RU

Араб шейхы ақтөбелік зергерден 1 мың долларға оюлы білезік сатып алған (фото)

Күмістен ою ойып, түрлі зергерлік бұйымдар дайындайтын ақтөбелік шебер Болат Атыраубаев қазақтың ұлттық әшекейлеріне шетелде сұраныстың жоғары екенін айтады.

Бұл туралы Aktobenews басылымы жазады.

«Биыл Кувейт мемлекетінде болып қайттық. Әлімнің 40 елінен қонақтар келіп, үлкен дәрежедегі халықаралық көрме болды. Менде ол жақта «қазақтың өнерін, мәдениетін қалай бағалар екен» деген ой болды. Себебі біздің өзіміз ұлттық өнерге енді ғана ден қойып жатырмыз. Бірақ Кувейт еліне барғанда қатты таң қалдым. Олар оюлы зергерлік бұйымдарға қатты қызықты. Әсіресе, қара хиджаб киіп алған қыздар арасында қазақы ою салынған бес білезікке сұраныс жоғары болды. Бір қара киім киген қыз қайта-қайта келіп қарап, екінші күні келгенде сатып алып, біздің ұлттық әшекейлермен бірге суретке түсіп кетті. Шейхтер ою түскен, үлкен көздері бар күміс сақиналарға қызығады. Қолдарына 2-3 сақинаны қатар тағып алып кетеді. Түркияда қыздарға қарағанда ер адамдар сақиналарға құмар», — дейді Болат Атыраубаев.

Шебер шетелдіктердің қазақстандықтар туралы көп білетіне таң қалған.

«Кейбіреулер сырт елдерге шығып едік, Қазақстанды ешкім білмейді» деп жатады. Керісінше, мен 5-6 мемлекетте болдым «Қазақстан, Президент Назарбаев» деп біздің ел туралы айтып отырады. Өзім сыртқа үнемі ұлттық киім киіп шығамын. Туды жанымызға қойып, ұлттық бұйымдарымызды жайып қойғанда қасымызға келіп адамдар селфи жасап жатады. Шығармашылық адамдары шетелге көбірек шығу керек. Өзге елдің шеберлерінің жұмыстарын көресің, рухани демалып қайтасың. Көрме кезінде шеберлік сабақтары өтіп жатады. Бұл біз үшін үлкен олжа», — дейді ол.

Шебер қазір зергерлік жұмыстармен қатар зерттеу жұмыстарын да қолға алып жүргенін, жаңа топтамасына батыс өңіріне сай салмақты бұйымдар жасап жатқанын айтады.

«Шетелден тапсырыспен қолөнер бұйымдарын сұрайтындар бар. Бірақ тасымалдауда құжат жасатудың машақаты көп. Шетелге көрмелерге шыққанда сұраныстың көп екенін көріп, қазақ өнерінің жоғары бағаланатынын байқаймын. Қазақстанда ең қымбат зергерлік бұйымды 300 мың теңгеге дейін саттым.  Кувейт елінде шейхтар салмақты білезікті  1 мың долларға сатып алды. Мұндай қаржыға зергерлік бұйымдарды шынайы қолөнерді түсінетін адамдар алады», —  дейді Болат Атыраубаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1235480-arab-sheykhy-aqtobelik-zergerden-1-mynh.html