RU

Қазақстан құрамасы нағыз сенсация жасап, Польшамен тең түсті (фото, видео)

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін тең нәтижемен бастады деп хабарлайды Bnews.kz.

Талғат Байсуфинов шәкірттері бірінші таймда 0:2 жеңілгенімен, екінші кезеңде таразы басын теңестіріп, бір ұпайға қол жеткізді.

Талғат Маруанұлы алғашқы минуттан алаңға Стас Покатилов, Елдос Аxметов, Александр Кислицын, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Мақсат Байжанов, Бауыржан Исламxан, Серікжан Мұжықов, Сергей Хижниченконы шығарды. Екінші таймда Азат Нұрғалиев, Ринат Абдуллин, Асxат Тағыберген ойынға араласты.

Матчқа тоқталатын болсақ, кездесудің 10-минутында Англияның "Лестер" клубында ойнайтын Бартош Капустка қазақстандық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, командасын алға шығарды.

Одан соң, матчтың 35-минутында қорғаушыларымыз өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Айып добын тепкен команда капитаны Роберт Левандовски мүлт кетпеді.

Бұдан кейін екі команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алмады. Осылайша, үзіліске қос құрама 0:2 есебімен тарқасты.

Ал екінші таймда Қазақстан футболшылары естерін жинап, бірден шабуылға көшті. Матчтың 51-минутында сол қапталдан Дмитрий Шомконың әуелетіп берген добына бірінші жеткен Сергей Хижниченко есеп айырмасын бір допқа қысқартты.

Жерлестеріміз шабуылдарын бәсеңдетпей, арада сегіз минут өткенде екінші допты соқты. Бұл жолы да Сергей Хижниченко көзге түсті. Оған ұтымды пасты жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов шығарып берді. Сөйтіп, Қостанайдың "Тобыл" командасының шабуылшысы дубльдің авторы атанды.

Еске сала кетейік, 25 жастағы шабуылшы ұлттық құрама сапындағы өзінің 39-ойынында сегізінші голын соғып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан Әлем чемпионатының Еуропа құрлығы бойынша iріктеу кезеңінде Е тобына түскен. Біздің топта Польшадан бөлек, Дания, Черногория, Армения, Румыния құрамалары бар.

Тағы оқыңыздар:

БАҚ Ислам Каримовтің қос қызының көл-көсір байлығын жария етті (фото)

Шахмат федерациясы Бибісара Асаубаеваның Ресей құрамасына ауысуына пікір білдірді

Жуырда ғана 14-ші баласын дүниеге әкелген ақтөбелік ана әлі күнге дейін баспанасыз жүр

Астанада мектепке ақ бантиксіз барған оқушыны "ленейкаға" қатыстырмай қойған

Ақтөбеде "оттама" дегені үшін әкімнің орынбасары жауапқа тартылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1240969-qazaqstan-quramasy-polshamen-tenh-tus.html