оқып жүрген кезінде жүре алмай қалған екен. Осыдан кейін үйде жатып білім алған. Алайда дәл қазір өзінің табандылығының арқасында 18 шілде күні Cipurwasari мектебіне қабылданды. Сол жерде тегін білім алуына болады.

"1-2 сынып оқып жүрген кезде ол жылдам қозғалатын. Алайда 3 сыныпқа келгенде шектен тыс семіріп, үйге алып кетуімізге тура келді. Ол үйде жатып теледидар қарап, ұялы телефонмен ойнайтын. Дәл осы кезде жүрегіміз қатты ауырған еді", – дейді Арьяның 45 жастағы әкесі Аде Сомантри.

Арья мен оның ата-анасы балаларының арманы орындалып, болашақта машинист болады деген үмітте. Кезінде қозғала алмай қалған бала қазір  ел қатарлы мектепке барып, сыныптастарының қасында өзін еркін сезінеді. Мұнымен қатар, бар уақытын жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдарды меңгеруге жұмсап, машинист болу үшін еңбектеніп жүр.

"Оның арманына қол жеткізетініне толықтай сенімдімін", – дейді әкесі.

Арьяның мектеп формасы жоқ. Дәл қазір Батыс Яваның Karawang білім департаменті оған арнайы мектеп формасын тіктіріп жатыр. Бұдан өзге, оған арнайы үстел мен орындық жасалуда.

"Мен өзге сыныптастарыммен қатар отыратын боламын. Бірақ маған жуырда жеке парта жасап беруге уәде берді", – деп күлді Арья.

Енді Арья түскі асқа жеміс-жидектер мен сусын ғана тұтынбақ. "Дәл қазір тамақты аз мөлшерде ішіп жүргенім өзіме байқалмайды. Осыған қарамастан өзімді жақсы сезінемін. Бұрынғыдай үнемі қарным ашпайды. Қазір еркін қозғалып, дұрыс тамақтанудың ләззатын сезініп жүрмін", – дейді ол.

Арья отбасындағы екінші ұл. Ол үй жағдайында 3,2 келі салмақпен дүниеге келген. Балақай небәрі 2 жасында артық салмақ жинай бастаған. Ата-анасы бастапқыда оның томпақ дене-бітімін қызық көріп, кейіннен арықтап кетеді деп еш қорықпаған.

"Ол менің бірінші ұлым мен ауылдағы балаларға қарағанда әлдеқайда толық болды. Алайда мұның кері әсері болуы мүмкін деп ешуақытта ойламаппын. Керісінше оның томпақтығы өзіне жарасып тұратындай көрінетін. Біз оның бұл дене-бітімін көпке дейін қызық көріп жүрдік. Уақыт өте келе мамандар көмегі қажет екенін түсіндік", – дейді анасы.

Рокайя мен Аде ұлдарын Батыс Яваның Cipurwasari ауылындағы бірнеше дәрігерге көрсеткен. Десе де, мамандар оның шектен тыс семіздігінен денсаулығын кері әсер тигізетіндей ешнәрсе таппапты.

"Дәрігерлер "Егер бізге сенбей денсаулығында кінәрат бар деп ойласаңыздар, кез келген жақсы маманға апарсаңыздар болады" деді. Мен қарапайым ферма қызметкерімін. Ақша табуға қатты қиналамын. Табысым отбасындағы бір айлық шығынды әрең жабады. Ұлымды емдеу үшін соңғы тиын-тебенімді жұмсадым. Оны қарны тойғанша тамақтандыру сондай қиын. Бір шетінен бауыр етің балаң болған соң аш қалдыра да алмайсың. Оған тамақ алып беру үшін елден қарыз сұрайтын жағдайға дейін жеттім. Дәл қазір ақшам қалмағандықтан, оны қымбат ауруханаларға көрсете алмаймын. Балам күндердің бір күндерінде бұл дертінен толықтай айығады деген үміттемін", – дейді баланың әкесі.

Тағы оқыңыздар:

Қазақстаннан кеткен америкалық азамат Шымкентті сағынып жүргенін айтады

Шымкентте күйеуі бес баласымен тастап кеткен әйелдің өмірі бір-ақ күнде өзгерді

Мұхтар Тайжан: Қазақ тілін білмейтіндер биліктен кетсін!

Жазира Жаппарқұл Олимпиада жүлдесі үшін алған қаржысын түгел сіңілісінің еміне жұмсамақ

Шымкент тұрғыны құдасының мойнына шыққан ісікті көлбақамен қайтарды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1234293-200-kelilik-balaqay-aryqtap-mektepke-qa.html