RU

Күтушіден таяқ жеген сәбидің анасы: Күтушінің қатты ұрғаны сонша, балам үш күн бойы есін жиған жоқ

Алматыда бала күтуші әйел бір жастан енді асқан сәбиді өлімші етіп сабады деп айыпталуда. Ауыр соққылардан басы жарылған бөбек жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Нәресте 3 күн бойы комада жатса да, оны есінен танғанша ұрған келіншекті тергеушілер жайына қоя беріпті. Қайғыдан қан жұтқан ана баласына қол жұмсаған адамды жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.

Бір жастан енді асқан Мансұрдың қазіргі жағдайы аса ауыр. Басы жарылып, бір көзі ашылмай қалған. Анасының айтуынша, әлі сөйлей де алмайтын сәбиді бала күтушісі оңдырмай сабап жіберіпті.

"Миына қан кеткен. Күтушінің қатты ұрғаны сонша, балам үш күн бойы есін жиған жоқ. Дәрігерлер ота жасап, сынған бас сүйегін алды. Енді не істерімді білмей отырмын", - дейді Мансұрдың анасы Жұлдыз Құтжанова.

Көгала қойдай боп таяқ жеген бала денесін ауырсынып әрең жатыр. Бала күтушінің жауыздығы сонша, құлағын тістелеп қанатқан. Дәрігерлер басынан ине іздерін де тауыпты. Сәбиді есінен танғанша ұрған күтушінің аты Толқын екен. Тараздық келіншек Мансұрды жалдамалы үйде баққан. 22 жастағы анасы Жұлдыз оны осында қалдырып, өзі қалада тұрыпты. Ал күтушінің үйінде күнде ұрыс-жанжал екен.

"Көрші түнде бірдеңені дүңкілдетіп, баланы ұрған сияқты, бала қатты жылады деді. Сосын бірден баланың дыбысы өшіп қалды деді. Толқын тура бір жыл болды келгеніне. Үнемі ұрысып жатады не сіңілісімен төбелесіп жатады", - дейді бала күтушінің көршісі Айман Жорабекова.

Ал есін жоғалтқан баланы көршілері тек таңға жуық көріпті. Жедел жәрдемді де сонда ғана шақыртқан.

"Баланы қолына ұстап алған жерде жатыр. Бала сұлқ түсіп жатыр. Ес-түсін білмейді. Көзі ала-бұла болып, «не болды бұған» деп едім, «мынау өстіп қалды» деді, «білмеймін өзінен өзі» деді. Скорыйдағылар памперсін шешсе, бұтына боғы қатып қалған. Оны суық сумен жуып-жуып сомен скорый алып кетті", - дейді бала күтушінің көршісі Айман Жорабекова.

Көршілерінің айтуынша, күтуші әйел балаға жүрдім-бардым қараған. Сәби көбіне далада өзімен өзі ойнап жүріпті. Оқиға бір ай бұрын болған. Десе де, нәрестені ұрып талдырған келіншек жалдамалы пәтерінде әлі де қаннен-қаперсіз тұрып жатыр екен.

Жұмыссыз әйел ақыға басқа да балаларды бағып жүруі мүмкін. Десе де, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тергеушілер тіпті мына жантүршігерлік жағдайдан соң да қаладан кетпеу жөнінде тілдей парақ алып, бала күтушіні жайына қоя берген.

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбедегі теракт: Шабуылдан көшеде «бас тартқан» діндардың хикаясы

Қазақстан балуандары Бейжің мен Лондон Олимпиадасында алған медальдарынан айырылуы мүмкін

Құлсарыдағы қос ғашықтың бір-біріне деген адалдығына ел сүйсінді (фото)

Рио Олимпидасының қола медалі қазақстандық ауыр атлет Денис Улановқа берілуі мүмкін

Мұхтар Шахановтың өлеңін қазақша жатқа оқыған орыс қызы елді тәнті етті (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1236165-balasy-kutushiden-tayaq-zhegen-ana-kutush.html