RU

Өзбекстан халқы Каримовке еліне сіңірген еңбегі үшін алғыстарын жаудыруда

Өзбекстандықтар ел президенті Ислам Каримовке Instagram желісінде алғыстарын жаудыруда.

"Біздің алғашқы әрі керемет президент! Бұған сенгіміз келмейді, өкініш пен қайғы көкірегімізді кернеп барады. Соңғы 25 жылда мемлекет басшысының ел үшін қандай еңбек еткенін тізбектеуде ондаған жазба қалдырудың өзі жеткіліксіз. Дегенмен сіз соңғы үш күнде халқыңызды біріктіре түстіңіз деп айта аламын. Бұл тек нағыз көшбасшының қолынан келеді! Біздің сүйікті Өзбекстандағы ашық аспан үшін сізге алғыс айтамын! Есіміздесіз, мақтан тұтамыз", - деп жазған желі қолданушыларының бірі.

"Біз соғысты білмей келгеніміз үшін рақмет", - деген жазбалар да жиі кездесуде.

Халқы Каримовке елге лайық басшылық еткені үшін алғыстарын жаудырды.

"Ол бізге еркіндік сыйлаған күні кетті", - деп жазған Instagram қолданушысы.

Айта кетерлігі Түркия премьері Каримовтің қазасына орай көңіл айтып үлгерген. Ал Reuters ақпарат агенттігі үш дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, Каримовтің қаза болғаны туралы хабарлаған болатын.

27 тамыз күні Каримовтің миына қан құйылып, емханаға түскен болатын. Өзбекстанның оппозициясы Каримов банкетте тым көп ішімдік ішкеннен кейін емханаға түсті деген ақпарат таратты.

Каримов 1991 жылдан бері Өзбекстан президенті болып келді. Ал 1990 жылдың наурызында Өзбек КСР басшысы болған. Кеңестік кезеңде Өзбекстан Коммунистік партиясының Бірінші хатшысы (1989-1991 жж), Өзбек КСР президенті (1990-1991 жж), республиканың Қаржы министрі қызметтерін атқарды. Оның артында екі қызы - Лола мен Гүлнар қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1239713-ozbekstan-khalqy-karimovke-eline-sinhi.html