RU

Назарбаев әлемдік экономиканы қалай жандандыруға болатынын айтты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G20 саммитіне қатысты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммитінің үмітке толы күрделі кезеңде өтіп отырғанын атап өтті.

"Әлемдік экономиканың, сауда мен капитал қозғалысының өсу қарқыны баяулап келеді. Ол миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі төмендеуіне және әлемдік экономиканың фрагменттелуіне алып келетін трансқұрылықтық жаңа сауда-инвестиция бірлестіктері құрылуда. Бұл үдерістер жаһандық экономикадағы ықпал аймағы үшін күрестің жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін", – деді Қазақстан президенті.

Елбасы жаһандық дамудың бұдан арғы жолы негізінен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың іс-қимылының жүйелілігіне байланысты екенін айтты.

Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы және қаржыны халықаралық тұрғыдан реттеудегі басты рөлді біртұтас жаһандық ұйым атқаруы тиіс деген пікір білдірді.

"Ондай құрылымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы қалыптастыруға болады. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші функциялары жүктелуі керек", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта монетарлық, фискалдық саясатты үйлестіру мен құрылымдық реформалар жүргізудің маңыздылығын, алайда ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл да жеткіліксіз екенін айтты.

"Дамушы елдерді қоса алғанда, бүкіл әлемде айырбас бағамын тұрақтандыруға қатысты неғұрлым тиімді ұсыныстар әзірлеу қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлемдік экономиканы жандандыруға бағытталған шара ретінде жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім артуды ұсынды.

"Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Ол міндетті тек қана инклюзивтілік принциптері арқылы іске асыра аламыз. G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек. Мәселен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын бір нұсқа ретінде қарастыруды ұсынамын. Ол 140 мемлекеттің 30 мыңнан астам сарапшысының басын қосып отыр", – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімінің және «жасыл экономика» қағидаттарының іске асуына Қазақстанның белсенді қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

"2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Сонымен қатар, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамын. Онда БҰҰ-ның қолдауымен тиісті іс-шаралар өткізуге болар еді", – деді Қазақстан президенті.

Соңында мемлекет басшысы Қазақстанның осы замандағы мейлінше өзекті проблемаларды шешу жолдарына қатысты ойларын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы жеткізгенін, сондай-ақ манифест идеяларын іске асыру мен ядролық және жаппай қырып-жоюға арналған өзге де қару түрлерінен азат әлем қалыптастыру бастамасы ұйым тарапынан қолдау табады деп үміттенетінін айтты.

"Терроризмді толық жеңу үшін G20-ның барлық мүшелері мен басқа да мүдделі елдердің бірлесе күш жұмылдыруы жақсы бастама болар еді. Бүкіл әлем қоғамдастығы осыны күтеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тағы оқыңыздар:

БАҚ Ислам Каримовтің қос қызының көл-көсір байлығын жария етті (фото)

Шахмат федерациясы Бибісара Асаубаеваның Ресей құрамасына ауысуына пікір білдірді

Жуырда ғана 14-ші баласын дүниеге әкелген ақтөбелік ана әлі күнге дейін баспанасыз жүр

Астанада мектепке ақ бантиксіз барған оқушыны "ленейкаға" қатыстырмай қойған

Ақтөбеде "оттама" дегені үшін әкімнің орынбасары жауапқа тартылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1240885-nazarbaev-alemdik-ekonomikany-qalay.html